Саумал ішіп сауыққан

427

0

Сурет ашық дереккөзден

Ұлттық сусын түрлерін қазақ тек шөл басу үшін емес, емдік мақсатта да қолдануды әу бастан білген. Соның ішінде саумал 40 түрлі дертке шипа. Ғалымдардың пайымынша, ол минерал мен дәруменге бай. Құрамында 80-ге жуық биологиялық белсенді қоспа кездеседі. Саумал метаболизмді қалыпқа келтіруге, суық тию мен тұмаудың алдын алуға, қатерлі ісік ауруларын емдеуге көмектеседі. Иммундық жүйенің қызметін, қан айналымын жақсартады.

Осындай қасиетін біліп, пайдасына көз жеткізгендердің бірі – жалағаштық Тоғжан Құдайбергенова. Дәрігерлердің өзі «енді емделмейді» деген аты жаман ауруды табиғи өнім, таза ауаның арқасында жеңгенін естігенде таңғалдық. Бірақ шындығы сол.

– Үш жыл бұрын қатерлі дертке шалдықтым. Оның алдында кондитерлік бизнесім болған еді. Торт пісірдім. Бірақ аурудан бас көтере алмағасын кәсібімді үзуге тура келді. Өйткені бұл өмір мен өлімнің мәселесі еді. Екі ай химиотерапиямен емдегесін дәрігерлер үміт үзіп, үйге қайтарды. Мен сонда да өмірге құштарлығымды жоғалтқаным жоқ. Жаман ойға берілмей, «бала-шағамды жетілдіруім керек» деп өзімді-өзім жігерлендірдім. Ауылда шұбат, саумал іштім. Жанға жайлы таза ауа да көмектесті. Денсаулығым ақырындап қалыпқа келе бастады, – дейді кейіпкеріміз.

Ауруынан айыққан ол қазіргі күні бала-шағасының ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Үй шаруасын ұршықша иіріп, мыңғырған малдың да бабын жасап жүр. Еңбексүйгіш отбасының қарамағында екі үйір жылқы, он бес шақты түйе, он шақты сиыр, көптеген қой-ешкі бар.

Дәрігерлердің өзі кейіпкеріміздің денсаулық жағдайына таңырқай қарап, өзгелерге мотивация болсын деген оймен әлеуметтік желіде парақша жүргізуді ұсыныпты. Ұсынысты құп алып, емнің құпиясын бөлісіп жүріп, қаралымды көбейтті. Бүгінде оны ауылдастары мен жүз мыңнан астам оқырманы «блогер келін» есімімен жақсы таниды. Сөзіміздің басында айтқанымыздай, Тоғжан Құдайбергенованың екінші тынысын ашқан – ірі малдың сүті.

Осыған ұқсас жағдай қызылордалық Мехрибан Бақтиярқызының әулетінің де басынан өтті.

– 2016 жылы әкем қазақ «қылтамақ» дейтін аты жаман ауруға шалдықты. Ота жасап, тыныс алу органын алдырып тастады. Бір ай бойы ауруханада жатты. Дәрігерлер «өмір жасын ұзартады» деп саумал ішуді ұсынды. Алғашқыда саумалды сатып алып беретінбіз. Содан кейін ауылдан бір бие алдырып, күнде соны сауатын болдық. Одан кейін химиотерапия, сәулелі терапия алудан әкем өзі біржола бас тартты. Саумалмен қатар табиғи сүт, шұбат, қымыз ішуге көшті. Жылқының еті, қырғауыл сорпасы, балық, сары май сияқты табиғи тағам ғана тұтынды. Соның арқасында ауырғаннан кейін алты жыл ғұмыр кешті. Тек соңғы үш айда ауруы жанына батып, екі жыл бұрын дүниеден қайтты, – дейді ол.

Кейіпкеріміздің бие сауатынын біліп, «маған да саумал керек еді» деушілер біртіндеп көбейген. Соған сай қорада мал басын арттыруға тура келді. Бүгінде бұл үйден тұтынушы қарасы үзілмейтін болған. Олар – негізінен қант диабеті, асқазан, ішек, сүйек аурулары мазалаған, қан қысымы, аллергиясы бар адамдар.

– Күніне 10 шақты литр саумал шығады. 13-15 шақты адам келіп немесе алдырып ішеді. Литрі мың теңгеден. Саумалды қандай ауру түрі үшін де ең кемі қырық күн ішу керек. Асқазан дертіне шалдыққан науқастарға күніне бір саптыаяқтан артық ішуге болмайды. Қатерлі ісікке шалдыққандар көп келеді, – дейді Мехрибан Бақтиярқызы.

Ол қорада тұрғаннан гөрі далада жайылған биенің саумалын ішкен дұрыс деп есептейді. Бірақ қалада мал жаятын мүмкіндік жоғын ескерген жөн.

– Биенің сүті ана сүтімен пара-пар деп айтылады. Қатерлі ісіктен жүз пайыз арылтады дей алмаймын. Бірақ ұзағырақ өмір сүруге көмектеседі. Саумал қан тазартады. Соның арқасында аллергиядан арылғандар бар. Өзім баяғыдан мазалайтын асқазан жарасы мен гастриттен 90 пайыз жазылдым, – дейді кейіпкеріміз.

Ақхалаттылар саумалды күніне 4-5 рет, тамақтанудың алдында 20-30 минут бұрын, 250 милиграммнан ішуге кеңес береді. Осы сарынмен тұтынған адамның көңілі көтеріліп, ұйқысы жақсарып, тәбеті ашылатын көрінеді. Бие сүтінің бойындағы биологиялық белсенді компоненттер мен дәрумендер сауылғасын тек 3 сағатқа дейін сақталады екен.

Дегенмен, қазіргі уақытта саумалдың капсула күйіндегі нұсқасы да сатылымда. Танымал адамдардың оны қант диабетін, қатерлі ісік және басқа ауруларды емдейтін бірегей өнім ретінде белсенді жарнамалағанын көрдік. Алматы облыстық прокуратурасы былтыр желтоқсанда мұндай жарнамалардың асыра сілтеу екенін анықтап, ақпарат таратты.

– SAUMAL (сублиматтау әдісімен құрғатылған бие сүті – авт.) тағамға биологиялық белсенді қоспа ретінде жалпы нығайтушы, иммундық ынталандырушы, тыныштандырғыш өнім ретінде тіркелгені анықталды. Басқаша айтқанда, дәрілік қасиеті жоқ және жарнамада көрсетілген ауруларды емдеуге шамасы келмейді, – делінген онда.

Ұнтақ саумал шығарумен айналысатын қарағандылық кәсіпкер Қадырбек Мейрамбековтің argymaq.kz сайтындағы (22.12.2023 жыл) мына пікірі көңілге қонатын сияқты:

– Капсуладағы саумал сататындар шықты. Бір құтысы – 20-28 мың теңге. Құтыда 65-66 капсула бар. Біздің бір стақан саумалға арналған ұнтағымызды 65 капсулаға сыйғызған. Бір капсулада 0,3 грамм саумал бар. Ол дегеніңіз – тілдің ұшында ғана қалатын көрсеткіш. Ондай көлемдегі бие сүті ешқандай ауруға ем болмайтынын ескеру керек.

Саумал – жаңа сауылған бие сүті. Технологияның озық жетістіктерін пайдаланып, оны түрлендіріп шығаруға ешкімнің дауы жоқ. Тіпті, құрғатылған түрі Еуропада ерекше сұранысқа ие екен. Тек құрғақ сөз, жылтыраған жарнамаға сеніп, арандап қалмасақ болды.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<