Елімізде кешеден бастап ревакциналау науқаны басталды. Алғаш болып медицина қызметкерлері, педагогтар, күш құрылымдары, әлеуметтік сала қызметкерлері, 60 жастан асқандар мен антидене тесті теріс нәтиже көрсеткен азаматтарға жүргізіледі. «Спутник V» салдырған жағдайда ревакциналау мерзімі – 9 ай. Ал, «QazVac», «Sinovac», «Pfizer», «VeroCell» вакциналарын алғандар 6 айдан кейін қайта вакциналанады.
– ҚР Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес елімізде ревакциналау жұмыстары басталды. Ақпан және наурыз айында вакцина қабылдаған тұрғындар иммунитетін нығайту мақсатында қайта вакциналаудан өтеді. Жалпы әлемде 50 мемлекет ревакциналау жұмыстарына кірісті. Қазіргі кезде коронавирусқа қарсы қайта вакциналау облыстағы барлық емханаларда ұйымдастырылып жатыр. Ревакциналау 1 дозалық, яғни, 1 компонентін алғаннан кейін ағзада тұрақты иммунитет қалыптасады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов.
Одан бөлек, өңірде 1590 тұрғын «Pfizer» вакцинасын салдырды. Оның ішінде 1156-сы – жасөспірім, 233-і – жүкті әйел және 201-і – бала емізетін әйел.
Ал Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде 20381 жасөспірім, 2499 жүкті әйел және 4674 бала емізетін ана «Pfizer» вакцинасын салдырған.
Жалпы егу жұмысы басталғалы бері аймақта тұрғындардың 396301-і вакцинаның І компонентін салдырса, ІІ компонентін алғандар саны – 33432.
Эпидемиологиялық ахуалға келсек, облыс «жасыл аймақта». Кешегі мәлімет бойынша індет жұқтырған 6 тұрғын тіркелді. Жалпы емделіп шыққандар 97 процентті құрайды. Ал инфекциялық стационарда 153 науқас ем қабылдауда.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<