Қатерлі дерт дендеп бара ма?

2446

0

Сурет ашық дереккөзден

Елімізде жыл сайын қатерлі ісікпен ауырғандардың саны артпаса, кеміп жатқан жоқ. Мәселен, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мәліметі бойынша жыл сайын 35 мыңнан астам адам қатерлі ісікке шалдығады, 14 мыңнан астам адам қайтыс болады, есепте әлі 200 мың қазақстандық тұр. Динамикада соңғы 20 жылда онкологиялық сырқаттанушылық орта есеппен 25%-ға өскен. Елімізде онкология – өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, ем алып жүрген 210 198 науқас бар. Ведомство қазақстандықтардың қатерлі ісіктің қандай түріне көп шалдығатынын да мәлім етті. Нақты тоқталсақ, сүт безінің қатерлі ісігі  14,7% (алдыңғы жылы 15,4%), өкпенің қатерлі ісігі 11,2% (алдыңғы жылы 11,1%), тоқ ішектің обыры 10,4% (2022 жылы 10,1%),  асқазанның қатерлі ісігі  8,3% (2022 жылы  7,9%), жатыр мойны қатерлі ісігі  5,51% (2022 жылы 5,54%).

Статистикада көрсетілгендей, кейінгі екі жылда өкпенің қатерлі ісігі, тоқ ішектің обыры мен асқазанның қатерлі ісігіне шалдыққандар қатары артқан. Сондай-ақ 2021 жылдан бері онкология жастардан жиі анықталып жатыр. Атап айтсақ, былтыр жарты жылда 28 жасқа дейінгі 454 қазақстандыққа қатерлі ісік диагнозы қойылған. Біздің облыстағы ахуал қандай? Саралап көрейік.

Статистика сөйлесе…

Облыстық онкология орталығының дерегіне сүйенсек, былтыр аймақта аурушандық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 159,7, яғни, 1304 жағдайды құраған.  2022 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 143,3, яғни, 1186 жағдай болған.  Өсу қарқыны 11,4%. Қатерлі ісікпен аурушаңдық көрсеткіші ерлерге қарағанда әйелдер (57,2%) арасында жоғары. Бірінші орында сүт безі қатерлі ісігі (12,9%, 169 жағдай) тұрса, екінші кезекте  өкпе қатерлі ісігі (9,5%, 124 жағдай), үшінші орында асқазан қатерлі ісігі (8,7%, 114 жағдай), төртінші жатыр мойны қатерлі ісігі (7%, 92 жағдай), бесінші орында өңеш қатерлі ісігі (5,6%, 74 жағдай) тұр. Науқастардың жасына байланысты айтсақ,  59,2%-ы – еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Онкологиямен диспансерлік бақылауда тұрғандар былтыр 5432 адамды құраған, 2022 жылы бұл көрсеткіш 4950 болған. Өсім – 9,7%.

Мамандар онкологиялық ауруларды ерте анықтау диагностикасы алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір жақсарғанын айтады.

– 2023 жылы 0-І сатысында анықталған қатерлі ісіктер саны 2,1%-ға көтерілді және жаңа қатерлі ісіктер жағдайларының жалпы құрылымында 31,7%  құрады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда ерте сатысында анықталған сүт безі қатерлі ісігі 2 есе, тері қатерлі ісіктері 1,5 есе, жатыр мойны қатерлі ісігінің ерте сатысында анықталу көрсеткіші 1,5 есе, қалқанша безінің қатерлі ісігі 2,2 есе көбейді. Жыл көлемінде барлық БМСК ұйымдарында, яғни емханаларда денсаулық сақтау басқармасының бастауымен құрамында онкогинеколог, рентгенолог, онколог және басқа да онкологиялық орталықтың мамандарынан құрылған мобильдік топ ұйымдастыру-тәжірибелік көмек көрсетіп, аудандарда әкім орынбасарларының қатысуымен үйлестіру кеңестерінің өткізілуі оң әсерін тигізді. III-IV кезеңдердің визуалды локализацияларының асқынған және кең таралған қатерлі ісіктер көрсеткіші 7,2%. Бұл да бекітілген нысаналы индикатордан аспайды және республикалық көрсеткіштен төмен, – дейді облыстық онкология орталығының директоры Нұржамал Мырзағалиева.

Онкология – үкім емес

Талдау барысында белгілі болғандай, ауру кеш анықталған пациенттердің 80%-да науқас 3-4 жылдап емханаға мүлдем қаралмаған және уақытылы скрининг өтпеген. Мамандар егер ауру ерте, яғни, I-II сатысында анықталса, тез сауығып кету мүмкіндігі бар екенін айтады. Бірақ, науқастардың басым бөлігі дерт ушыққан кезде емделуге келеді. Сонымен қатар  қатерлі дертке шалдықса болды жазылмастай көретін түсінік қалыптасқан. Бұл – қате түсінік.

Мәселен, 1998 жылы Қызылорда қаласының тұрғыны Римма Кимнің асқазанын толық алып тастады. Кәмелетке толмаған үш баланың анасында қатерлі ісік ерте сатысында анықталды. Дер кезінде емделіп, қайсарлығы мен дәрігерлердің кәсіби шеберлігінің арқасында бұл дертке шалдыққан науқас отыз жылға жуық өмір сүруде. Биыл Римма Ким 70 жасқа толады.

– Басында үлкен жараның салдарынан асқазанның жартысынан көбі алынып тасталды. Екі жылдан кейін ісік анықталды. Қазақ онкология және радиология ҒЗИ-дың дәрігерлері бүкіл асқазанды алып тастауға мәжбүр болды. Ас қорыту мүшесінің қызметін ішек қапшығы орындайды. Ауыр оңалту кезеңінен, химиотерапия курстарынан өттім. Облыстық онкологиялық орталықта жылына екі рет ем аламын. МӘМС жүйесінің арқасында дәрі-дәрмек қолжетімді, МРТ, КТ, ФГДС және т.б. тегін өтемін. 90-жылдары мұның бәрі ақылы болды, – дейді Римма Ким.

Римма әр науқастың өмірі үшін күресетін облыстық онкологиялық орталықтың мамандарына алғыс білдіреді.

«Қатерлі ісік – үкім емес» дейді дәрігерлер. Бүгінде  диспансерлік есепте 5 525 пациент бар, оның 2 796-сы 5 жылдан артық өмір сүруде.

Скринингтің пайдасы

Аурудың алдын алуда, ерте сатысында анықтауда скринингтік тексерудің маңызы зор. Әсіресе, қатерлі дертпен күресте қызметі айрықша.

Скрининг – бұл сау адамдардың жас ерекшелігіне қарай қауіп факторларын және ауруларды алғашқы сатыда анықтау үшін өткізілетін профилактикалық-медициналық тексеріс. Скрининг емдеудің нәтижесін арттырып, асқынудың алдын алады. Бүгінде Қазақстанда онкологиялық скринингтің 3 түрі бар. Былтыр 34 905 әйел сүт безі қатерлі ісігінің скринингтік тексеруінен өткен, 68 жағдай анықталған. Жатыр мойны обыры скринингтік тексеруінен 26673 әйел өтіп, 200-інде ісікке дейінгі ауру, 26-сында аталған ауру ерте сатысында анықталған. Тоқ ішектің және тік ішектің қатерлі ісігіне скринингтік тексеруден өткендердің саны – 42619.

– Облыста қатерлі ісікке күдікті пациенттердің қозғалыс бағытын («жасыл дәліз») мониторингтеу үшін ахуалдық орталық ұйымдастырылып, жұмыс жасайды. Былтыр «Онкоқырағылық І» маркері 99%, «Онкоқырағылық ІІ» 98,7% және «Онкоқырағылық ІІІ» 97,1% жағдайда уақытылы нақтыланып отыр. Ауруларға сапалы медициналық көмек көрсету бағытында түрлі іс-шаралар атқарылып келеді. 

Онкология орталығы  20 жылдан аса уақыт пациенттердің стационарлы ем қабылдауына бейімделмеген облыстық көпбейінді аурухананың әкімшілік-техникалық бөлімінде орналасып келген еді. Бір палатада 7-8 емделушіден жатты, санитарлық торап болмады  және  1 ғана операциялық зал бар еді. Бұл отаға кезекшілік туындатты. Осы аталған жағдайларды ескере отырып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы жаңа ғимаратқа көшу шешімін қабылдап, модульдік орталықтың ғимараты біздің теңгерімге берілді. Бүгінде кең әрi науқастардың ем алуына толық жағдай жасалған онкоорталық өз жұмысын жаңа ғимаратта жалғастыруда. Сондай-ақ емхана бөлімі дәрігердiң кеңесін қажет ететін және жоспарлы ем алу үшін ауруханаға жатуға жолданған пациенттерді де қабылдауда. Жаңа ғимарат санитарлық талаптарға сәйкес  алдын ала 2-3 мәрте зарарсыздандырылып, жұғынды алынып тексерілді. Пациенттердің  төсек жабдықтары толығымен жаңартылды, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Әр палата 2-3 ем алушыға арналған, пациенттер үшін арнайы санитарлық тораптармен, желдеткіштермен, орталықтандырылған оттегімен қамтамасыз етілген. Жансақтау бөлімі 6 төсек-орыннан 12-16 төсек-орынға дейін кеңейтілген, жабдықталған 2 операциялық  залы бар. Қосымша жаңа компьютерлік томограф, заманауи рентген аппараты, видеоэндоскопиялық аппарат алынды, – дейді орталық директоры.

Жаңа тәсілдер – дертке дауа

Жаңа ғимаратқа көшкен орталықта мамандар заманауи жаңа емдеу әдіс-тәсілдерін енгізуге мол мүмкіндік алды. Әсіресе, хирургия саласындағы жаңалықтар өз нәтижесін көрсетуде.

Атап айтқанда, «Радиочастотная абляция» операциясы енгізілді. Оған облыстық бюджеттен бөлінген 50 млн теңгеге алынған Starmed Оңтүстік Корея аппараттарына қосымша қажетті құрал-жабдықтар қосылып,  5 RFA жүргізілген. Конизациялау – жатыр мойны қатерлі ісіктерін ерте сатысында анықтау. Былтыр енгізіліп, 40 ота жасалып, 7 жатыр мойны обырын ерте сатысында анықтауға мүмкіндік берген.

Химиоэмболизация (бауырдың химиоэмболизациясы),  бұл – ісік түйіндеріне химиотерапия енгізумен бірге ісікпен қоректенетін артериядағы қан ағымын тоқтату арқылы ісіктің өсуін тоқтатуға мүмкіндік беретін эндоваскулярлық-хирургиялық әдіс. Өңеш ісігі бойынша гибридті операциялар – лапароскопиялық және торакоскопиялық әдістерді қолдану арқылы жасалатын өңеш резекциясы операциясы.

Сондай-ақ ұйқы безі басының ісігінен туындаған механикалық сарғаю кезінде өт жолдарын эндоскопиялық стенттеу, веналық порт-системаларды енгізуге қол жетті.

Осы орайда онкоорталықта былтыр 600-ден астам ота жасалып, саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 14,9%-ға  артқаны байқалады.

Қатерлі дертпен күресте медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін 10 төсектік онкогематология бөлімі, оңалту және психологиялық қолдау бөлімі, госпитальдық фармация бөлімшесі, ситуациялық орталық, пациенттерді психологиялық қолдау қызметі іске қосылып, SOS-бағдарламасы енгізілді.  

Биыл да бірқатар жаңа әдіс-тәсілдер енгізу жоспарлануда.  Атап айтқанда, лапароскопиялық гастрэктомия енгізу көзделген. Бұл – асқазанның бір бөлігін немесе бүкіл мүшені зақымданған ісікпен алып тастау және науқас ауруханаға ұзақ жатқызуды, оңалтуды қажет етпейді, аз инвазивті қолжетімділікпен жүзеге асырылады. Сүт безі обырына арналған Diep қақпақшасымен операция жасау пациенттің тері астындағы май тінімен, іш аймағындағы нервтермен және қан тамырларымен бірге тері жамылғысын кесу – онкологиялық операциялардан кейін сүт безін қалпына келтірудегі алтын стандарт.

Мәселелер  де жоқ емес,  атап айтқанда, өңірде БМСК онкологтары арасында кадр тапшылығы бар. Қармақшы, Жаңақорған, Алексей Сұлтан Ахмет, №3, №4, №5, №6 қалалық емханаларына  9 негізгі қызметкер, 9 қосымша жұмыскер қажет. Сонымен қатар  онкология орталығында бас және мойын ісіктері бойынша мамандар, тірек-қимыл аппараты ісіктері жөніндегі маман, патоморфолог, нейрохирург кадрларының тапшылығы да өзекті.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<