Қоғамның басты байлығы – халықтың саулығы

1296

0

«Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Коронавирус денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Әлемді жайлаған індеттің беті әлі қайтар емес. Күн сайын мыңдаған азаматымыз дертке шалдығып, талай адам өмірден өтуде. Біз уақыт ұттырмай індетпен күресу шараларын дереу қолға алдық»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан

Мемлекеттің басты байлығы –  адам десек, ұлттың саулығын жақсарту арқылы биік мақсатқа жету барша дамыған елдер ұстанған басты бағыт екені белгілі. «Қазақстан – 2050» стратегиясында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлт саулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі» деп көрсеткен болатын. Осы орайда елімізде қазақстандықтар денсаулығын қорғау бағытында бірқатар бағдарламалар қабылданып, көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.

Былтырдан бері бүкіл әлемді шарпыған коронавирус індеті медицина саласына ауыр соққы болғанын білеміз. Десе де, біздің мемлекетімізде, соның ішінде Сыр  елінде де пандемиямен күресте уақытылы әрі ұтымды қабылданған шаралар нәтижесінде, сала қызметкерлерінің табандылығы, ерлікке пара-пар еңбегінің арқасында індеттің беті қайтып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, кеселмен күрес жұмыстарын күшейту мәселелері  нақты айтылды.  Жолдауда Президент: «Халқымыз «бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Коронавирус денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Әлемді жайлаған індеттің беті әлі қайтар емес. Күн сайын мыңдаған азаматымыз дертке шалдығып, талай адам өмірден өтуде. Біз уақыт ұттырмай індетпен күресу шараларын дереу қолға алдық» деп атап өтті. Расында, төтеннен келген қауіпті ауру адамзат баласын біраз әбіргерге салды. Алғашында аурудың клиникалық белгілері белгісіздеу болып, оны ауыздықтау әдіс-тәсілін білмей дағдарып қалғанымыз жасырын емес. Қаншама жақын-жуықтан, арда азаматтардан айырылдық. Әйтсе де, дер кезінде ес жиып, бар күш-жігерді басқа түскен сынаққа қарсы тұруға жұмсадық. Мемлекет басшысының қолдауымен түрлі ауқымды іс-шаралар атқарылды.

Кеселмен күрес қарқыны

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңірде індет жұқтырған 19370 адам тіркеліп, оның 97 проценті жазылды. Пневмониямен ауырған 2680 науқастың 2484-і (92%) емделіп шықты. Қазіргі таңда инфекциялық төсек-орын саны 295, оның ішінде реанимациялық төсек-орын саны 43, жүктеме 28% құрауда.  Құрылысы былтыр басталған модульдік стационар іске қосылды. Режимді түрде 6 оттегі шығару станциясы жұмыс істеп тұр.

– Дәрі-дәрмек қоры қалыптасқан. Коронавирус инфекциясына қарсы күрес жұмыстарына қажетті медициналық кадрлар мен құрал-жабдықтар жеткілікті. Мәселен, медициналық ұйымдар 686 оттегі концентратор, 251 өкпені жасанды желдету аппараты, 8 компьютерлік томограф, 66 рентген аппаратымен қамтылған. Облыс бойынша 121 дәрігерлік мобильдік топ үйден ем жасауда. Дәрілік заттардың тұрақтандыру қорына жергілікті бюджеттен 488 млн теңге қаржы бөлінді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов.

Жоғарыда айтып өткендей, облыста үй жағдайында дәрігерлік және динамикалық бақылауды қажет ететін науқастарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында мобильдік бригадалар ұйымдастырылды. Олар бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарында ашылды. Биылғы 1 шілдеден бастап барлығы 161 мобильдік бригада құрылды. Оның 38-і қала деңгейінде болса, 28-і аудан орталықтарында, ал 95-і елді мекендерде ұйымдастырылды. Құрамы аймақтық дәрігер, аймақтық мейірбике және жүргізушіден жасақталған.

Кеселмен күресте мамандар тапшылығын жою мақсатында аймаққа 99 жас маман келді. Дәрігер жетіспеушілігін болдырмау мақсатында басқа профильдегі мамандар  арнайы оқулардан өткізілді. Кадр резервін қалыптастыру мақсатында 3500 маман жасақталды. Жалпы эпидемия кезінде  барлық мамандар жұмылдырылып, науқастарға көмек көрсетті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен коронавирус инфекциясымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау ұйымдарының  жұмыскерлерін қолдау мақсатында оларға үстемақы беру қолға алынды. Эпидмаусым басталғалы 36843 қызметкерге 6,8 млрд теңге үстемақы төленді. Қызмет барысында індет жұқтырған 526 медицина маманына төлем тағайындалды. Одан бөлек, инфекциямен күресте қайтыс болған 12 қызметкердің туыстарына қаржы берілді, – деді басқарма басшысы.

Індетті ауыздықтаудың бірден-бір жолы – вакцина. Бұл орайда ел ғалымдары отандық екпе әзірлеп шығарды. Мемлекет басшысы Жолдауда вакцинаның тиімділігі туралы нақты тоқталды. «Қазақстан – коронавирусқа қарсы вакцина шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Біздің вакцинамыздың тиімді әрі қауіпсіз екеніне еш күмән жоқ. Қазір «Qaz Vac»-қа өзге мемлекеттер де сұраныс білдіруде. Елімізде вакцина қоры жеткілікті, азаматтарымыздың таңдау мүмкіндігі бар. Көптеген мемлекеттердің бұған қолы жетпей отыр» делінген Жолдауда.

Жалпы елде биылғы 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы екпе салу жүргізілді. Бұл үшін облыста 106 егу кабинеті жасақталып, оған 133 мейірбике мен 89 дублер тартылды. Бүгінде аймақта ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында екпе алуға қабілетті 452480  тұрғынның 410543-і, яғни, 90,7%-і вакцинаның І компонентін салдырса, ІІ компонентімен 80,3%-і (363472) қамтылды. Бұдан бөлек, Pfizer вакцинасының 23400 дозасы жеткізілді. Үкімет тарапынан орталық қоймаға температуралық режимді сақтауға 4 тоңазытқыш алынды. Бүгінде вакцинаның І компонентін 11 мыңға жуық тұрғын салдырса, ІІ компонентті 718 адам алды. Сонымен бірге, 22 қарашадан ревакциналау жұмысы басталып, 1300-ге  жуық  тұрғын қайталап егілді.

Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде елде коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық ахуалы тұрақталып, карантиндік шектеу шаралары жеңілдетілді, төсек-орындар саны кезең-кезеңімен қысқартылды. 26 қыркүйектен бері  Сыр елі «жасыл аймақ» қатарында келеді.

Бағдарлама бағыты – нәтижелі  көрсеткіштер

Мемлекет басшысы аталған Жолдауда коронавирусқа қатысы жоқ ауруларға байланысты ахуалды нашарлатып алмау керектігін де ескертті.  Жолдауда Президент : «Коронавирусқа қатысы жоқ ауруларға байланысты ахуалды нашарлатып алмауымыз керек. Пандемия кезінде жоспарлы скринингтер мен ота жасау кейінге қалып жатыр. Бұрыннан стандартты екпелер көптеген балаларға салынбай қалуда. Әрине, бұған жол беруге болмайды» деп нақты айтты. Сонымен қатар Жолдауда медицина саласына қомақты қаржы құю керектігі, ол қаржының инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуы тиіс екені ескертілді. 

Биылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша облыстың медицина ұйымдарына 803792 тұрғын тіркелген. Оның 273298-і, яғни, 33,2 проценті  бала. Тұрғындарға медициналық көмекті 23 стационарлық, 21 амбулаториялық емханалық ұйымдар көрсетеді. Негізгі жұмыс «Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында жүргізіледі.  Сала қызметі бағдарламаның негізгі түпкілікті нәтижесін көрсететін 25 индикатор арқылы бағаланады. Бағдарламаның негізгі басым бағыты – медициналық-санитариялық көмек көрсетуді дамыту. Бұл орайда аймаққа түсетін жүктемені 2024 жылға дейін 1500 адамға төмендету, қосымша 51 аймақ ашу жоспарланған.

Күтілетін өмір сүрудің орташа ұзақтығы елдің демографиялық дамуының өлшемі ретінде танылып, негізгі индикаторлық көрсеткіш ретінде бекітілген. Кейінгі 2 жылда өмір сүру ұзақтығының 72,8 жастан (2018 ж.) 72,91 (2019 ж.) жасқа дейін өсуі байқалады. Алайда мамандар былтыр бұл көрсеткіштің 70,15-ті құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,7 процентке төмендегенін айтады. Себебі,  COVID-19 инфекциясының эпидемиологиялық ахуалының күрделенуіне байланысты өлім-жітім көрсеткіші күрт артқан. Бұл өз кезегінде күтілетін өмір сүру ұзақтығының орташа көрсеткішінің төмендеуіне әкеп соғады. Биылғы 10 айда облыс бойынша жалпы өлім-жітім 4113 жағдайды құрап, 1000 тұрғынға шаққанда 5,1-ге жетті. Сәби өлімі 8,6 процентті құрап, 19,6-ға төмендесе, қан айналым жүйесінен өлім-жітім көрсеткіші 7,3 процентке азайып, 92,8-ді құраған. Қатерлі ісікпен сырқаттанушылық есепті мерзімде 3,9 процентке азайып, 100 мың тұрғынға шаққанда 120,3-ті көрсетті. Қатерлі ісіктен болатын өлім 20,6 процентке азайып, көрсеткіш 42,2-ні құрады. Сонымен қатар қатерлі ісікпен ауыратын науқастардың  5 жылдан аса өмір сүру көрсеткіші 52-ні құрап, 4,6 процентке жоғарылаған. Сондай-ақ, туберкулезбен сырқаттанушылық 7,6 процентке төмендеген.

Маман тапшылығын болдырмау – басты назарда

Медициналық көмек сапасын арттыруда мамандармен қамтамасыз етуге үлкен мән берілуде. Жоғарыда айтылғандай, пандемия кезінде инфекциямен күреске барлық медицина қызметкерлері тартылды. Одан бөлек салада маман тапшылығын болдырмау мақсатында түрлі шаралар қарастырылған. Аймаққа бүгінде  141 дәрігер  қажет. Осы орайда резидентурада 95, бакалавриат бойынша 126 маман даярлануда. Сонымен қатар орын алған дәрігер тапшылығын ескере отырып, өңірге аса қажетті мамандарға жәрдемақы беру көзделген. Былтыр жергілікті бюджеттен 39 маманға 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көтермеақы берілсе, биыл 20 маманға 29,3 млн теңге қарастырылған.

Жаңарған құрылыс, заманауи құрылғы

Салаға заманауи технологияларды енгізуге, материалдық-техникалық базаны күшейтуге, профилактикаға, науқастарды диагностикалау мен емдеуге жұмсалатын  қаржы көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Биылдың өзінде саланы қаржыландыру  былтырмен салыстырғанда 23,4 процентке артты. Нақтырақ айтқанда, биылға бөлінген инвестиция көлемі 3,8 млрд теңге, оның ішінде құрылыс пен құжаттамаларды әзірлеуге 2,7 млрд теңге, медициналық құрал-жабдықтарға 1,1 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар биыл жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 1069 млн теңге бөлініп, Арал және Жаңақорған ауданаралық ауруханаларына КТ аппараты, Арал ауданаралық ауруханасына флюрографиялық және маммографиялық аппараттар, №3 қалалық емханаға, екі аудандық ауруханаға УДЗ аппараты алынса, лизинг арқылы Арал және Шиелі аудандарына 2 жылжымалы медициналық кешен жеткізілді. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде келер жылға барлық БМСК ұйымдарының дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сұранысы келісіліп, «СК-Фармация» ЖШС-на тапсырылды. Жалпы сомасы 6,7 млрд теңгені құрайды.

«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасы аясында ауылдық елді мекендерде, оның ішінде тірек және спутниктік ауылдарда фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар ашу мақсатында апаттық жағдайда тұрған және  ғимараты жоқ 17 медициналық бекет пен дәрігерлік амбулатория салу жоспарланып, кезең-кезеңімен іске асырылуда. Келер жылы 350 млн теңгені құрайтын 7 медициналық бекет құрылысын салу жоспарланса, 2023 жылы 3 нысан салу көзделген. Сонымен бірге келер жылы республикалық бюджет есебінен Сырдария өзенінің сол жағалауынан «Облыстық қан орталығы» құрылысын жүргізу, 6 медициналық ұйымға КТ және 2 мекемеге МРТ аппараттарын сатып алу ұйғарылып отыр.

Мемлекет басшысының жыл сайынғы қазақстандықтарға арнаған Жолдауында медицина саласына, тұрғындардың денсаулығын сақтау, аурудың алдын алу, медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мәселелеріне көңіл бөлініп, нақты міндеттер қойылып келеді. Осының негізінде салада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар, қол жеткен табыстар баршылық. Бұл өз кезегінде ұлт болашағына жасалған шынайы қамқорлық екені сөзсіз.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<