Елімізде орын алған жағдайға байланысты өңірде «Донор бол!» науқаны жүрді. Акцияның мақсаты – лаңкестік әрекеттен зардап шеккен жандарға көмектесу. Осы тұста белсенді жастар облыстық қан орталығына барып, қан берді. Сондай-ақ, облыс орталығындағы барлық медициналық мекеме қызметкерлері, «Қазақстан темір жолы» жұмысшылары және Сырдария ауданы Шаған ауылының әкімі бастаған еріктілер қан беріп, донор болған.
5 қаңтардан басталған іс-шарада жай күндерге қарағанда қан тапсырушылар 2-3 есеге артқан. Осының нәтижесінде медицина ұйымдары уақытылы қан компонентерімен қамтамасыз етілді.
Айта кету керек, облыстық қан орталығы мамандары да төтенше жағдайда өз өмірлерін қауіп-қатерге тігіп, жұмыс істеді. Тіпті қан тапсыратын донорларды үйінен автокөлікпен тасымалдау кезінде бұзақы топ тоқтатып, қорқытқан.
– 5 қаңтарда біздің қызметкерлеріміз өз өмірін қатерге тігіп, науқас жандардың өмірін сақтап қалу үшін тәулік бойы тынбастан еңбек етті. Төтенше жағдай кезінде бірқатар келеңсіздіктерге тап болды. Қан тапсыратын донорларды үйінен автокөлікпен тасымалдау кезінде орталық автокөлігін ұйымдасқан бұзақы топтар тоқтатып, қорқыту фактісі және шеру кезінде полициядан қашқан кейбіреуі облыстық аурухана ғимаратының маңына қашып келіп, бой тасалауы қызметкерлер өміріне қауіп төндірді. Осыған байланысты жедел түрде мекеме қызметкерлерінің ер азаматтарынан құралған күзет тобын құруға мәжбүр болдық, – дейді орталық директоры Серік Игенбаев.
Қаңтардың 5-11-і аралығында мекеме қызметкерлері 502 донордан 224 доза эритроциттік қоспа мен 134 доза жаңа мұздатылған плазма дайындаған. Орталық қызметкерлерінің үздіксіз жұмыс істеуі нәтижесінде емдеу ұйымдарының сұраныстары уақытылы орындалып, науқастар қажетті мөлшердегі қан компоненттерімен қамтамасыз етілген. Бүгінде акция өз мәресіне жетті. Орталық мамандары қиын сәтте көмек қолын созған еріктілерге ризашылық білдіріп, алғыс айтады. Бір тамшы қан өмірді құтқарады!
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<