Оқу жылы басталғалы бері ата-аналар балаларына қандай тегін медициналық қызметтер көрсетілетінін білгісі келетіні сөзсіз.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқушылар МӘМС жүйесінде автоматты түрде сақтандырылған, яғни олар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Сондықтан олар кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінде де, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында да барлық қажетті медициналық қызметті ала алады.
Оқушыларға бірқатар медициналық қызмет қолжетімді. Атап айтқанда, олар мектеп медицинасы, стоматологиялық қызметтер, дәрігерлердің консультациялары, зертханалық талдаулар, құрал-жабдық диагностикасы (УДЗ, рентген, КТ, МРТ және т.б.), күндізгі және тәулік бойғы стационар, оңалту қызметтері, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоғары технологиялық медициналық көмек ала алады.
«Мектеп медицинасы» деген не?
Бұл – білім беру ұйымдарында мектеп және мектепке дейінгі балаларға көрсетілетін медициналық көмек. Оған балалардың денсаулығын қорғау мен нығайту, аурудың алдын алу және олардың денсаулық жағдайын динамикалық бақылау кіреді.
Мектеп медицинасына алдын ала медициналық қарауларды жүргізу, оқу және демалыс уақытындағы сауықтыру іс-шаралары, аурудың алдын алу, дұрыс тамақтануды насихаттау, репродуктивті, психикалық денсаулықты қорғау, Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес вакцинация жүргізу, алдын ала қараулар нәтижесі бойынша оқушыларды терең медициналық тексеруге жолдау және санитарлық ережелерді сақтау секілді қызметтер кіреді.
Мектептердегі медициналық пункттерде қызметкерлер оқу жылы барысында балаларды бақылайды. Ол уақытылы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
– Кейде бізге ата-аналардан балаларын рұқсатсыз басқа медициналық ұйымға тіркеп қойғаны туралы шағым түседі. Мұндай пікірдің пайда болуына себеп – жүйеде баланың басқа емханадан медициналық қызмет алғаны туралы ақпараттың көрінуі. Алайда іс жүзінде бұл қызметті баланың оқып жатқан мектебіне қызмет көрсететін емхана жүргізген, – деп түсіндірді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Индира Саркенова.
Осы себепті ата-аналар кейде балаларына қатысты көрсетілген медициналық қызметті білмей, оған жүгінбегенін айтып жатады. Мұндай қызметтер туралы ақпарат скрининг және қосымша диагностикалық шаралар толық аяқталғаннан кейін, кейде баланың жасы жеткеннен кейін ғана базада пайда болуы мүмкін. Мысалы, баланың жасы жетіге толмаған болса да, ол бірінші сыныпта оқыса, скрининг нәтижелері баланың туған күнінен кейін енгізіледі.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»





