Омикрон: қауіп күшейді

917

0

Облыста эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Дегенмен, сақтық шарасына бейжай қарауға болмайды. Адам көп шоғырланған орындарда бетперделік режим мен әлеуметтік арақашықтық сақталуы тиіс. Сондай-ақ, қазір – тұмаудың эпидемиологиялық  маусымы. Ауру жұқтырып, иммунитетті әлсіретіп алмау қажет. Мамандар осылай деп ескертуде.

Мамандарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – коронавирустың жаңа омикрон штаммы. Айтуларынша,  ол бұрынғы штаммдарға қарағанда қауіптірек. Себебі бұған дейін төртінші толқын  тудырған дельтаның 13 мутациясы болса,  «Омикронның» 50 мутациясы анықталған.

– Бүгінде ауру белгілері күмәнді деген 11 адамның сынамасы тексеріске жіберілді. Омикронның басты симптомдары тұмау тәріздес белгілері болады, – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова. 

Айта кету керек, облыс коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау көрсеткіші бойынша алғашқы бестікте. Бүгінде вакцинаның 1-компонентін  алғандар саны – 408353 адам, бұл тиісті контингенттің 90,2%-ін құрайды. 2-компонентін 356109 адам салдырды, яғни, тиісті контингенттің 78,7%-і қамтылған. Comirnaty (Pfizer) препаратын салдыру қарқыны да жаман емес.  7 желтоқсандағы мәлімет бойынша барлығы 8210 адам аталған вакцинаны алды. Оның ішінде 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер саны  – 6672, жүкті әйелдер саны – 566 және лактация кезеңіндегі әйелдер саны – 972.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың тағы бір штамын қауіпті деп таныды. Бұл жаңалыққа орай көптеген мемлекет шетел азаматтарының елге кіру шарттарын өзгертіп, тіпті шекараларын жауып жатыр. Омикрон деп аталған бұл штамм туралы әзірге дерек аз, бірақ мамандар мутацияның ауқымы елеулі екенін айтуда. Осы орайда ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой омикрон штамының Қазақстанға келу ықтималдығы туралы пікір білдірді. «Қазір ең басты мәселе мониторинг болып отыр. Себебі әзірге жаңа штамм толық зерттеліп біткен жоқ. Әлемде түрлі штамдар пайда болып жатқанын біліп отырсыздар. Бірінің орнын бірі алмастырып жатыр – лямбда, одан кейін Eta-штамм… Әр штамға ерекше назар аударуға мәжбүрміз. Әр пайда болған штамның қалай тарайтынын алғаш пайда болған елдегі жағдайға қарап түсінудің маңызы зор. Жақында ғана Женевада болып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директорымен кездестік. Сол кезде бұл штамды зерттейтін жұмыс тобы құрылғаны айтылды. Ең бастысы, бұл штамның соңы пандемияға ұласпағаны керек, яғни, ел ішінде таралуын бақылауда ұстау маңызды», деді министр БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

 Омикрон штамын Оңтүстік Африка Республикасының ғалымдары анықтаған кезден бір аптадан астам уақыт ішінде әлемге таралып жатқаны белгілі болды. Содан бері көптеген елдер азаматтарына Оңтүстік Африкаға сапарлап баруға тыйым салды. Осы елмен әуе қатынасын көптеген ел тоқтатты. Соңғысы 2-15 желтоқсан аралығында ұшақ қатынасына тыйым салған Испания болды. Алайда ДДСҰ «халықаралық сапарларға толығымен тыйым салу коронавирустың таралуын тоқтата алмайды» деп санайды. Көптеген елдер вакциналау бағдарламасын көбірек қамтуға ерекше назар аударып жатыр. Мысалы, Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон қаңтар айының соңына дейін барлық ересектерді ревакциналау мерзімін белгіледі. 11 желтоқсанға дейін жалпыхалықтық локдаунды ұзартқан Аустрия сияқты елдер ірі көлемде айыппұл салу арқылы халықты вакциналауға міндеттеуге кірісті. Грекияда мұндай шаралар тек 60 жастан асқан адамдарға ғана қатысты болмақ. Үшінші екпені алмағандар 16 қаңтардан бастап ай сайын мемлекетке 100 еуро төлейді. Алайда «жаңа штамм қолданыстағы вакциналардан басым түседі» деген қауіп басым.

Қалай болғанда да қауіпті дерт жылдам тарауда. Олай болса, біздің елге де жетуі әбден мүмкін. Ендеше мамандар кеңесіне құлақ асып, сақтық шараларына көңіл бөлудің маңызы зор.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<