Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы базасында пренатальды диагностиканың инвазивті әдістері жүргізіледі. Біздің мамандар Қызылорда облысында тәжірибеге бірегей әдісті енгізіп қана қоймай, оны өңір тұрғындары үшін қолжетімді ете алды.
Пренатальды диагностика – ұрықтың хромосомалық патологиясына күдік болған кезде пренатальды кариотиптеуді жүргізу үшін ұрық материалын (хорионбиопсия, амниоцентез, кордоцентез) алу мақсатында ультрадыбыстық бақылаумен жүргізілетін жатырішілік операция.
Инвазивті зерттеу әдістері хромосомалық ауруларды, хромосомалық ауытқуларды, сондай-ақ моногендік ауруларды анықтау үшін ұрық материалын алу мақсатында генетик дәрігердің нұсқауы бойынша жүргізіледі.
«ДДҰ мақұлдаған инвазивті диагностикаға жіберудің стандартты көрсеткіштері келесі талаптарды қамтиды — жүкті әйелдің жасы 37 жастан асқан болуы керек, жүктіліктің алғашқы апталарында кем дегенде 2 өздігінен түсік болуы, отбасында баланың Даун синдромы болуы, бірнеше туа біткен ақаулар, хромосомалық патологияның жоғары қаупі анықталған инвазивті емес сынақтардың нәтижелері және биохимиялық немесе ультрадыбыстық маркерлер. Мұндай диагностиканың мерзімі тоғызыншы апта мен жиырма бірінші апта аралығында жасалады», — дейді акушер-гинеколог Майра Әжібайқызы.
Айта кетейік, инвазивті әдістер ұрықтың жасушалары мен тіндерін және провизорлық мүшелерді (хорион, плацента) алуға мүмкіндік береді. Материалды алу ультрадыбыстық бақылаумен трансабдоминальды түрде (іш қабырғасы арқылы) жүзеге асырылады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<