Қызылорданың сол жағалауындағы облыстық қан орталығында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Қалалық қоғамдық даму бөлімі ұйымдастырған шарада орталық директоры Серік Игембаев тілшілерді жұмыс барысымен таныстырды.
Бұған дейін жеке ғимараты болмаған медициналық мекеме бүгінде еңселі әрі әсем мекенде отыр. Оның құрылысына республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінді. Орталық медициналық ұйымдардың сұранысына сай 17 мың дозадан астам қан компонентін дайындауға қауқарлы. Қазіргі күні мұнда 100-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткеннің арқасында анализ нәтижесіне бұрынғыдан екі есе ерте қол жеткізуге мүмкіндік туды.
– Қан орталығының негізгі міндеті – өңірдегі ауруханаларды дер кезінде сапалы қан өнімдерімен қамтамасыз ету. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес әрбір ауруханада әрдайым кемінде екі күнге жететін қан қоры болуы қажет. Ауруханалардағы қан тобының қорын толықтыру үшін бізде кемінде 1 апта немесе 10 күнге жететін қор бар. Қанның түріне қарай сақталу мерзімі белгіленген. Мысалы, эритроцитті түрін 49 күнге дейін, плазмалық қанды 3 жылға дейін сақтауға болады. Бұрын плазмалы қан қоры 10 күнге жетсе, қазір бірнеше айға жететіндей етіп жинаулы тұр. Ауыр халдегі, онкологиялық ауруға, Конго-Қырым қызбасына шалдыққан науқастар үшін арнайы дайындаймыз. Мұнда орталық қызметкерлеріне ғана емес, донорларға да жақсы жағдай жасалған. Медициналық аппараттар толық автоматтандырылған, мүмкіндігі жоғары, – дейді орталық директоры.
Ұжым емдеу мекемелерінің сұранысын дер кезінде орындауға күш салады. Статистикаға сүйенсек, мұнда жылына 13 мыңнан астам донор келсе, соның 11 мыңға жуығы денсаулығы жарамды болғандықтан қан тапсырады екен.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»






