Наурыз айында елде төтенше жағдай жарияланып, вирус шықты дегенде үрке қорыққан жанның бірі едім. Дереу дәріханадан маска мен резеңке қолғап, антисептик, хлор сатып алып, сақтық шараларын бұлжытпай орындап жүрдім. Жұмыста жаныма ешкімді жолатпай, оқшаулана беретінмін. «Неге қорқасыз, ондай вирус жоқ» дегендерге «олай демеңдер, бар, сақтану керек» деп шыр-пырым шығатын.
Үйді де жиі-жиі тазалап жүрдім. Бір күні кешқұрым кенеттен жүрегім айнып, құсқым келді. Дене қызуым көтеріле бастады. Әрі-бері шыдамдық танытуға тырыстым. Болмаған соң жедел жәрдем шақырттым. Жедел жәрдем келгенде дене қызуым болмады. Олар алғашқы көмегін көрсетіп, аймақтық дәрігерге қаралуым керегін ескертті. Ертесіне терапевтке көрінгенде, сынама тест тапсыруымды сұрады. Үшінші күнге қарағанда дене қызуым қайта-қайта көтеріліп, құрғақ жөтел жиілей берді.
Ауруханада көп уайымдағаннан болар, қан қысымым түспей қойды. Тамаққа тәбетім тіпті жоқ. Бұрын-соңды ауырып, жұқпалы аурулар бөліміне жатпаған соң мұндағы дәрігерлер мен медбикелердің қырағы қызметі таңғалдырды. Ішкі тәртібі, ас мәзірі, ем-домды белгіленген уақыттан кешіктірмей жасауы, тазалығы, жиі-жиі жағдайыңды сұрап, жаныңнан табылатыны, бәрі-бәрі еш кемшіліксіз көрінді. Психологиялық дәріс оқып, көңіл-күйімізді көтеріп отырды. Бас дәрігер Бақытжан Нысанбаевтың қамқорлығын қалай айтпайын? Күн сайын мен секілді әр пациенттің жанына келіп, атын атап, дәрігер емес, жанашырындай жағдайын сұрауы нағыз мамандығына адал азамат екенін аңғартады. Қиналғанда, ауырғанда басқалардың саған ерекше көңіл бөліп, жақсы сөз айтып демегені қуат болады екен. Ұлым биыл мектепті «Алтын белгіге» бітірді. ҰБТ тапсыруға бір күн қалғанда ауруханаға түстім. Ана жүрегім баламды ойлайды, ол маған алаңдаулы. Балам жақсы балл жинап, қуантты.
Кейде мен бұл дертті өзіме ой арқылы шақырып алғандай көремін. «Маған жұқса ше, ауырып қалсам не болады?» деген жағымсыз ойым ақыры соған жеткізді. «Керісінше мен мықтымын», «мен ауырмаймын» деген сөзді жиі айту, көңілді жүру керек екен.
Дәрігерлердің қызметіне қарап қуанасың да, жаның да ашиды. Олар біз секілді қанша науқастың тез айығуы үшін тынымсыз еңбек етуде. Сондықтан ақ халаттылар тарапына артық әңгіме айтпай, қолдау білдірулеріңізді сұраймын. Қазір әлеуметтік желіде «олай істе, бұлай істе, ананы іш, мынаны іш» деген кеңестер күрт көбейіп кетті. Адам өз бетінше әр нәрсені ішпей, дәрігердің ғана кеңесіне құлақ асқаны жөн.
Өз кезегімде аудандық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Сағилатұлына, ауданның бас санитар дәрігері Гүлнар Төлепбергеноваға, инфекционист Ұлықбек Абдулхамитов, Ержан Құрманалиев, Бейбіткүл Жаржановаға алғаусыз алғыс айтамын.
Гүлмира АЙБЫТОВА,
Қармақшы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<