Предгравидарлы дайындық – маңызды қадам

225

0

Фото: автордан

Сейсенбі күні Қызылорда қаласындағы Отбасы орталығында «Жас отбасы үшін предгравидарлы дайындық пен ана сүтінің маңыздылығы» тақырыбында іс-шара өтті. Ол 1-7 тамыз аралығына жоспарланған баланы ана сүтімен қоректендірудің дүниежүзілік апталығы аясында ұйымдастырылды.

Алдымен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мырзанова жүктілікке дұрыс дайындалу мен сәбиге ана сүтін берудің қажеттілігіне тоқталды. Оның айтуынша, предгравидарлы дайындық – ана мен бала денсаулығы үшін маңызды алғашқы қадам.

– Жүктілік алдындағы дайындық болашақ ананың денсаулығын жақсартып қана қоймай, жүктілікті қауіпсіз өткізуге және дені сау ұрпақты дүниеге әкелуге көмектеседі. Баланы ана сүтімен қоректендірудің артықшылығы көп. Ыңғайлы жағдайда тамақтануға, инфекциядан қорғануға, иммунитетті күшейтіп, семіздік пен басқа аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді, – дейді М.Мырзанова.

Кейінгі 4-5 жылда аймақтағы медициналық ұйымдарда ақпараттық түсіндірме жұмысы кеңінен жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде жас аналардың ақпаратпен қамтылу көрсеткіші 100 пайыз деуге болады. Ал сәбиін тек ана сүтімен қоректендіру көрсеткіші 82 пайызға жеткен.

Іс-шара барысында медицина өкілдері аталған тақырыптардың маңыздылығын сахналық көрініс арқылы жеткізіп, сәбиді омырауға дұрыс салу техникасын көрсетті.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»