Қызылордалық дәрігерлер Еуропада біліктілігін арттырды

33

0

Фото: ОКҚ

Қызылорда облысында соңғы үш жылда денсаулық сақтау саласына 441 млрд теңге бөлінген. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыстың барлық ауданында 10,7 млрд теңгеге 28 медициналық нысан салынған. Бұл туралы өңір әкімі Нұрлыбек Нәлібаев есептік кездесуінде айтып берді. 

— Қызылорда қаласында 36,4 млрд теңгеге 300 орындық көпбейінді аурухана орталығы салынып жатыр. Төрт аудандағы орталық ауруханалар жанынан 5,4 млрд теңгеге жапсарлас ғимараттар салынды. Шиелі және Арал аудандарында 4,5 млрд теңгеге жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимараты салынды. Тағы 2,7 млрд теңгеге Қан орталығы ашылып, жұмысын бастап кетті, — деді Н. Нәлібаев елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.

Облыс орталығында 48,5 млрд теңгеге 200 орындық перинаталдық орталық ғимараты мен 146,7 млрд теңгеге 500 орындық емхананы салуға Үкімет қаулысы қабылданды. Жақын күндері құрылыс жұмыстары басталады.

Бұдан бөлек, Қызылорда қаласында 10 млрд теңгеге 400 орындық емхананың құрылысы басталады.

— Тұрғындарымыздың сұранысына сәйкес, соңғы 2 жылда жергілікті бюджеттен 5 млрд 400 млн теңгеге 225 дана жаңа санитарлық автокөлік, 45 жедел жәрдем көлігі алынды. Өңірдегі барлық елді мекендегі денсаулық сақтау ұйымдары арнайы қызметтік автокөліктермен 100 пайыз қамтамасыз етілді, — деп толықтырды облыс әкімі.

Сонымен бірге, облыстағы денсаулық сақтау мекемелеріне 15 млрд теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды, 6 млрд теңгеге 24 медициналық нысан күрделі жөндеуден өткізілді.

Аймақтағы денсаулық сақтау ұйымдарының жабдықталу деңгейі 2022 жылы 83,2% болса, биыл бұл көрсеткіш 87,4% жеткен.

— Тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету үшін мамандарымыздың біліктілігін арттыру ұдайы назарымызда. Өткен жылы 15 дәрігер мамандарымыз Түркияның жетекші медициналық клиникасында білімдерін жетілдірді. Биыл 41 медициналық қызметкеріміз Германия, Ресей, Литва, Беларусь елдеріндегі үздік дәрігерлік клиникаларда біліктіліктерін арттырды, — деді Н. Нәлібаев.