Тұмау ма? Коронавирус па?

1378

0

Соңғы уақытта тұрғындар арасында тұмау ауруының белгілерімен, атап айтқанда, дене қызуының көтерілуіне, бас ауруы, жөтел, мұрыннан су ағу, жалпы әлсіздік бойынша шағымданушылар көптеп кездесуде. Мұндайда ең алдымен «коронавирус ауруына шалдығып қалмадым ба?» деген ой келетіні анық.

Бұл, әрине, түсінікті. Осындай шағым­дармен емханаға келушілерден COVID-19 инфекциясына сынама алынады. Дәрігерді үйге шақыртулар да көбейді. Сұрастыра келгенде, олар өз ауруларын суық су ішумен, балмұздақ жеумен, салқын душ қабылдаумен байланыстырады.


Қазір ондай науқастарға жедел респира­торлы вирусты инфекциясы диагнозы қойылып жатыр. ЖРВИ құрамына риновирус та, коронавирус та, яғни, бірнеше инфекциялық аурулар кіреді. Сондықтан нақты диагноз сараптамадан кейін ғана қойылады. Ал ол бірнеше күнді қажет етеді.


Жалпы мұндай жағдай бірінші рет емес, дене қызуының көтерілуі, жөтел, түшкіру секілді клиникалық белгілермен науқастар жыл бойы тіркеледі. Мәселен, күз мезгілінде күннің сууына байланысты, сонымен бірге көктемде де осындай жағдайлар жиі болып жатады. Ал жазда адамдар ыстық күннен қорғанып, салқын су ішіп, балмұздақ жеп, сонымен бірге салқындатқыш астында отырады.
Осы уақытқа дейін симптоматикалық ем қалай жүргізілді, қазір де солай жүргізілуде. Тек бір ерекшелігі – қазір коронавирус инфекциясына сынама аламыз. Сынама науқас үйде болса, үй жағдайында, ем­ханаға келсе, емханадан алынады.


Осы аптаның дүйсенбісінде 46 шақырту болды. Оның 17-сі дене қызуының көтерілуіне байланысты дәрігерді үйге шақыртқан. Бұл сенбі-жексенбі күні демалыс болғандықтан осылай көбейіп тұр. Ал сейсенбіде 20 шақырту түсті. Оның төртеуі ғана дене қызуының көтерілуіне байланысты болған. Бұл – қалыпты жағдай.

Десе де, «сақтансаң сақтаймын» деген, егер ауырған жағдайда тұрғындардан өз бетінше ем-дом жасамай, дәрігер көмегіне жүгінуге шақырамыз. Себебі қазіргі кезде коронавирус ауруы да өршіп тұр. Бұл жағдайда науқастар ЖРВИ мен қауіпті індетті айыра алмай қалуы мүмкін.

Сондықтан қандай жағдай болмасын ең алдымен медицина мамандарына хабарласып, солардың көмегіне жүгінуі керек. Сақтық шараларына мән беру шарт.

Ғалия МИРМАНОВА,

№5 қалалық емхананың

инфекционист дәрігері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<