Қызылордада биыл 81 мыңнан астам жедел респираторлы вирусты инфекцияға шалдыққан

1767

0

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Қызылорда облысында биыл 81 мыңнан астам жедел респираторлы вирусты инфекцияға шалдыққан. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар үлесі басым.

Мамандар жаздың аяқталып, күздің салқыны басталған уақытта жедел респираторлы вирусты инфекциялардың, тұмаудың белең алатынын айтады. Бұл уақытта оған шалдыққандар саны көбейеді.

«Биыл жыл басынан бері облыста жедел респираторлы вирусты инфекцияға 81258 адам сырқаттанған. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар үлесі – 51 801. Ал тұмау ауруы 78 адамнан анықталды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықты тұмаудан қорғаудың жалғыз және тиімді әдісі ретінде тұмауға қарсы вакцинациялауды ұсынады. Осы мақсатта тұмаудың эпидахуалын тұрақтандыру және ауру деңгейін төмендету бағытында 85004 доза вакцина қоймаға жеткізілді. Тұмауға қарсы иммундауға Ресей елінде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы қолданылады», – дейді Қызылорда облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова.

Тұмау өзінің асқынуымен қауіпті. Ең жиі кездесетін тұмау ауруының асқынуы – пневмония. Басқа да жиі кездесетін асқынулар – бронхит, синусит, отит, миозит, миокардит. Бұл ауру 2 жасқа дейінгі балалар, созылмалы ауруы бар науқастар және қарттар арасында ауыр ағымда өтеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада баласына вакцина салғызбайтын ата-аналар көбейіп келеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<