Пневмонияның белгілері мен түрлері

1550

0

Өкпенің қабынуы немесе пневмония – аурудың ауыр түрі. Дер кезінде емдемесе, өлімге әкелетінін қазіргі пандемия көрсетіп келеді. Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой соңғы аптада пневмонияның өршіп кеткенін, бұған себепкер коронавирустың тарауы екенін мәлімдеген болатын.

Министрдің дерегінше, жыл басынан бері елде 1772 адам пневмониядан көз жұмса, оның 628-і – маусым айында қайтыс болғандар. Ал Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиниятқызының айтуынша, Қазақстанда дәл қазір 28 мың адам пневмониямен ауырып жатыр, оның 330-ден астамының жағдайы ауыр, қалғандары – орташа.

Пневмония дегеніміз – қос өкпенің не біреуінің қабынуы. Басты симптомы – дене қызуының көтерілуі мен қақырық. Өкпе қысып ауырады да көкірек тұсында ауырсыну болады. Әлсіздік пен ұйқышылдық жайлайды, тәбет жоғалады. Өкпе тез қабынады, сондықтан ауру тез өршиді. Адам ауа жетпей қысылған кезде тезірек ауруханаға жеткізген жөн.

Симптомдары

Классикалық пневмонияның ауру белгілері келесідей:

– Дене қызуының көтерілуі, 39-40 градусқа дейін жетуі мүмкін;

– Қақырығы бар қатты жөтел;

– Тыныс алу мен жөтелгенде кеуде тұсының ауруы;

Ентігу, тершеңдік;

– Өкпеде сырыл пайда болады.

Басқа да бөлек белгілері:

– Дене температурасының 40 градусқа дейін жетуі;

– Қақырығы бар құрғақ жөтел;

– Тамақтың қышуы;

– Әлсіздік басады.

Түрлері

Ауру қоздырушының өкпеге жұғуына байланысты пневмонияның келесідей түрлері кездеседі:

– Біржақты

– Екіжақты

– Ошақты

– Крупозды (аз аймақ)

– Сегментарлы

– Тотальды

Коронавирустан туған пневмония

Пневмония негізінен ауру басталғанда дұрыс емделмеудің кесірінен болады. Әдетте, бронхит, ангина мен вирусты аурулар асқынғанда пневмонияға айналады. Инфекциялық ауру түрі болғандықтан, кез келген вирус пен микроб, микроағзалар қабындыруы мүмкін.

Алматы қаласының орталық клиникалық ауруханасының бас нейрохирургі Мыңжылқы Бердіқожаевтың айтуынша, коронавирусқа шалдыққандардың шамамен 5-10 пайызы ауыр жағдайға тап болады.

– Мәселен, 100 мың адам ауырса, оның 5-10 мыңы ауыр пневмониямен ауырады. Елдегі пневмонияның өршіп кетуі коронавирустың тарауымен тікелей байланысты, – дейді Мыңжылқы Бердіқожаев.

Дәрігердің айтуынша, коронавирустан пайда болған пневмонияның әдеттегі классикалық пневмониядан айырмашылығы бар.

– Компьютерлік томография көрсеткендей, бұл пневмония микроб түсіп қабынуы емес, өкпе тіндерінің зақымдануына ұқсайды. Ғылымда бұл құбылысты вирустық васкулит деп атайды, – дейді маман.

Васкулит дегеніміз – вирустың артерия мен қан тамырларының қабырғасына шауып, тіндерді бүлдіруі. Бұл коронавирустың ең ауыр формасы саналады. Артерия мен қан тамырларын зақымдағандықтан, жүрек пен ми, бүйрек пен асқазан жұмысында қиындық болады.

Емдеу

Пневмонияны емдеудің негізгі амалы – антибактериалды терапия. Яғни, антибиотиктер арқылы емдеу. Оны дәрігер аурудың түрі мен асқыну жағдайына байланысты тағайындайды. Витамин мен тамақты көп жеу қажет. Ауру асқынғанда алғашында төсекте жатқан жөн, кейін таза ауада серуендеп, өкпені кеңейтуге арналған жаттығулар жасау керек.

Алайда коронавирус жағдайында емделудің жолдарын тек дәрігер ғана анықтайды. Алғашында дәрігерлер өкпенің қабынған жерін толық тазалауға кіріседі де кейін ауруды туғызған қабынудың себебімен күреседі.

Егер пневмония белгілері байқалған жағдайда, уақыт жоғалтпай емге кіріскен дұрыс. 

Дереккөз: Massaget.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<