«Омикронға» байланысты карантиндік шектеулер күшейтіледі

1030

0

5 қаңтардан бастап Қазақстанда «омикрон» штамына байланысты карантиндік шектеулер енгізіледі. Бұл туралы COVID-19 таратпау жөніндегі ВАК хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен биылғы жылы Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК-тың қорытынды отырысы өтті.

Отырыс барысында елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты, бірақ «омикрон» бір ай ішінде әлемнің 110 елінде анықталғаны айтылды. ДДҰ мәліметтері бойынша оның таралу жылдамдығы «дельта» нұсқасынан бес есе жоғары.

«Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігінің қосымша шаралар қабылдау жөніндегі ұсынысы мақұлданды. Атап айтқанда, 5 қаңтардан бастап СОО-ға, сауда үйлері мен караокеге «жасыл» мәртебесі бар адамдарға ғана кіруге рұқсат етіледі», деп жазады Covid-19 таратпау жөніндегі ВАК.

ВАК атап өткендей, Қазақстан аумағында «омикрон» анықталып, эпиджағдайдың нашарлауы жағдайында банктерге, Қазпошта бөлімшелеріне, ХҚКО-ларға, спорттық-сауықтыру орталықтарына, СПА-ға, бассейндерге және т. б. қатысты осындай шаралар қабылданатын болады.

Ералы Тоғжанов эпидемиологиялық жағдайдың болжамы халықты вакцинациямен және ревакцинациямен қамтуға тікелей байланысты болатынын атап өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<