23 тамыздағы мәліметке сүйенсек, өңірде коронавирус инфекциясымен 124 жағдай тіркелген. Жазылып шыққандар саны 150-ге жетті. Жақында 500 орынға лайықталған «Сейхун» стационарынан соңғы науқас үйіне шығарылды.
Эпидахуал ушыққанда бұл стационар қайта жасақталып, індетпен күресте белсенді жұмыс атқарған болатын. Ол 30 шілде күні ашылып, 16 тамыз күні соңғы науқастың үйіне оралуына септігін тигізді. Облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Аман Тұрсынов мұнда екі аптадан астам уақытта коронавирус індетіне шалдыққан 200-ге жуық науқасқа ем-дом көрсетілгенін хабарлады.
– Биыл коронавирус жастардан көп анықталуда. Әсіресе, екпе салдырмаған жерлестер ауыр жағдайда орталыққа жеткізілді. Облыстық психикалық денсаулық орталығының 70 қызметкері стационар жұмысына жұмылып, әрбір науқастың сауығып кетуіне күш салды. Коронавирус басқа вирустарға қарағанда азулы. Мәселен, осы уақытқа дейін ғалымдар таралған вирустың барлығын ғылыми жолмен тоқтатқан. Сондықтан екпе ұжымдық имунитетті қалыптастырады деуге негіз айтарлықтай. «Үрей – дерттің жартысы, сабыр – емнің жартысы, төзім – сауығудың басы» деген ғалым Ибн Сина. Сабыр мен сақтықты, төзім мен тәртіпті серік етсек және әлем елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, бұл күн артта қалады, – дейді ол.
А.Тұрсынов айтқандай, індетпен күресте әрбір медицина қызметкері белсенді. Мәселен, №3 қалалық емхана мамандарынан жасақталған 6 мобильді топ та инфекция жұқтырған науқастарды көрсеткішіне қарай провизорлық және карантиндік стационарларға тасымалдау және үй жағдайында амбулаторлы ем тағайындауды жүйелі жүргізіп жатыр. Емхананың инфекционист дәрігері Лаура Мүсірепова індетпен күрес оңайға соқпай тұрғанын және қазір емханада таңғы сағат 8:00-ден 22:00-ге дейін жоспарлы вакцина салдыру жалғасып жатқанын алға тартты.
Бұл орайда сандарды сөйлетсек, 1 ақпаннан бастап екпенің алғашқы 1000 дозасы өңірге жеткізіліп, алғашқы кезеңде ол медицина саласының қызметкерлеріне, педагогтар мен полиция қызметкерлеріне салынған еді. «Бүгінде екпенің І компонентін 251454 адам қабылдаған, ІІ компонент 197292 тұрғынға егілді» деген мәліметпен бөлісті облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<