Кеше облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа мәжілісі өтті. Аймақтың медицина мекемелерінің басшылары бас қосқан жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет арнайы қатысты. Былтырғы көрсеткіш, алдағы міндет сараланды.
Жиылғандар пандемиямен күресте қайтыс болған әріптестерін, яғни, медицина қызметкерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды.
– Өздеріңізге белгілі өткен жыл коронавирустық пандемия әкелген өзгерістермен ерекшеленді, – деді басқарма басшысы С. Пазылов мәжілістегі алғашқы сөзде. – 16 наурыздан бастап елде Мемлекет басшысының Жарлығымен төтенше жағдай жарияланды. Өңірімізде бірінші науқас 28 наурызда тіркелді. Сонан бастап медицина қызметкерлері аянбай еңбек етіп, індетпен күресіп келеді. Күрделі кезеңде жан-жақтан қолдау көрсетілді. Мәселен, әкімдіктер өз автокөліктерін пайдалануға берді, қала бойынша 47 кәсіпкер қаржылай көмек берді. «Арал тұз» компаниясы 50 млн теңге қаржылай көмек көрсетті. Оған 2 санитарлық автокөлік және 200 төсек жабдықтары сатып алынды. Онан бөлек, рентген аппараттары, басқа да құрал-жабдықтар алынды. Екі оттегі станциясы да демеушілер көмегімен салынды.
Басқарма басшысының айтуынша, індет басталған уақытта 700 төсек-орын болса, кейіннен 2405-ке дейін көбейтілген. Қауіпті кеселмен күреске облыстық фтизиопульмонология, тері-венерология диспансері, темір жол ауруханасы және облыстық психикалық денсаулық орталығы жұмылдырылды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің №5 жатақханасы провизорлық стационар ретінде қолдануға берілді. Індетпен күреске осы күнге дейін 17 мың адам жұмылдырылды. 790 адамның ішінде індет жұқтырған 526 қызметкерге өтемақы төленген.
– Осындай қиындықтарға қарамай жұмыс жүріп жатты. 2020-2025 жылдарға арналған ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыстағы медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жетілдіруге аса мән берілуде. Даму жоспары бекітілді. Жоспар аясында жалпы құны 73,5 млрд теңгені құрайтын 118 нысан салу көзделіп отыр. Оның 59-ы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылмақ, – деді басқарма басшысы ендігі сөзінде.
Онан әрі «Денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» аясында облыстың медицина ұйымдарының Меморандумдағы мақсатты индикаторлық көрсеткіштерге қол жеткізуінің жыл қорытындысы туралы басқарманың бөлім басшысы Әсел Қыдырәлиева хабарлама жасады.
Оның айтуынша, бүгінде облыстағы БМСК ұйымдарына 794 935 адам тіркелген. Облыстық статистика департаментінің мәліметі бойынша 814 461 адам.
2020 жылы аймаққа 109 маман тартылып, олардың 36%-і (39 дәрігер) елді мекендерге жолданған. Осының нәтижесінде бүгінгі күні облыс халқына 2423 дәрігер, 9528 орта буын маман медициналық қызмет көрсетеді. Дипломнан кейінгі резидентурада 61 маман, бакалавриат бойынша 100 маман даярлануда. Алғаш рет облыс әкімінің бастауымен, жергілікті бюджет есебінен 29 жас маманға мөлшері 500 АЕК көлемінде жалпы сомасы 54,2 млн теңге (әр маманға 1 389,0 мың) біржолғы көмек көрсетілді.
Жедел медициналық жәрдем көрсету 113 санитарлық автокөлікпен, оның ішінде 79 бригадамен қамтамасыз етіледі. Былтыр қараша айында облысқа 40 санитарлық автокөлік алынды. Жедел жәрдем автокөліктерінің құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі 100%.
Ана мен балаға көрсетілген медициналық көмек туралы басқарма басшысының орынбасары Анар Шүкірова баяндады.
Облыстың демографиялық ахуалында оң көрсеткіш бар. Былтыр 21429 нәресте дүниеге келген.
Алқа мәжілісінде облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет пандемия кезінде ерекше табандылық танытқан медицина қызметкерлеріне алғыс айтты.
– Халық денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы. Өткен 2020 жыл еліміз үшін өте күрделі болды. Сыр халқы қай кезде де қиындыққа мойыған емес. Бұл жолы да біз табандылығымызды танытып, бір-бірімізге қолдау білдірдік. Бүгінде Қызылорда облысы «жасыл аймаққа» тұрақтап, эпидемиологиялық күрделі жағдайдың алдын алуға дайын.
Облыста аудандық орталық ауруханалар салу мәселесін толығымен шештік. Енді алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін 62 нысанды 2024 жылға дейін жаңартуды жоспарлап отырмыз. Президент тапсырмасына сәйкес былтыр індетпен тікелей күрескен 3 мыңнан аса медицина қызметкеріне 3 млрд теңге көлемінде үстемеақы төленді. Аянбай еңбек етіп, Мемлекет басшысы «бейбіт күннің батырларына» балаған медицина қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Арнайы Президент Жарлығымен енгізілген «Халық алғысы» медалімен марапатталған 107 жерлесіміздің 35-ін немесе 32,8%-ін медицина қызметкерлері құрады.
Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен Тәуелсіздігіміздің 30-жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Аталған жоспардың жүзеге асырылуына баршамыз белсенді атсалысуымыз қажет. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз нәтижелі болсын, – деп атап өтті Серік Әбжәліұлы.
Айнұр Батталова
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<