Орталықта алғаш рет қолданылған жаңа тактика нәтижесін берді

288

0

Фото: Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы

Пациент А. Жанар – 43 жастағы көпбосанушы ана, жүктілігінің 31 аптасында Жаңақорған ауданынан Облыстық перинаталдық орталыққа жіберілді. Кеңес беру-диагностика бөлімінде жүргізілген тексеру кезінде ұрықтың туа біткен даму ақауы — өңеш атрезиясы және жедел суегіздік (амниогидрамниоз) анықталды.

УДЗ қорытындысы мен мультидисциплинарлық консилиум шешімі бойынша әйел жүктілік патологиясы бөліміне жатқызылып, амниоредукция отасы жасалды.

Орталықта алғаш рет қолданылған жаңа тактика нәтижесін берді

Амниоредукция – жатырдағы артық қағанақ суын азайтуға бағытталған араласу, бұл жағдайда операция екі рет сәтті өткізілді. Басты мақсат – ұрықты 37 аптаға дейін жеткізіп, туған соң шұғыл хирургиялық көмекті қамтамасыз ету болатын.

Осы күрделі жүктілікке қарамастан, медицина қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында, 2025 жылдың 1 маусымында Жанардың сәбиі – салмағы 2700 грамм ұл бала дүниеге келді. Босану ұрықтың көлденең орналасуына байланысты жедел кесар тілігі арқылы өтті. Жаңа туған нәресте дереу неонаталдық хирургия бөліміне ауыстырылып, 12 маусымда өңеш атрезиясы бойынша сәтті ота жасалды.

Айта кетерлігі, бұл жағдай — орталықта фетальды хирургия бойынша жаңа әдістер қолданылған алғашқы тәжірибелердің бірі болды. Бұған Астана қаласында өткен «Дені сау ұрпақ — ұлт болашағы» II Халықаралық конгресінде біздің мамандар алған білім негіз болды.

04 шілде күні сәби анасының құшағында толыққанды өмірге бейімделіп үйіне шығарылды. Жанар орталықтың бүкіл медициналық ұжымына шексіз алғысын білдірді.

Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы