Қорғанысты әлсіретіп алмаңыз

632

0

Пандемия басталғаннан бері Қызылорда облысы бойынша коронавирус инфекциясының 25 779 жағдайы анықталды. Оның ішінде 16 874 дерек ауру симптомдарымен болса, 8905 дерегі клиникалық белгілерінсіз тіркелді. Ал жыл басынан бері індетке шалдығудың 6345 дерегі есепке алынды. Оның ішінде 1203 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде. Қыркүйек айында 24 адам коронавирус індетіне шалдыққан.

Қызылорда облысы ақпан айынан бері «жасыл» аймақта, тұрақты эпидахуал қалыптасты. Дегенмен халық арасында вирусқа қарсы екпе алу белсенділігінің төмендегені байқалады. Жүргізілген эпидемиологиялық зерттеулер кейінгі уақытта вирус жұқтырғандардың 80%-ға жуығы вакцина алмаған немесе соңғы вакцинадан кейін 6 ай өтіп кеткен адамдардың үлесінде екенін көрсетіп отыр.

Вирусқа қарсы вакциналаудың белсенділігін арттыру – уақыт талабы. Бүгінгі күні облыс емханаларында вакциналау ревакциналау үздіксіз жүргізілуде. Екпе алуға тиісті контингенттің 94%-ы вакциналаудың толық курсын алса, 257 078 адам ревакциналаудан, ал 51078 тұрғын қайталама ревакциналаудан өтті.

Коронавирус инфекциясының пандемиясы әлі аяқталған жоқ, сондықтан вакциналау мен ревакциналаудың пайдасына дұрыс таңдау жасау керек. Бұл ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына және тұрақты эпидемиологиялық жағдайды ұстап тұруға өз септігін тигізеді. Сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық профилактикалық шараларды да ұмытпауға шақырамын. Себебі қарапайым ғана сақтық шаралары тек COVID-19-дан емес, барлық инфекциялық аурулардан, ауа тамшылары арқылы таралатын вирустардан қорғануға көмектеседі. Бүгінгідей күн суытып, түрлі вирустық аурулардың таралу маусымы басталған кезде бұл аса маңызды.

Динара ЖАҢАБЕРГЕНОВА,

облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<