Өзіне ота жасаған

2643

0

Бұдан 59 жыл бұрын 1961 жылдың сәуір ­айында Антарктидадағы Новолазаревская стансасында нағыз ерлік жасалды. Кеңестік полярлық экспедициясының дәрігер-хирургі Леонид Рогозов соқырішекті алып тастау үшін өзіне ота жасады. Осыдан кейін оның есімі әлемге мәшһүр болды. Ерекше оқиғаның қалай болғанын әңгімелеместен бұрын дәрігердің өмір жолына тоқталып өтелік.

Л.Рогозов 1934 жылы 14 наурызда жұмысшы отбасында дүниеге келген. Туған жері – Чита облысының Борзинск ауданы.  Рогозовтар отбасы 1938 жылы  Красноярск өлкесіндегі Минусинск қаласына қоныс аударады. Соғыс басталған жылы әкесі майданға аттанып, 1943 жылы ұрыс даласында қаза тапты. Анасының қолында үйелмелі-сүйелмелі төрт бала қалған еді. Өте ауыр кезеңдерге шыдас беріп, тырмысып жүріп, балаларын аштыққа, суыққа ұрындырмай аман алып шықты.

Леонид әскери міндетін өтеп келгеннен кейін Ленинград педиаторлық-ме­ди­­циналық институтының емдеу факультетіне оқуға түсіп, оны бітіріп шығады. Қатарластары арасында жақсы қасиеттерімен көзге түсті. Адамдарға көмектескісі келіп тұратын бауырмал, елгезек жас жігіт жан-жақтылығымен ерекшеленді. Институтта қо­ғам­дық жұмыстарға белсене аралысып жүріп, музыкамен әуестенді, ауыр атлетикамен айналысты. Сонымен қатар жақсы футболист және шаңғышы болды. Үнемі алға ұмтылып, жетістіктерге жетуді, алғы шептен табылуды мақсат тұтты. Антарктида экспедициясына еріктілерді шақырған хабарды естісімен алғашқылардың бірі болып жазылды. Осылайша инс­титутты бітіргеннен бір жылдан соң 1960 жылы кеңестік 6-Антарктида экспедициясына дәрігер ретінде қабылданады. Дәрігер болғанымен де, барлық полярлықтар секілді кез келген жұмысты атқара беретін. Ол экспедицияда жүргізуші де болды, метеорологтың да міндетін атқарды.

Рогозов экспедицияға кі­таптарымен бірге әрқай­сы­сы­ның салмағы екі пұт болатын гирлерін да алып шыққан-ды. Алтыншы материктің Ширмахер оазисінде 1961 жылдың 18 ақпанында  ашылған Новолазаревский стансасына келгеннен бастап күнде гир көтерумен айналысып тұрды.

Экспедиция ретімен өтіп жатты. Алайда бір күні Леонид өзін жайсыз сезінді. Әлсіздікті, дене қызуының көтерілуін және ішінің оң жағында ауру белгілерін сезді. Рогозов өзінде соқырішек екенін бірден білді. Бұл сәуірдің 29-ы болатын. Логика бойынша бірден ұшақ шақыру қажет, бірақ кеңестік Антарктида стансаларының бірде-бірінде ұшақ болған емес. Тіпті болғанның өзінде шақыру мүмкін емес еді. Сол күндері қатты боран соққаны сонша сыртқа шығудың өзі қауіпті болатын. Құрлықтан көмек шақырса, кеме 36 күнде жетеді. Қысқасы, сырттан көмекке үміттенуге негіз жоқ. Ал 13 адамдық экспедиция құрамындағы жалғыз дәрігер өзі. Не істеу керек?

Дәрігер ретінде Рогозов кейде ота жасамай-ақ жазылуға болатынын түсінді. Ол емнің пассивті тактикасын қолданып көрді. Тамақ ішуден бас тартты, ауырған жеріне салқын басты, артық қозғалысқа түспей, тыншу қалыпқа көшті. Тіпті антибиотик қабылдады. Бірақ ауру күшейе түсті, шыдау мүмкін болмады.  Өмір не өлім деген сұрақ тұрды. 

Амал жоқ, келесі күні өзіне-өзі ота жасау туралы шешімге келді. Өйткені жанындағы полярниктердің барлығы да медицинадан мақұрым болатын. Әйтсе де, ол өзіне көмекшілерді таңдап алды. Ассистент міндеті метеоролог Александр Артемьевке жүктелсе, механик Зиновий Теплинский айна мен жарықты ұстап тұратын болды. Ал экспедиция жетекшісі Владислав Гербович қандай да бір жағдайда көмек көрсету үшін дайын тұрды. Рогозин есінен танып қалған жағдайда шприцпен адреналиннің инъекциясын жасап, жасанды дем беруі тиіс. 

Рогозин медициналық құ­ралдарды дизенфекциялап алып, көмекшілеріне аз ғана инс­труктаж жүргізді және олардың қолына залалсыздандыру шараларын өзі жасап, медициналық қолғабын кигізіп берді. Ал Леонидтің өзі қолғап киюден бас тартты. Өйткені ота жасайтын жерді көзбен көріп тұра алмайтын болғандықтан, қолымен қармалап атқару керек еді.

Наркоз туралы тіпті сөз болған жоқ. Сондықтан  ішіне новокаин егіп, оң жағынан 12 сантиметрлік тілік жасады. Жарты сағаттан кейін Леонид әлсіздікті байқады, басы айнала бастады. Сол себептен әрбір бес минуттан кейін бірнеше секундтай демалып алып тұрды.

«Байғұс ассистенттерім! Оларға назар аудардым. Ақ халат киген олардың қор­қыныштан бет-жүздері де аппақ болып тұрған еді. Менің өзімді де үрей биледі. Бірақ қорқынышымды жеңу керек болды» деп жазады кейін Рогозин өз күнделігінде. Ал ассистенттері кейін бұл оқиға туралы естеліктерінде ақтарылып жатқан ішектерге қарап тұру қиынның-қиыны болғанын айтады.  Жүректері дүрсілдеп, бастары айналып, лоқсыған кезде бөлмеден шығып кеткілері келген. Дегенмен, олар өз міндеттерін жақсы атқарып шығады. Тіпті Теп­линский кәнігі медқызметкер секілді дәрігердің тер жуып кеткен бетін, көзін дер кезінде сүртіп құрғатып тұрды. Ал экспедиция жетекшісі медицина тарихындағы ерекше оқиғаны суретке түсіріп алады.

Сөз жоқ, Рогозов өзіне ота жасап жатқан кезінде өте мықтылық танытты. Ол асқынып тұрған соқырішек кез келген сәтте жарылып кетуі мүмкін екенін, ол жағдай бірден өлімге апаратынын жақсы түсінді. Ота кезінде әлсіреп, өз қолын сезінбейтіндей кезең болды. Қолындағы скальпельмен басқа жерді  кесіп жатқандай болып сезілді. Десе де, бар күшін жинап, сипалап отырып, қарғыс атқыр апендиксті сәтімен кесіп алады. Ол жарылар шаққа келіп тұр екен. Сәл кешіксе, бәрі сәтсіз аяқталған болар еді.

Мұнан соң Леонид ота жасаған жерді тігіп шығады. Ота жасауға барлығы екі сағаттай уақыт кетті. Рогозин ассистенттеріне құрал-сай­ман­дарды жинастыруды тапсырып, өзі ұйықтататын дәріні ішіп алып, ұйқыға кетті.

«Біз қатты шаршадық, әсі­ресе психологиялық тұрғыда. Егер ота сәтсіз аяқталғанда ең бірінші мен кінәлі болып шығар едім. Ол жағдайда жалпы­кеңестік полярлық экспедиция­лар атына кір келетін еді» деп еске алады Гербович. Екі-үш күн өткен соң Рогозиннің қызуы басылып, дене қызуы тұрақтады. Ал бес күн өткенде тігісін алады. Кейін мамандар тігістің өте әдемі орындалғанын атап өтеді. Көп ұзамай Рогозинді елге алып кетудің сәті түседі.

Оны батыр ретінде қарсы алды. Есімі әлемге әйгілі болды. Медицина тарихындағы ерекше оқиға орын алардан 18 күн бұрын адамзат тарихында алғаш рет ғарышқа адам аттанған болатын. Юрий Гагаринге Кеңес одағының батыры атағы берілді.  Жерге орала салысымен, оны сән-салтанатпен күтіп алып, мақтау мен мадақтаудың астында қалдырды.

Халық Гагаринмен қатар Рогозинді де құрмет тұтып, екеуін салыстырды. Екеуі де 27 жаста болды, жұмысшы отбасында дүниеге келген, екеуі де бұған дейін адамзат тарихында болмаған ерлік іс жасады. Сол жылы хирург Леонид Рогозин «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, ВЛКСМ орталық комитетінің Құрмет Грамотасымен марапатталады. Кейінірек медицина саласындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін «Денсаулық сақтау саласы үздігі» атанады. «Құрметті полярник» атағы да беріледі.

Ол туралы мақалалар мен кітаптар жазылды, кино түсірілді, сұхбаттар алынды. Владимир Высоцкий оған ән арнады. Рогозинге хаттар ағылып келе  бастады. Осындай кезеңде оның өміріне өзгеріс әкелген жан чехословакиялық  Марцелла есімді сұлу бойжеткен еді. Қыздың шақыруымен қонаққа барып, бірнеше күн өткен соң некелесіп, ерлі-зайыпты атанды. Екі жас Ленинградқа келіп, Рогозинге Антарктида экспедициясынан оралғаннан кейін берілген пәтерде өмірлерін бас­тады. Балалары дүниеге келді. Алайда жарасып кете қоймады. Марцелла бұл жаққа үйрене алмай, оны отанына бірге қайтуға үгіттеумен болды. Бірақ Леонид еш жаққа барғысы келмеген болатын. Ақыры әйелі балаларын алып өз еліне қайтып кетті. Дәрігерге бұл жағдай өте ауыр соққы болып тиді. Екінші рет болгариялық аруға үйленді.

Рогозин аспирантураға тү­сіп, диссертация қорғады. Ленинградтағы клиникаларда хирург болып жұмыс істеді. Бұдан кейін Ленинград фтизиопульмонология институтының  лимфоабдоминальдық туберкулез хирургиясы бөлімінде 14 жыл үзбей еңбек етті, 2000 жылы өмірден өтті. Қызы Елена мен ұлы Владислав екеуі де әкесіне ұқсап, медицинаны таңдап, дәрігер болды. Оларға бүгінге дейін планетаның түкпір-түкпірінен әкесінің ерлік ісі туралы материал сұрағандар жиі хабарласып тұрады. Кезінде аты аңызға айналған дәрігерді әлі ұмыта қойған жоқ.

Петербургтағы Арктика және Антарктида музейінде Рогозиннің ерлік ісіне арналып, стенд жасалған. Ол жерде хирургтің өзіне операция жасаған медициналық құрал-саймандары қойылған. Л.Рогозин жасаған ота көптеген елдердің әскери медицина оқу­лықтарына енгізілген.

Мақаланы осы жерден аяқ­тауға болар еді. Алайда тарихқа қиянат жасауға болмайды. Леонид Рогозин оқиғасы меди­цинадағы алғашқы жағдай деп есептелгенмен, одан біраз бұрын американдық дәрігер Эван О Нейл Кейннің өзіне ота жасағаны да белгілі. Ол ХХ ғасыр басында өзінің соқырішегіне ота жасады. Ондағы негізгі мақсат медицина  қауымдастығына жал­пы жансыздандырумен (нар­коз, жалпы анестезия) са­лыс­­­тырғанда жергілікті жан­сыз­дандырудың (жергілікті анес­тизия) анағұрлым артық екенін дәлелдеу болатын.  Отаны ол өзі жасады. Алайда айнала қоршап тұрған дәрігерлер қандай да бір оқыс жағдай орын алса, кірісіп кетуге дайын тұрған еді.

Кейінірек Антарктидада тағы да өзіне-өзі ота жасаған оқиға болды. Американдық экспедицияның  дәрігері Джерри Нильсон ханым  сүт безінде ісік пайда болғанын сезді. Жаңадан пайда бола бастаған биопсияны алып тастамаса болмайтын жағдай туындады. Бұл – 1999 жыл, технологияның дамыған кезеңі еді. Джерри өзіне ота жасап жатқан кезде құрлықтағы әріптестері интернет бейнебайланысы арқылы бақылап, ақыл-кеңесін беріп отырды. Операциядан соң дәрігер үлкен жерге оралмастан полярлық стансада уақытылы химия терапиясын қабылдап, рактан емделіп шығады. 

Өз өмірін сақтап қалу үшін адам айтқысыз небір қадамдарға баратын кездер болады. Американдық альпинист Арон Ролстон 2003 жылы шыңға көтерілу кезінде жоғарыдан құлаған ауыр тас қолын басып қалады. Осы қалыпта төрт күн жатуға тура келді. Ол еш жақтан көмек келмейтінін түсініп, қолын кесіп тастауға тәуекел етті. Шынтағынан төмен жерден жгутпен қатты байлап, пышағымен қолын кеседі. Осылайша тас құрсауынан босап, аман қалады. Бұдан бөлек, мұхит айдынында қолын өте қатты жарақаттап алған яхташы ота жасап қанды тоқтатқаны, тағы спортшының аяғындағы гематомаға ота жасағаны белгілі.

Ортағасырлық жазбаларда сол кездегі дәрігерлердің тәуекелге барып, өздеріне ота жасағандары туралы деректер бар. Бірақ ондағы пышаққа түсу себептерінің басым бөлігі амалсыздық жағдайдан емес, анатомия ғылымын алға жылжытуды көздегендіктен еді. Ал тарихта сондай-ақ небір қауіпті ауруларды арнайылап, өзіне жұқтырып, жаңа дәрілерді өздеріне егіп, сынақтан өткізген дәрігерлер болғаны белгілі. Өз мамандығын шексіз сүйген, адамзат үшін небір қатерге басын тіккен осындай ақ халатты абзал жандардың бүгінгі ізбасарлары қауіпті індетке қарсы майданның алғы шебінде жүр.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<