«Өзімді сау адамнан кем көрмеймін»

805

0

Дәрігерлер кейбір дерттің алдында дәрменсіз. Емі табылмаған сондай аурудың бірі – АИТВ/ЖИТС. Әлемде қазір атынан ат үркетін тажал жабысқан 38 млн-дай адам өмір сүріп жатыр. Олардың саны Қазақстанда 41 мыңнан асса, Қызылордада 200-ге жетеғабыл.

Сергей – ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың 2015 жылдан бергі тұрақты емделушісі. Ауру екенін өзі де осы індетке шалдыққан досының айтуымен тексерілгенде бір-ақ біліпті. Сол кездегі көңіл-күйін сөзбен жеткізу мүмкін емес.

– Естігенде есеңгіреп қал­дым. Аспан айналып жерге түскендей болды. Көпке дейін өз-өзіме келе алмай жүрдім. Тек АИТВ-мен өмір сүретіндер одағының республикалық ла­геріне барғанда психологтар жақсы көмектесті. Өмірге көзқарасым өзгерді, – дейді кейіпкеріміз.

Адамзат баласына қауіп төндірген кесел туралы алғашқы мақала 1983 жылы 20 мамыр күні американдық «Science» журналында жарияланды. «Оны жұқтырған адамның алдында өлімге бастайтын жалғыз-ақ жол қалады» деп көрсетті автор. Ауруға әуелгіде «гомосексуалистер обасы», кейін «ХХІ ғасыр дерті» деп айдар тақты. Көпке созбай тиімді вакцина жасаймыз, сонда індет іргесін аулақ салады деп жанталасқан ғалымдардың әрекеті әлі күнге нәтижесіз. Өйткені иммунотапшылық вирусы – өте хамелеон вирус.

АИТВ мен ЖИТС ұғым­дарын көбі бірдей көреді. Шатас­тырып жатады. Шын мәнінде екеуі екі бөлек. АИТВ немесе ВИЧ (адамның иммундық тапшылық вирусы) – ауру тудырушы қоздырғыш. Ол адам қанына түскенде инфекция пайда болады. Бірақ сырт пішініне қарап науқасты сау адамнан ажырату мүмкін емес. АИТВ төрт сатыдан тұрады. ЖИТС немесе СПИД (жүре пайда болған иммун тапшылығының синдромы) – аурудың асқынған түрі. Соңғы сатысында иммунитет әбден әлсірейді. Жұқпалы аурулардың дамуына, ісіктің пайда болуына қарсы тұрудан қалады. Науқас өмірін төсек үстінде өткізеді. Ауру жұқтырудан бастап ол асқынғанға дейінгі аралық біраз жыл. Нақты қаншаға созылатыны науқастың күтіміне қарай.

Облыстық орталықтың бө­лім меңгерушісі Салтанат Балықбаеваның айтуынша, вирус өле-өлгенше адам қанында болады. Өзі өте тұрақты. Сондықтан одан біржола құт­қа­ратын екпе де, дәрі де ойлап табу мүмкін болмай отыр.

– Бірақ біз ұсынатын 20-ға жуық препарат вирустың өршімеуіне, иммунитетті кө­теруге, өмір сүру ұзақтығын арттыруға көмектеседі. Науқас тек емді өне бойы үзбей қабылдауы тиіс, – дейді ол.

Фармацевтиканың әзірге басты жетістігі – түрлі дәріні қолдануға қолайлы етіп топтастырғаны. 2006 жылы үш компоненттің басын бір таблеткаға біріктірген алғаш­қы препарат айналымға шық­ты. Бүгінде осындай дәрі-дәр­мектің саны 30-ға жуық. Ыңғайлылығы сол, адам күніне бір таблеткадан қабылдайды. «Ішуді ұмытып кетіппін» дегенді ұмытады.

Терапияның тиімділігін Сергей де сезініп үлгерді. Ол ақ халаттылардың айтқанын шет қалдырған емес. Өйткені уақытылы ем-дом мен қатаң режимді сақтау арқылы ғана басқалар сияқты қалыпты өмір сүре алатынын әлдақашан түсінген.

– Осында тіркелгелі бері терапияны үзген емеспін. Содан да болар, өзімді сау адамнан кем көрмеймін. Мен үшін ішіп жүрген дәрі-дәрмек өмір сүру сапасын жақсартатын дәруменмен бірдей, – дейді пациент.

Орталықтың инфекционист дәрігері Айгүл Балма­хано­ва­ның сөзінше, емдік шараны Сергей сияқты дер кезінде бастаған, маман кеңесін бұлжытпай орындаған, зиянды әдеттерден аулақ адам АИТВ дертімен де биологиялық қарттық жасқа жете алады. Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының долбары дә­лелсіз емес. Бір ғана мысал. Әлемдегі ең қарт пациент, португалиялық Мигель 2019 жылы 100 жасқа толды. Аталған диагноз АИТВ-ның үшінші сатысында, 84 жасында анықталған. Модена университетінің (Ита­лия) ғалымы Джованни Гуаральдидің айтуынша, бұл аты жаман ауруға шалдыққан науқастарға ұзақ әрі жақсы өмір сүру үмітін сыйлайды. Әйтсе де, Мигель ақпарат құралдарында аты-жөнінің, суретінің жария болғанын қаламайтындардың қатарында.

Қызылордалық емделу­ші­лер­дің арасынан бізбен бетпе-бет кездесіп, әңгімелесуге келіскені – Сергей ғана. Көбі көзге түскісі келмейді. Басқалардың мұны білгенін қаламайды. Өйткені АИТВ мәртебесін қоғамның қа­был­дауы қиын. Қабылдай қояды деу де қисынсыз.

– Сені бәрі шеттетеді. Оның үстіне, біздегі менталитет бөлек. Науқастардың өзі бір-бірімен араласқысы жоқ. Жариялылықтан қорқады. Еш­кіммен ашылып сөйлесе ал­майсың. Біз біріксек қана қиындықты жеңе алатынымызды ескермейді, – дейді Сергей.

Орталықтың бөлім мең­герушісі С.Балықбаева алалау мен кемсіту сияқты келеңсіз көріністер ауру жұқтырған адамның толыққанды өмір сүруіне, медициналық кө­мекке жүгінуіне, ем алуына кедергі екенін ескертті. Осы бағытта олардың құқығын қорғайтын профилактикалық бағдарламалар, халық арасында түсіндіру шаралары пәрменді түрде жүргізіліп келеді.

– Кейбіреулер «науқаспен бір үйде тұрсам, бірге жұмыс істесем, бірге оқысам ауру жұқтырам» деп ойлайды. Бос сөз. Бұл инфекция тұрмыстық жағдайда жұқпайды. БАҚ-тағы тақырыптық сенсациялық материалдар да оларды уайымға батырады. Ал қоғамның үрейін туғызады. Мұндай адамдарға тыныштығы қымбат, – дейді С.Балықбаева.

Иә, өмірде ешкім қауіптен, бәледен, кездейсоқтықтан сақ­тан­дырылмаған. Он шақты жыл бұрын АИТВ жұқтыр­ғандардың негізгі бөлігі халықтың осал топтары, яғни есірткі тұты­нушылар, же­зөк­шелер, түрмеде отыр­ғандар болатын. Қазір нау­қастардың әлеуметтік портреті түбегейлі өзгерген. Мысалы, биыл төрт айда анықталған 13 науқастың 38,5 проценті – жұмыс істейтіндер, 23,1 проценті – зейнеткерлер. 70 проценті – ер, 30 проценті – әйел. 13 адамның барлығы бірдей инфекцияны жыныстық қатынас жолымен жұқтырған. Жартысына жуығының жасы – 20 мен 29 аралығында. Індет құрығына әдетте инъекциялық есірткі тұтынушылар, жеңіл жүрістілер, ерлермен жыныс­тық қатынас жасайтын ер адамдар ілігеді. Ана сүтімен сәбиге жұқтыру жағдайлары ара-тұра кездеседі.

– Облыста анықталған 3 деректің 1-інде бала 5 жасында өмірден өтті. Әкесі де, шешесі де науқас еді. Анасы «емшек сүтін беруге болмайды» дегенді тыңдаған жоқ. Екінші жағдайда баланың ауру екені 9 жасында анықталды. Әйел де өзінің дерт жұқтырғанын соған дейін білмепті, – дейді С.Балықбаева.

Мамандардың сөзінше, вирус ана сүтінде көп кездеседі. Сондықтан сәбиді қосымша тамақпен қоректендіру ке­рек­тігін ескертіп отыр. Әйтпесе, АИТВ-мен өмір сүретіндер де отбасын құрып, балалы-шағалы бола алады.

Жұқпалы дерттің кли­ни­калық белгілері бірнеше жылға дейін білінбеуі мүмкін. Бірінші сатысында ғана тыныс алу жолдары жұмысының бұзылуымен ерекшеленеді. Мы­салы, тұмау­дың қайталану жиілігі, ұзақтығы созыла түседі.

– Өйткені иммундық жүйе ағзаны ауру тудыратын микроорганизмдерден қорғау қа­білетін жоғалтады. Екінші сатысында дене салмағы азаяды. Соның себебін білмек болған кезде ауру анықталып жатады, – дейді орталықтың инфекционист дәрігері А.Бал­ма­ханова.

Бүкіл әлемде АИТВ-ның таралу тарихы ауыр күйзелістер мен шығындарға толы. Бірақ ғылым мен медицинаның озық жетістіктерінің арқасында бү­гінде ондаған мың адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бар. Емі болмағандықтан ауруды ерте сатысында анық­тау дәрігерлер көмегінің тиім­ділігін арттырады. Ал дімкәс адамға қоғамның қол­дауы ауадай қажет.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<