«Саламатты Қазақстан»: шалғай ауылдардағы 100 мыңға жуық адамға көмек көрсетілді

1300

0

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Шалғай ауылдарда медициналық көмек көрсетуге арналған «Саламатты Қазақстан» пойыз-жобасы 8 айда Қазақстанның 17 облысын аралап шықты. Денсаулық керуеніне «Самұрық-Қазына» қоры бірнеше жылдан бері қаржылық қолдау көрсетіп келеді, деп хабарлайды Kazinform.

Рельстегі емхана

Биылғы сәуір айында Алматыдан жолға шыққан медициналық пойыз 18 мың шақырым жол жүріп, шалғай жатқан 121 станцияда болды және Жамбыл облысында сапарын аяқтады.

«Саламатты Қазақстан» – пандемиядан кейін қайта қосылған жобалардың бірі. Өткен жылы «Медициналық пойыздар» жобасында екі бағытта екі пойыз жүрген еді. Биыл жобаның тиімділігін арттыру үшін екі бағытты біріктіріп, 121 станцияны қамти алатын бір ғана пойызды жалдадық, 590 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражат пойызда жұмыс істейтін азаматтардың тамақтануы, пойыздың жүру шығындарына, пойыздың сапалы қызмет етуіне қарастырылды. Ал мамандардың еңбекақысы Денсаулық сақтау министрлігі есебінен өтелді», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бұл пойыз облыс орталығынан алыс, шалғай өңірлерге, ауылдарға барып, екі күннен аялдады. Әрбір ауылда 100 тұрғыннан 2 мың тұрғынға дейін халық осы пойызда қызмет алған.

«Бұл жобаның маңызы өте зор. Өйткені осының арқасында халық денсаулығын жақсартуға, алыс аудандар мен ауыл тұрғындарына қажет қызмет түрлерін қолжетімді етуге мүмкіндік туады. Оның үстіне биыл медициналық мамандар құрамына алғаш рет медиатор мен заңгер қосылды. Өткен жылы 80 мыңдай халықты қамтысақ, биыл құқықтық кеңесті қосқанда, 98 мыңнан астам халыққа медициналық және құқықтық көмек көрсетілген. Жоба 88 994 қазақстандықтың денсаулығын жақсартуға үлес қосты, оның ішінде 19 мыңнан астам бала бар», – деді спикер.

Пойыз ішінде 11 мың шағын ота жасалды

«Саламатты Қазақстан» пойызы жапон және неміс медициналық құрал-жабдығымен толықтай жабдықталған. Қажет болған жағдайда толық жалпы және биохимиялық талдауларды, рентгенография және флюорография, ішкі органдар мен тамырларды ультрадыбыстық зерттеу, электрокардиограмма, гастрофиброскопия, диагностикалық зерттеулер жүргізе алады.

«Бұл медициналық пойыз ерекше. Ол медициналық жұмысқа арналған, заманауи жабдықталған 8 вагоннан тұрады. Сонымен қатар құрамында вагон-мейрамхана, барлық медициналық жабдықтың үздіксіз жұмысына жауап беретін вагон-дизель-генератор бар. Ал, қуаты ТЖ кезінде шағын елді мекенді қамтамасыз етуге жетеді. Тағы 2 вагон қызметкерлерге арналған», – дейді «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ» жанындағы Әлеуметтік жобалар қорының директоры Ербол Кеңгірбаев.

Биылығы жобада 35-тен астам дәрігер және заңгер, медиатор маман қызмет көрсеткен. Оның ішінде терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, көз дәрігері, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, стоматолог сынды білікті мамандар болған.

«Дәрігерлер алғашқы медициналық-санитарлық көмек, консультациялық-диагностикалық көмек қызметтерін ұсынып, зертханалық зерттеулер жүргізді. Пойыз ішінде 11 мыңға жуық шағын хирургиялық ота жасалды, 11 мыңнан астам пациентке стоматологиялық көмек көрсетілді, жоғарыда айтылғандай 19 мыңнан астам балаға қызмет ұсынылды. Тексеру қорытындысы бойынша әртүрлі аурулары бар 8 700-ге жуық азамат анықталды, оның 8 400-і динамикалық бақылауға алынды», – деді ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева.

Пойыздың бас дәрігері Айнұр Егінбаеваның айтуынша, тұрғындарды тексеру кезінде қант диабеті, глаукома, липома, артроз, созылмалы холецистит, созылмалы панкреатит, бүйректің және аналық бездердің кисталары, туа біткен жүрек ақауы, жүрекшелер қалқасының ақауы аурулары жиі анықталған. Онкологиялық аурулардан бөлек, бронхит, пневмония, гастрит та байқалған. Тұрғындардың арасында невропатолог, хирург, көз, құлақ және мұрын дәрігерлеріне сұраныс көп болған.

Алғаш рет медиаторлар шалғай ауылдарға барды

Биыл «Samruk-Kazyna Trust» қоры Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұсынысымен «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызына алғаш рет медиатор мен заңгер мамандарды қосты. Осылайша медициналық пойыз 10 мыңға жуық заңгерлік және медиативтік көмек көрсетіп үлгерген. 

Ұлттық комиссия өкілі, заңгер-медиатор, Халықаралық медиация инстиутытының басшысы Жанар Үсіпбекованың мәліметінше, пойызда 9 802 адамға ақысыз құқықтық және медиативтік, яғни, татуластыру көмегі көрсетілді. 

«Оның ішінде, 5 мыңы – заңгерлік кеңес, 3 мыңнан астамы – медиативтік консультация, 500 медиативтік келісімшартқа қол қойылды, яғни заңгер мен медиатор азаматтардың мәселесін сотқа жеткізбей, шешіп берді. Мамандар жергілікті ауыл, аудан әкімдерімен бірлесіп, су, жол секілді мәселелерді шешуге қатысты. Сондай-ақ тұрғындар несиенің мерзімін ұзарту, алимент өндіріп алу, шағын бизнес ашу сияқты мәселелермен жүгінген», – деді Ж. Үсіпбекова.

Келесі жылы «Саламатты Қазақстан» пойызы жолға шыға ма?

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева келесі жылы да Денсаулық сақтау министрлігінің қажеттілігіне қарай, Қордың осы маңызды жобаны қаржыландыру мәселесін қарастыруға дайын екенін айтты. Ал, ДСМ өкілі Гүлнәр Сәрсенбаева келесі жылы Денсаулық сақтау министрлігі аталған жоба аясында ынтымақтастықты жалғастыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

«Алдағы жылы Денсаулық сақтау министрлігі осы жоба аясында ынтымақтастықты жалғастыруды жоспарға енгізді. Сондай-ақ бүгінгі күні «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылуда, оның шеңберінде 2026 жылға дейін 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарын салу көзделген. Әрине, жыл сайын ауылдық денсаулық сақтау нысандарының инфрақұрылымы жақсарып келеді. Жаңа нысандарды ескере отырып, елдімекендердің кестесі мен саны қайта қаралып жатыр», – деп түсіндірді Г.Сәрсенбаева.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<