Қызылордада Кейден ауылында 6 адам ауыл әкімі қызметіне үміткер

644

0

Қызылорда облысында ауыл әкімі сайлауына ең көп үміткер Жаңақорған ауданы Кейден ауылында тіркелген. Ауылдық округте 6 адам ауыл әкіміне үміткер ретінде қатысуда.

Округте 500-ден астам адамның әкім сайлауында таңдау білдіруге мүмкіндігі бар. Қазірге дейін олардың тең жарымына жуығы сайлау учаскесіне келіп үлгерді.

Ауыл әкімі сайлауына қатысып жатқан үміткерлердің ең үлкені – 61 жаста болса, ең жасы – 1985 жылы дүниеге келген азамат. Олардың ішінде 2-еуі партиялар атынан додаға түссе, қалғаны өзін-өзі ұсынғандар.

«Ауылдық округке Кейден және Аққұм елді мекендері қарайды. Тұрғындар сайлауға белсене қатысуда. Бақылаушылар сайлау барысына назар салып отыр. Ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ. Тиісті санитарлық талаптар сақталуда», – дейді №341 сайлау учаскесінің төрайымы Айжан Шерубаева.

Ауыл тұрғыны Әлназар Әбілғазиев саяси маңызы зор шараға қатысқанына қуанышты екенін айтады. Бұл болашақта ауыл өмірін жақсартуға өз септігін тигізеді деп санайды.

«Әрбір саяси шара тұрғындарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Мен бүгін өз таңдауымды білдірдім. Халық сеніміне ие болған азамат ауылдың гүлденуіне күш салады деген ойдамын. Туған жеріміздің түлеуіне осылайша барлығымыз атсалысатын боламыз», – деді Әлназар Әбілғазиев.

Облыс бойынша Жаңақорған ауданында ең көп ауыл әкімі сайланады. Мұнда 13 ауылдық округте аталған саяси маңызды шара өтуде.

Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Сұлтан Ибрагимовтың айтуынша, 13 ауылдық округтегі 17 сайлау учаскесінде 45 адам үміткер ретінде тіркелген. Олардың арасында үміткер ретінде Кейденде – 6 адам тіркелсе, ол Келінтөбе, Қыраш, Қосүйеңкі, Манапта – 4, Жаманбай батыр, Талап, Байкенже, Екпінді, Өзгент, Қожамберді, Қожакентте – 3, Көктөбеде – 2 адамды құрайды.

Облыс бойынша 54 сайлау учаскесі бар. Онда 304 комиссия мүшесі жұмыс жасауда. Өңірде 36 071 адам сайлаушы бар.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<