Әлеуметтік саланың ішіндегі ең маңыздысы – медицина өрлеп-өркендеу үстінде. Облыс қазынасынан бұл салаға бөлінетін қаржы айтарлықтай өсті. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке де ерекше көңіл бөлінуде. Осындай тиімді әріптестіктің аясында қалада «Q-med» емдеу мекемесінің жаңа орталығы ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысты. Орталықтың ашылуымен құттықтаған аймақ басшысы қажетті кеңес пен дертіне шипа іздеген азаматтарға қызмет ұсынып отырған емдеу мекемесіне сәттілік тіледі.
– Басты байлық – денсаулық. Ұлт пен ұрпақ саулығын алдыңғы орынға қойған мемлекетімізде медицина саласына қолдау жасалған. Облыс бюджетінің де басым бөлігі денсаулық сақтау саласына жұмсалады. Бүгінде халыққа сапалы қызметін ұсынатын жеке клиникалар да көбейіп келеді. Соның бір дәлелі – «Q-MED»-тің екінші ғимаратының ашылуы. Бұл бастама әлеуметтік жағынан тиімді. Қазір орталық 25 адамды жұмысқа тартты, соның ішінде жас мамандардың тұрақты жұмыспен қамтылуы назарға алынды. Өңірдегі мемлекеттік және жеке медициналық колледж студенттерінің де осы орталықтан тәжірибе жинақтауына мүмкіндік бар, – деді облыс әкімі.
Шарада денсаулық сақтау саласының ардагері Ақмырза Сыдықов та тілектестігін жеткізді.
«Q-MED» медициналық орталығы 2016 жылдың мамыр айында Новосибирск қаласындағы Ашот Хачатрянның «Халықаралық денсаулық академиясы» клиникасының аналогы бойынша ашылған болатын. Емдеу мекемесінде ересектер мен балаларға бірегей емдеу-сауықтыру бағдарламалары қолданылады. Орталық ем алушылардың иммунитетін табиғи қалпына келтіруге негізделген бағдарлама арқылы жұмыс істейді. Соңғы төрт жылдың ішінде орталықта 4600 адам кеңес алып, 3600 науқас кешенді емдеуден өткен. Байқағанымыздай, жаңа ғимараттағы интерьер жайлы, барлық жағдай жасалған. Мамандар әрбір келушінің осы жерден дертіне дауа табарына сенімді.
– Қаладағы «Өркениет» медицина колледжін тәмамдағаннан кейін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы осында жұмысқа орналастым. Мұнда одан әрі шыңдалып, жаңа орталықтың жемісті жұмыс жүргізуіне үлесімді қосамын, – деді жас маман Салтанат Амандық.
Расында, МЖӘ мемлекет пен бизнестің өзара ынтымақтастығын арттырып, қажетті инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік сыйлап отыр. Бұл жерде жастарды жұмыспен қамту мәселесінің де шет қалмағаны қуантады.
Мөлдір Қалымбет.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<