Кейінгі күндері өңірде эпидемиологиялық ахуал біршама тұрақталды. Дегенмен бұл сақтық шараларына салғырт қарауға себеп емес. Өңірде індет жұқтырғандар саны 6326-ға жетті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов мәлімдеді.
Облыс бойынша инфекциялық стационарда 392 науқас, реанимация бөлімінде 44 науқас ем қабылдауда. Басқарма басшысы инфекциялық төсек-орындар санын көбейтіп, дер кезінде тиісті ем шаралары жүргізіліп жатқанын айтты.
– Осы ретте инфекция белгілері байқалғанда емханаға немесе дәрігерге хабарламай, өздігінен ем қабылдаушылар қатарынан COVID-19 көптеп анықталып жатқанын айтқым келеді. Сол себепті тұрғындардан ауру белгісі байқалған сәтте дәрігерге қаралып, дер кезінде ем бастауды сұраймын, – деді ол.
Аймақта екпе жұмыстары жалғасуда. Отандық және шетелдік екпелер қоры жеткілікті. Әр азаматқа таңдау мүмкіндігі берілген. Жыл басынан 18 мамырға дейін аймағымызда екпенің бірінші компоненті 77 751 адамға, екінші компоненті 21 мың адамға салынған.
– Жылжымалы егу бригадалары да халыққа қолжетімді жерлер мен шалғай ауыл-аймақтарды аралап, екпе жұмыстарын жүргізуде. Вакцина – өзіңізді қорғау арқылы басқа адамдардың денсаулығына қамқорлық жасау. Дегенмен, екпе салдырғаннан кейін де сақтық шараларын ұмытпаған абзал. Күнделікті бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтық пен гигиена талаптарын орындаудың маңыздылығы айтылып келеді. Десе де, соған қарамастан, қорғану амалдарына селсоқ қарайтындар аз емес. Саулық сақтықта екенін ұмытпаған жөн, – деді С.Пазылов.
Айта кетейік, жаңа қаулыға сәйкес вакцина қабылдаған адам жоспарлы түрде ауруханада ем алуға, шет елге және өзге мекемелерге ПТР сынамасынсыз кіруге толық мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, «Ashyq» жобасына қатысатын нысандар жұмысына рұқсат берілді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<