Қалалық аурухананың қалтқысыз қызметі

2648

0

Қызылордадағы  қалалық көпсалалы аурухананы  білмейтін жан жоқ.  1977 жылы қолдануға берілген емдеу орны   жарты ғасырға жуық тұрғындар саулығын сақтауға қызмет көрсетіп келеді. Осы жылдар ішінде елде болған өзгерістерге байланысты медициналық мекеме де сан түрлі жағдайларға бейімделді.

Мәселен, 1997 жылы денсаулық сақтау саласының реформалануына және сапа құрылымының өзгеруіне байланысты  қалалық аурухана «Денсаулық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып жекешелендірілді. Сол жылдары төсек санын қысқарту басталып, 2008 жылы 95-ке дейін, ал аурухана қызметкерлерінің саны 444-тен 162-ге дейін азайды.  2000-2007 жылдар аралығында ғимараттар мен бөлімдер тұрғын үйге, кәсіпкерлік нысандарға сатылып, тек негізгі ғимарат пен асхана бөлімі қалды. 2008 жылы облыс әкімінің шешімімен аурухана мемлекет меншігіне алынып Қызылорда қалалық ауруханасы  болып,  160 төсек-орынмен қайта құрылды.

2009 жылы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өтті.

2011 жылдан бастап «Қызылорда қалалық ауруханасы» ШЖҚ МКК, 2020 жылдан бері «Көпбейінді қалалық ауруханасы» болып аталады.

Медициналық мекеме жоғары дәрежелі дәрігерлермен, орта буын мамандармен қамтылған. Материалдық-техникалық базасы жаңартылып, құрал-жабдықтармен жарақталған.

Қазіргі кезде халыққа стационарлық  және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп келеді. Сонымен бірге науқастар күндізгі және  ақылы  бөлімде сапалы ем алады.

Кадрымен қадірлі

Істің тетігі қай кезде де білікті де білімді кадрға байланысты екені белгілі. Қалалық аурухана  ертеден мықты мамандарымен мақтаулы. Бүгінде ауруханада   жоғары және І, ІІ санатты 50 дәрігер мен 134 медбике жұмыс  істейді. Нақтырақ айтқанда, дәрігерлердің  56,3 пайызының,  медбикелердің 51,2 пайызының  санаты бар. Қалғандары – сертификаты бар жас мамандар. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мұнда көпжылдық жұмыс өтілі бар, білікті дәрігерлер жеткілікті. Олар аурухана абыройын асырып жүрсе, екінші жағынан жас мамандарға бай тәжірибесімен үлгі-өнеге. Атап айтқанда, 50 жылдан бері қызмет атқарған хирург Юрий Фотиади,  30 жылға жуық табан аудармастан еңбек етіп жүрген жоғары санатты акушер-гинеколог Болғангүл Ерназарова,   еңбек өтілі 26 жыл болған жоғары санатты кардиолог Зәуреш Бисенова, 2004 жылдан бері еңбек етіп жүрген пульмонолог Іңкәр Сейтмамбетова,  білікті анестезиолог-реаниматолог  Ғани Жұмағұловтың есімі қызылордалықтарға жақсы таныс.

Дәрігерлердің білімін жетілдіріп, біліктілігін көтеруде жүйелі жұмыс бар.

– Мамандарымызды қажеттілігіне байланысты жыл сайын  оқытудамыз. Ол – біздің ең маңызды міндетіміз және қазіргі заманның талабы. Мәселен, Қазан қаласында үш, Краснодар қаласында бір дәрігеріміз оқыды.  Оның үстіне Беларусьтен,  Ресейден мамандарды шақыртып мастер-класс өткізудеміз. Ол да біздің мамандардың біліктілігін арттыруға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Алматы қаласындағы білім жетілдіру университетінен  мамандар шақыртып, өзіміздің базамызда дәрігерлердің білімін жетілдірдік. Бұл жұмыстар жалғаса береді, – дейді аурухананың бас дәрігері Нұриддин Әмитов. 

Мықты материалдық-техникалық база – мол мүмкіндік

Аурухана  қазіргі уақыттың талабына сай толық жабдықталған. Материалдық-техникалық базаның жабдықталу көрсеткіші –  91,1%. КТ, УЗИ аппараттары, бірнеше хирургиялық эндовидеоқұрылғы, қан қысымын тәулік бойы қадағалайтын құралдар, физио және реабилитациялық ем жүргізетін аппараттар бар. Осындай заманауи құрал-жабдықтармен қамтылу нәтижесінде аурухана аптасына төрт күн  облыс пен қала халқына шұғыл  медициналық көмек көрсетеді.  Кезекші дәрігерлердің құрамы күшейтіліп,  жедел  медициналық көмек көрсету қызметі жолға қойылған.

Ауруханада барлық сала бойынша, атап айтсақ, терапия, неврология мен нейроинсульттік, хирургия, травматология, нейрохирургия, гинекология бөлімдері бар. Оларда мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Зертханалық, диагностикалық, рентгенологиялық, эндоскопиялық, компьютерлі-томографиялық, УЗИ  диагностикалық тексерулер жүргізіледі.

Хирургиялық патологиясы бар науқастарға эндовидеохирургиялық отаның барлық түрі, урология саласы бойынша эндовидеохирургиялық уретроскоп арқылы оталар жасалуда. Гинекология және травматология саласы бойынша да түрлі күрделі оталар жасалады. Облыс бойынша ревматология бөлімі осы  ауруханада ғана бар. Байқағанымыздай,  түскен науқастарға қажетті зерттеулердің барлық түрі  жүргізіледі. Бұл – емдеу орнының үлкен жетістігі. 2015 жылдан бері нейрохирургиялық   оталар жасалуда.

Қазіргі кезде аурухана 230 төсектік тәуліктік стационар, 30 төсектік күндізгі стационар, 24 ақылы бөлімге арналған төсек-орынмен қала және облыс халқына кардиологиялық, пульмонологиялық, ревматологиялық, эндокринологиялық, гастроэнтерологиялық, гематологиялық, токсикологиялық, аллергологиялық, неврологиялық, хирургиялық, урологиялық, гинекологиялық, травматологиялық, нейрохирургиялық, жақ-бет хирургиясы, нейроинсульттік,  2-3 этапты қалпына келтіру бейіндері бойынша медициналық көмек көрсетеді.

Ауруханада бұрын-соңды жасалмаған күрделі оталар қолға алына бастады. Мәселен, биыл шілдеде алғаш рет өт жолына лапароскопиялық жолмен күрделі ота жасалды.

Нақтырақ айтқанда, ауруханаға шілденің 6-сы күні 66 жастағы қала тұрғыны  жеткізілді. Ем-шара және тексеріс жүргізу барысында  «Өт-тас ауруы. Жедел тасты холецистит. Холедохолитиаз. Механикалық сарғаю. Реактивті панкреатит» диагнозы қойылды. Хирургия бөлімінің меңгерушісі Б.Жұмандықов, ассистенттер, хирургия бөлімінің дәрігерлері Н.Тұяқбаев,  Ю.Фотиади, анестезиолог Ғ.Жұмағұловтың қатысуымен «Лапароскопиялық холецистэктомия, холедохотомия, холедохолитоэкстракция, холедохты Вишневский бойынша дренаждау, бауыр асты кеңістігін дренаждау» отасы жасалды.

Бас дәрігердің айтуынша, алдағы уақытта кардиологиялық бөлімше ашу, бүйрек ауруларын емдеуге жаңа құрылғылар алу, аурухана базасынан ревматологиялық орталық ашу  жоспары бар.

Жалпы көпбейінді қалалық аурухананың бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Қызылордалықтар саулығын сақтап, тұрғындарға өмір сыйлауда бірлігі мен ынтымағы жарасқан ұжымның тынымсыз еңбегі әрі қарай да жалғаса бермек.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<