Қызылорда «коронавирус бағдаршамының» жасыл түсінен сары түсіне ауысты. Облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова осыған байланысты аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес шұғыл жиын өткізді.
Өңірдің әр түкпіріндегі аурудың таралу көрсеткіші және мониторинг топтарының жұмысы жөнінде қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары айтып берді.
Ахуал, әсіресе, Қазалыда асқынып тұр. Бір балабақшаның өзінде 4 тәрбиеші мен 5 бүлдіршіннің ауру жұқтырғаны анықталды.
– Бүгінде ауру ошағына айналған тәрбиеленушілер тобы карантинге жабылды. Ал ғимарат залалсыздандырылып, науқастармен қарым-қатынасқа түскендер ПТР тестін тапсырды. Нәтижесі енді жарияланады, – деді аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев.
Жыл басынан бері ұзын саны 6133 адам ПТР сынамасын тапсырса, өкінішке қарай, соның 48-нен оң нәтиже анықталды. Арасында білім саласының 23 өкілі бар, оның 7-і – мұғалім, 8-і – оқушы, 8-і – балабақша тәрбиеленушісі. 16 науқас ауруынан толық айықты. Үй карантиніндегі 28 адамның денсаулығы дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Қалғаны ауданаралық ауруханада емделіп жатыр.
Мұның бәрі – бейқамдықтың салдары. Медициналық бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау сияқты қарапайым талаптар тасада қалды. Тіпті елде пандемия жарияланып, карантиндік шектеу қойылғанның өзінде тығылып той жасап, ас беретіндер айылын жияр емес. Бір ғана Қазалыда пандемия басталғалы талапты өрескел бұзған 203 адамға айыппұл салынды. Оның 19-ы – жыл басынан бергі көрсеткіш.
«Сары аймаққа» айналуымыздың себебі сол, сақтық шараларына салғырт қарағаннан індет құрығына ілінгендер саны күрт көбейді. Сәуір айының алғашқы жеті күнінде «COVID-19» жұқтырудың 201 дерегі есепке алынды. 8 сәуірде 22 жағдай тіркелсе, соның 77 проценті – науқастармен байланыста болғандар.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова бес күнге дейін осылай жалғасса, карантин талаптары күшейтілетінін жеткізді.
– Шектеуді күшейткен дұрыс. Бірақ оның нәтижелілігі маңызды. Ауруға төтеп берудің қорғанудан бөлек жалғыз жолы – вакцина қабылдау. Екпемен қамтылғандар санын белгілі бір көрсеткішке жеткізбей болмайды, – деді ол.
Екпе науқаны басталғаннан 8 сәуірге дейін “Спутник-V” вакцинасының І компоненті он мыңдай тұрғынға егілді. Оның үш мыңнан астамы ІІ компонентті қабылдап үлгерді. Басым бөлігі – медицина мен білім саласының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері.
Екпе қабылдайтын адам бірқатар жайтты ескергені жөн. одан кейін, мысалы, жарты сағаттай дәрігер бақылауында болады. Келесі үш күнде дене қызуының көтерілуі, бас ауыруы сияқты белгілер байқалуы, денеде реакция болуы мүмкін. Егілген дене бөлігі ауырып, ісінуі, қызаруы ықтимал. Сондықтан ол жерге үш күнге дейін су тигізуге болмайды.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова вакцинаның маңыздылығын жұртшылыққа кеңінен түсіндіру үшін үгіт-насихат шарасы үздіксіз жүргізілетінін жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары қауіпті дерт адамдар көп шоғырланған орындарда кеңінен таралатынын, сондықтан халықты мамандар сөзіне құлақ асып, қауіпсіздік талаптарына қырын қарамауға шақырды. Өйткені әрбір тұрғынның денсаулығы мен қауіпсіздігі мемлекет үшін маңызды.
Назерке Саниязова,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<