Қызылорда облысында 2 адамнан Конго-қырым қанды безгегі анықталды

596

0

Қызылорда облысында екі адамнан Конго-қырым қанды безгегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда науқастардың жағдайы бірқалыпты. Олар жұқпалы аурулар бөлімінде ем алуда. Екі дерек те Шиелі ауданында тіркелген.

Жалпы, кенелердің таралуына байланысты облыста 113 елді мекен қолайсыз деп танылды. Бұл аймақтарды залалсыздандыруға бюджеттен қаржы қарастырылған.

«Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге мердігерлер белгіленді. Мамандар 567 мыңнан астам мал және 33385 қора, суаттарға көктемгі және күзгі залалсыздандыру шараларын атқарады. Қазіргі таңда Шиелі, Жаңақорған аудандарында аталған жұмыстың алғашқы кезеңі аяқталып, келесі кезең жүргізілуде. Жалағаш пен Сырдария аудандарында бірінші кезең жалғасуда. Залалсыздандыру жұмыстарына дизицип ерітіндісі қолданылуда», – деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқарма басшысының орынбасары Бағдат Алиев.

Кенелерден зақымдану көрсеткіші өткен жылы 1,7 пайыз болса, ал биыл 5,4 пайызды құрайды.

«Айта кететін жайт, кене шаққан жағдайда азамат бірден тұрғылықты жердегі медициналық пунктке жүгінуі тиіс. Сол арқылы қажетті ем-дом шараларын алуына мүмкіндігі бар», – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<