Өз бетінше емделу ауруды өршітеді

1100

0

Аурудың жақсысы жоқ. Алайда, осы күні ең қорқыныштысы әрі ең қауіптісі коронавирус болып тұр. Әлем оның алдында әлсіз. Әзірге. Жұқпалы дерт тіліне, дініне, нәсіліне, ұлтына қарамай, жолындағыны жалмап барады.

Коронавирус кімдер үшін қауіпті? Олар – бес жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Д санатындағы науқастар. Д санатына тыныс алу, жүрек-қан тамыры жүйелерінің ақауы бар, қант диабетіне, семіздікке шалдыққан адамдар жатады.

Өйткені онсыз да әлсіз организмнің тағы бір ауруға қарсы тұруға қауқары қалмайды. Иммунитеті жоғары адамдарды індет айналып өтуі мүмкін. Олай болмаған күнде де ауруды жеңіл өткереді. Клиникалық белгілеріне байланысты COVID-19 симптомсыз, жеңіл, орташа, ауыр ағымдағы болып төртке бөлінеді. Симптомсыз түрі лабораториялық тексеру нәтижесінде ғана анықталады. Бірақ науқасты сау адамнан ажырату қиын. Түшкірмейді, жөтелмейді, дене қызуы көтерілмейді. Олардың денсаулығын үй карантині жағдайында екі аптаға дейін бақылаймыз.

Бүгінгі күні тұмау мен пневмония да асқынып тұр. Тұмау – маусымдық ауру. Негізінен қараша мен ақпан аралығында, күн суығанда кездеседі. Оның жазға ауысып, жұрттың жаппай сырқаттануы коронавирустың көрінісі болуы да мүмкін. Жөтеліп, дене қызуы көтерілгендер өз беттерінше үйде емделіп жатыр. Бірақ әр адамның организмі әртүрлі. Вирусқа қарсы дәрі қолданудың орнына көбі антибиотикті қолай көреді. Осыдан келіп ауруына ауру жамайды. Тәжірибеде мұндай жағдайлар жиі ұшырасады. Сондықтан дәрігердің ем тағайындауы тиімді әрі маңызды.

Өңірде коронавирус дерегі тіркелгелі бері медицина саласының қызметкерлері аурумен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Олар қорғаныс құралдарымен қамтылған. Дүниежүзін дүрліктірген дерттің бүгін-ертең тоқтауы екіталай. Сол себепті күрес те толас­тамайды.

Гүлнұр ІЛИЯСОВА,

№3 қалалық емхананың

эпидемиолог дәрігері,

Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<