Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев 10 қаңтарда «Қызылорда – Астана» бағытындағы ұшақ бортында адам өмірін құтқарып қалған жерлесіміз Дінмұхаммед Бектұрғанның ата-анасы Нұрболат және Ғалия Нұрсейітовтермен кездесті, деп хабарлайды Syrboyi.kz.
Дінмұхаммедтің жас болса да, шұғыл әрі батыл, сауатты әрекет жасағанына ризашылығын білдірді. Баласына жақсы тәлім-тәрбие бергені үшін ата-анасына алғысын жеткізді.
Интерн маман оқуын әрі қарай үш жылдық резидентурада жалғастыруды жоспарлаған. Аймақ басшысы елдің атынан алғыс ретінде Дінмұхаммед Бектұрғанның оқу ақысын төлеуге қолдау білдіретінін айтты.
«Дінмұхамед медициналық көмекке мұқтаж азаматқа дер кезінде алғашқы жәрдем көрсетіп, өмірін сақтап қалды. Оның уақыт оздырмай қабылдаған шешімі, сауатты іс-қимылы өзі сияқты медицина мамандығында білім алатын жастарға үлгі-өнеге болды.
Бұл арқылы Дінмұхамед өз мамандығын жақсы меңгергенін ғана емес, ата-анасынан, ұстаздарынан, аға буын әріптестерінен тағылымды тәрбие алғанын көрсетті.
Дінмұхамед секілді жас мамандар – еліміздің болашағы. Біз осындай азаматтарға әрдайым қолдау көрсетіп, ерлік ісін өскелең ұрпаққа үлгі етіп насихаттауымыз қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мемлекетіміздің келешегі – жастардың қолында. Ол жай ұран емес. Бұл – біздің басты саясатымыз. Сондықтан келешекте де біз жастарды қолдаймыз. Оларға жәрдем береміз. Әсіресе, дарынды жастарды тұрақты түрде қолдауымыз керек» деген болатын.
Білімді, білікті, адал, туған елінің патриот жастарын қолдау мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып қала береді.
Президентіміз тек жастардың ғана емес, өскелең ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздардың, қарапайым еңбек адамдарының өнегелі істерін әрдайым көпке үлгі етіп айтып келеді. Өз мамандығын жетік білуге талпынған, үздік оқитын, патриот азаматты тәрбиелеп өсірген сіздерге және ұстаздарға барша Сыр жұртшылығының, өзімнің атымнан зор ризашылығымды білдіремін», – деді Н.Нәлібаев.
Еске салайық, Дінмұхаммед Бектұрған Астана медицина университетінің 7- курс студенті. Қазір интернатурада оқиды.
Кеше Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Дінмұхаммедті министрліктің «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Интерн маман Астана медицина университеті ректорының міндетін атқарушы Анар Тұрмұхамбетованың, «Аманат» партиясы Астана қалалық филиалының жетекшісі Мұхаммед Болысбектің және «ҚазақЭйр» компаниясы экипаж командирінің «Алғыс хаттарына», 4 тегін авиабилетке ие болды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<