Облыс әкімі медицина қызметкерлерін құттықтады

5136

0

Фото: облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Мерекелік іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев арнайы келіп қатысты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мемлекет медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, денсаулық сақтау саласын дамытуға баса назар аударады. Ұлт саулығы – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы мемлекеттік саясатымыздың аса маңызды бағыты» деп айрықша атап өтті.
Бүгінде аймақта халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету, дәрігер мәртебесін арттыру үшін қажетті шаралардың барлығы жасалуда. Өткен жылмен салыстырғанда өңірде сәби өлімі 13%, қан айналым жүйесінің ауруынан болатын өлім-жітім 16,9%, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 4,7% төмендеді. Бұл – Президентіміз бен Үкімет тарапынан медицина саласына көрсетілген тұрақты қолдаудың жемісі. Ауру көрсеткішінің төмендеп, оң динамиканың қалыптасуы – халыққа қалтқысыз қызмет еткен ақ халатты абзал жандардың еңбегінің нәтижесі. Біз мұнымен тоқтап қалмай, ауылдық жердегі медициналық қызмет сапасын, әлеуетін көтеруге бар күш-жігерімізді жұмсаудамыз. Осы мақсатта тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру шаралары кешенді жүргізілуде», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыс әкімі медицина қызметкерлерін құттықтады

Салтанатты іс-шарада ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев әріптестерін құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Бірқатар сала қызметкеріне Денсаулық сақтау министрлігі мен облыс әкімінің марапаттары табысталды.

Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты.

Облыс әкімі медицина қызметкерлерін құттықтады

Айта кетейік, биыл өңірдің медицина саласында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 11 млрд. теңгені құрайтын 27 нысан салынуда. Өткен жылы елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет пайдалануға берілді. Қалған 11 нысан жыл соңына дейін халық игілігіне табысталады.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Қызылорда қаласының Досан елді мекенінде медициналық бекет, Баймұрат батыр ауылында дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді. Көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Облыс орталығында 36 млрд. 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүруде.

Осы кезге дейін жеке ғимараты болмаған облыстық Қан орталығы жақын күндері ел игілігіне табысталады. Ғимарат құрылысына республикалық бюджеттен 2 млрд. 900 млн. теңге қаржы бөлінді.

Жергілікті бюджет есебінен 922 млн. теңгеге Жаңақорған ауданында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсектік ауылдық аурухана салынуда. Шиелі ауданында 30 төсектік инфекциялық бөлімше құрылысы басталады. Таяуда Жаңақорған ауданындағы көпбейінді аудандық орталық аурухана базасында, жыл соңына дейін Арал ауданында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылады.

Облыс әкімі медицина қызметкерлерін құттықтады


Аймақ медицинасын дамытуға бюджеттен тыс ресурстар да тартылған. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 2 млрд. теңгеден астам қаржы бағыттады. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитация орталығы ашылып, аса қымбат дәрі-дәрмек алынды. Қор облыстық онкология орталығына 1 млрд. 100 млн теңге тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенді сыйға тартты. Мұндай кешен республиканың 3 өңірінде ғана бар. Бүгінде жылжымалы кешен облыстың шалғай елді мекендерін аралап, 1300-ден астам тұрғын онколог кеңесін алды. Әрі қарай да аймақ тұрғындарына медициналық көмек беруді жалғастырады.

Облыс әкімі медицина қызметкерлерін құттықтады


Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін мамандар біліктілігін арттыру назардан тыс қалған емес. Биыл 10 реаниматолог және 5 кардиолог маман Түркия еліндегі жетекші медициналық ұйым – «Мемориал» клиникасында білім жетілдірді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<