ӨТКЕННЕН САБАҚ АЛУҒА ТИІСПІЗ

688

0

Қазір әлем бойынша вирусқа қарсы шаралар күшейтілуде. Еуропа мемлекеттерінде  мейрамханалар мен кафелер толықтай жабылуда, көптеген қалаларда кешкі уақытта үйден шығуға рұқсат беріліп жатқан жоқ. Бұл шараларды дұрыс деп есептеймін, өйткені, көптеген елдерде күн сайын дерт жұқтырған адамдар саны арифметикалық прогреспен өсіп жатыр.

«Коронавирус – бұл әдейі ойлап табылған оқиға, жергілікті билік осындай жолмен қорларды үнемдеуді немесе азаматтар белсенділігін бәсеңдетуді көздейді» деген әңгімені жиі еститін болдым. Күн са­йын таңертеңмен «Еuronews», «BBC» немесе «CNN» телеарналарын қосып тыңдағанда коронавирус  пандемиясының ау­қымды масштабтарын ес­тіп-біліп отырмыз. Барлық мем­­лекеттерде карантиндік шаралардың басты талабы – топ болып жиналмау, қолды жуып жүру, бетперде тағу, дене температурасын бақылауда ұстау, құқық қорғау органдары тарапынан бақылауды кү­шейту, мүмкіндігінше қарым-қатынастарды азайту.

Коронавирус туралы мен тек теледидар арқылы ғана таныс емеспін. Шілде айын­да отбасымызбен түгел ауы­­рып қалдық, сараптама қо­ры­­­­тындыларымен бізде коронавирус антителасы анықталған жоқ. Таныстарымның көпшілігі маған ауырып тұрғандар үшін енді қауіптілік жоқ деген уәж айтып, алаңдамауымды сұ­райды. Ал шын мәнінде көп­шілік  адам ауырып болды, екін­ші толқыны бәсең түрде өтеді, ауырғандар қайта жұқ­тырмайды деген пікірлердің бәрі – жаңсақ. Қазір саяхаттау мен мерекелер өткізуден на­ғыз бас тартатын кезең. Біз қа­былданған карантиндік шара­лардың Қазақстан экономи­касы үшін өте маңызды екенін жете түсінуге тиістіміз. Соның нәти­жесінде жұмыс орын­дары сақталып, келешекте қайта­дан мектептер ашылып, бала­бақшалар және барлық мекемелер жұмыс істейтін болады. 

Коронавирус –  бұл тез тарайтын және адамды санау­лы сағаттарда өлімге әкеп соқтыруы мүмкін өте қауіпті ауру. Таңертең ғана плитаның алдында ыңылдап ән салып, ұлыңмен бірге сүйікті құймақтарыңды пісіріп тұ­расың, ал біраздан кейін өзіңді өте нашар сезінесің. Сосын алдағы 21 күн бойы өлім мен өмірдің арасындағы арпалысты бастан кешесің. Ағым­нан жарылып айтайын, коронавирус  бұл нем­құрайлылық танытатын нәрсе емес.

Сондықтан барлық аза­мат­тарды үйінде болып, қарым-қа­тынасты барынша азайтып, бетперде та­ғуға қатысты азаматтық пози­цияң­ды ұстанып, каран­тин­дік шаралар талабын сақ­тап, өз денсаулығына жа­уап­­­кер­шілікпен қарауға шақырамын.

Анар ІЗДЕН,

Қызылорда облысы үкіметтік

 емес ұйымдарының альянсы

ассоциациясының төрайымы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<