Шетелден шипа іздегендер неге көп?

2267

0

Кейінгі кезде басы ауырып, балтыры сыздағандар арасында шетелден ем іздеушілер қатары көбеймесе азаймай отыр. Қалтасы қалың, жағдайы барларды айтпағанда, жан-жағынан жылу жинап, болмаса кредитке кіріп шыбын жаны үшін шекара асатындары қаншама?! Оған күнделікті әлеуметтік желілерде тарап жатқан науқастарға қаржы жинаған жарнамалар куә. Одан қалды, айналамыздағы адамдардың «Пәленше Тәшкенге барып емделіп келіпті, Түгенше  Түркияға барып дәрігерге қаралып қайтыпты» дегеніне де құлақ үйренгелі қашан.  Әйтеуір баладан еңкейген  қарияға дейін сырт елден сырқатына дауа іздеп сандалып жүр. 

Әрине, бауыр еті – баласының аурудан қиналғанына қай ата-ана шыдайды? «Шетелге барсам балам ауруынан айығар» деген үміт шекара асуға жетелейтіні сөзсіз. Оның бер жағында «шет елдің медицинасы мықты, мамандары білгір» деген түсінік қалыптасқаны жасырын емес ел арасында.

Сөзіміз құрғақ болмасын, «Аналитик» талдау және сараптау орталығы мамандарының есебінше, қазақстандықтардың көбі жергілікті дәрігерлерге сенбей шетел асып, миллиондаған долларды өзге елде қалдыруға мәжбүр. Мәселен, 2020 жылы медициналық қызмет алу мақсатында өз күштерімен шетелде ем алғандардың саны 18 678 адамды құраса, 2021 жылы 55 061 адамды құраған. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш  үш есеге өскен. Әлеуметтанушы Меруерт Молдабаева шетелге емделуге барған отандастарымыздың жылына 200 млн долларға жуық қаражат жұмсайтынын айтады.  Сонда дейміз-ау, саулығымызға сауға сұрап жаппай  сырт елге жөңкілуіміздің сыры неде? Әлде көпшілік ойлайтындай, отандық медицинаның халі осынша мүшкіл болғаны ма? Мүмкін  ақ халаттыларымыздың білімі мен білігі жетпей жатқан болар?  Бұлай дейін десек, елімізде әлеуметтік салаға, оның ішінде медицина мен білімге құйылып жатқан қаржы аз емес.

Түрлі реформалардан көз ашпай келе жатқан саланың бірі осы – денсаулық. Әр жыл сайын жаңа бағдарлама қабылданып, аурудың жекелеген түрлеріне көңіл бөлініп келеді.  Мәселен, 2010 жылдан бастап ауруды ерте анықтау мақсатында 6 негізгі әлеуметтік мәні бар «Ұлттық скрининг» бағдарламасы енгізілді. Осылайша, отандық емханалар онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің жоғары технологиялық әдістерінің ең озық үлгілерімен жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Десе де, жоғарыда айтып өткеніміздей, жарнамасы жүріп тұрған сырттағы елдердің медицинасы біздің науқастарымыз үшін «құтқарушы періштедей» көрінетіні жасырын емес. Алайда ғазиз жаныңызға дауа іздеп барған шетеліңіз сізді көбінесе тауар, пайда көзі ретінде ғана қабылдайтынын  мойындауымыз керек. Өйткені өркениетті елдерге жанына сауға сұрап барған науқастар жекеменшік медициналық орталықтарға жатып емделеді. Ал елімізде онкологиялық операцияларды жасау мемлекеттік мекемелерге ғана тиесілі. Сондықтан отандық медицинаның обыр дертіне деген жауапкершілігі ерекше. Одан бөлек, кардиологиялық аурулар бойынша да арнайы бағдарлама қабылданып, соның аясында облыс орталықтарында кардиобөлімшелер, орталықтар ашылып, бұрын ірі қалаларда ғана қолға алынатын күрделі операциялар өңірлерде жасалатын деңгейге жеткенін білеміз.

– Оңтүстік Корея, Германия, Сингапур, Қытай, Израиль елдерінен бөлек, Ташкентке, Бішкекке барып емделетіндердің бары бізді алаңдатуы тиіс. Қырғызстан мен Өзбекстанға барып емделетіндер ол жақтағы медициналық қызметтің сапасын, дәрігерлердің біліктілігін оң бағалап келеді. Біз «Қазақстан ТМД бойынша озық елдердің қатарында» деп есеп береміз. Ал халқымыз «бізден артта қалды» деген қырғыздардың медицинасына жүгінеді. Бұл арада үлкен зерттеу керек, – дейді әлеуметтанушы Меруерт Молдабаева.

Әлеуметтанушы  елімізде жемқорлықтан бөлек дәрігердің біліксіздігінен зардап шеккендер де жетерлік екенін,  науқастардың көпшілігіне дұрыс диагноз қойылмайтынын алға тартады.

Ал «Experts Medical» шетелдік клиникаларда емделуді ұйымдастыру компаниясы  емделушілердің шетелден медициналық  қызмет алу үшін өз елінен кетуінің негізгі себебі емдеудің жекелеген түрлерінің жоқтығы немесе олардың тұрғылықты жерінде жүзеге асырылу деңгейінің төмендігінен деп атап көрсетеді. Қазіргі әлемде бірқатар елдердің медицинасы, соның ішінде Түркия емханалары көптеген науқастарға, әсіресе Қазақстаннан келген емделушілерге қол жетімді болып отыр. Компания өкілдерінің айтуынша, көбінесе адамдар шетелге жоғары технологиялық медициналық әдістерді қолдана отырып, балалар мен ересектердің онкологиялық және гематологиялық ауруларын емдеу үшін (сүйек кемігін трансплантациялау, мақсатты терапия және иммунотерапия, протон терапиясы үшін), сирек (орфандық) ауруларды емдеуге, аз инвазивті хирургия үшін (мысалы, балалар мен жасөспірімдердегі сколиоз үшін, жүрек пен ми хирургиясына, роботтық араласулар үшін, жамбас пен тізе алмастыруға), IVF процедурасы үшін, диагнозды қарау және жетекші сарапшылардан емдеу режимі туралы екінші қорытындыны алу үшін және пластикалық оталардың барлық түрлері де сұранысқа ие, соның ішінде шаш трансплантациясы үшін барады.

Қазіргі уақытта статистика мен шолуларды ескере отырып, әлемнің көптеген елдерінен пациенттерге әлемдік деңгейдегі медициналық қызмет көрсету бойынша көшбасшы – Израиль, Германия, Түркия және Оңтүстік Корея. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап ТМД елдерінен науқастар Израиль мен Германияға келе бастады, қазір жағдай онша өзгерген жоқ. Әлемдегі ең беделді статистикалық ресурстардың бірінің сайтында 2021 жылы Оңтүстік Корея клиникаларында емделген шетелдік пациенттердің 2,4 пайызы Қазақстаннан, 1,4 пайызы Өзбекстаннан келгені туралы ақпарат берілген. Түркияда халықаралық туризмнің дәстүрлері мен қызметтері медициналық туризмге біріктірілген, мысалы, бірінші дәрежелі қонақүйлер сияқты ауруханалар тамаша қызмет көрсетуде. Түркия Денсаулық сақтау министрлігі шетелдіктерге жергілікті медицинаны насихаттау мақсатында құрған USHAŞ ұйымының веб-сайтында 2021 жылы Түркияда 670 730 шетелдік пациентке және басқа елдерден 876 521 пациентке медициналық қызмет көрсетілгені туралы ақпаратты таба аласыз. 2022 жылдың алғашқы үш тоқсанында Қазақстаннан келген науқастардың саны тез өсуде. Медициналық қызметтердің бағасы елге, емхана мен дәрігердің деңгейіне, қолданылатын жабдыққа, терапия әдісіне және осы елдегі дәрілерге байланысты өзгереді. Жасыратыны жоқ, Германия мен Израильдегі баға деңгейі Түркиядан  жоғары. Бізде тегін жасалатын қарапайым қан сараптамасының құны ең кемі 300 еуродан басталады. КТ, МРТ аппараттарына түсудің өзі әлдеқайда қымбат. Бір сөзбен айтқанда, шетелде емделгің келсе, қалтаңды толтырып баруға тиіссің. Сөйткенде еміңіз шипалы бола ма, жоқ па? Ол жағы белгісіз. Сізге ешкім кепілдік бермейді. Шетелден ем іздеушілер неге көп? Әлде сыртта емделу сән бе деген сұрағымызды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақовқа қойдық.

– Тұрғындардың шетелден ем іздеуіне байланысты айтарым,  мен әріптестерімді мынау мықты, анау осал деп бөліп-жарғым келмейді. Кеше ғана облысқа Германиядан педиатр, эпилептолог маман келіп, үш күн болды. Сол кезде оның айтқаны: «Бірінші, сіздің мемлекетте  медицина,  дәрі-дәрмек, анализдер, зерттеулердің бәрі тегін екен. Бізде мұндай тегіншілік жоқ. Бала ма, қарт па бәріне ақылы.  Екінші, сіздердің мамандардың деңгейі біздің мамандардан артық демесем де кем емес екен, оңалту орталықтарының құрал-жабдықтармен жарақтануы да әлдеқайда жақсы екен» деді. Қолда бардың қадірін білмейтін әдетіміз бар ғой.  Аға буын арасында қандай мықты мамандарымыз бар, сол сияқты балалар ауруханасында да білікті, білімді жастар көп. Бірақ өкінішке қарай бағаламаймыз, Өзбекстанға, Қырғызстанға барамыз. Ол жақта әріптестеріміз емделмейтінін біліп тұрса да ешқашан «емдемейміз, болмайды» деп айтпайды. Мысалы, біздің елде ауруды емдейтін арнайы бекітілген клиникалық протокол бар. Ал Өзбекстанда ондай жоқ, ондағы дәрігерлер өздері қандай ем тағайындағысы келеді, соны ұсына береді.  Тағы бір мысал келтіре кетейін. Мен бұл мысалды әрдайым айтып жүремін.  Министрлікте істеп жүргенімде  бір бала болды, онкологиялық аурумен сырқаттанады. Сол жерде ана мен бала департаменті бар, соның мамандары баланың ауруының емі жоқ екенін айтып, өзімізде бақылауда ұстап, ауруды жеңілдетуді  ұсынды. Қай ата-ана болсын баласы үшін ештеңеден аянбайтыны анық. Бұл баланың әке-шешесі де қарапайым кісілер болса да бүкіл туған-туысынан жылу жинап, Еуропаның бір еліне атын атамай-ақ қояйын апарды. Сол жерде дәрігерлер өздерінің балаларына салмайтын препараттарды, яғни дәрілерді еге бастайды. Бала төрт-бес күнде жақсарды, ойнап-күліп, біршама беті бері қарағандай болды. Маған видеосын жіберіп отырды. Оны көріп мен де қуандым. Шынында, біздің әріптестеріміздің айтарлықтай деңгейі, білімі жоқ екен ғой деп ойладым. Бірақ бала екі айдың ішінде сол жақта қайтыс болды. Ата-анасының қолына  200 мың еуроға жақын  қарыз  чегін ұстатып жіберді. Бұл бір ғана жағдай. Мұндай жағдайлар көп. Осыны ескерсек екен, – деді Олжас Ермекұлы.

Сала ардагері Асылбек Тоғызбаев та отандық медицинаның шетелден ешбір кемшілігі жоғын айтады.

– Қазіргі кезде ем іздеп шекара асып жатқандар өте көп. Оны естіп, көріп жүрміз. Берісі Өзбекстан, арысы Германияға ағылып жатыр. Бірақ соның көбі қалталарын қағып, ақшасын тауысқаннан кейін есін жиып, «осыны өз елімізде де жасайды екен ғой» деп осында емін алып жатыр.  «Бір жерде алтын бар, барсаң шайтан шығады» деп халқымыз бекер айтпаған ғой. Республиканы айтпағанда облыстың өзінде неше түрлі күрделі операциялар жасалып жатыр. Мысалы, облыстық көпбейінді ауруханада бүйрек трансплантациясы, ашық жүрекке оталар жасалуда. Гинекологиялық түрлі оталар да жиі әрі сапалы жасалып жүр. Соған қарағанда ем емес, сән іздеу ме деп ойлайсың. Әрине мойындауымыз керек, шіріген жұмыртқа қай кезде де, қай жерде де  болады. Біздің дәрігерлер арасында да алдына келген науқасқа жылы қабақ танытпай, келушімен дұрыс сөйлеспей, компьютерден басын көтермейтіндер кездесіп жатады. Бірақ ол отандық медицинаның дамуы нашар дегенді білдірмесе керек. Біздің өңірдің өзінде ауруханалардың техникалық жарақтануы еш жерден кем емес, дәрігерлердің де деңгейі ешкімнен төмен емес, қаншама жастарымыз небір күрделі оталарды жасап, жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Сондықтан қолда барды бағалай білуіміз керек, – дейді ардагер.

Материалды әзірлеу барысында алыс-жақын шетелге барып, ем іздеушілердің бірнешеуімен біз де тілдестік. Сөз ауанынан байқағанымыз, олардың қай-қайсы болсын  сырт елдердің медициналық қызметі туралы айтқанда қызметкерлердің кішіпейілдігін, майда, жылы сөздерімен баурап алатынын аса бір ризашылықпен жеткізеді. Сонымен қатар, оңалтуды қажет ететін науқастар үшін шетел клиникалары таптырмас жер екенін алға тартады. Өйткені олардағы ізеттілік, жауапкершілік, ауруға деген жауапкершілік, ең бастысы өз қызметтеріне деген  адалдық жоғары көрінеді. Мәселен, қала тұрғыны Лаура екі жылдан бері төсекке таңылған күйеуінің дертіне дауа іздеп Түркияға барған.  Клиниканы әлеуметтік желі арқылы тапқан.

– Күйеуім екі жылдан аса төсекке таңулы. Түркиядағы бұл клиниканы интернет арқылы таптым. Біздің жағдайымызда операция да, басқа ем де керек емес, тек реабилитациялық ем-шараларға бардық. Ол жаққа бару үшін  көпшіліктен қаржы жинадық. Бір ай болып, қажетті ем-дом алдық. Ондағы жағдайды, қызметтің сапасын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Біздің  дәрігерлердің өзі елде оңалту шарасының шетелдегідей дамымағанын, енді ғана қолға алынып келе жатқанын айтады. Тіпті Ресейдің өзінде реабилитациялық ем-шаралар біздің деңгейде екен. Осыны естіген соң шетелге баруды көздедік. Тәуекел етіп, екі жыл бойы қаржы жинап, жолға шықтық. Ұшақтан түскен бойда бізді клиника қызметкерлері күтіп алып, аяқ-қолымызды жерге тигізбей алып жүрді. Клиника қызметкерлерінің көбі  жігіттер. Емге баратын кезде өздері төсектен көтеріп, өздері отырғызады. Жуындырып-шайындырып жатқан да өздері. Қызметкерлері өте қарапайым, кішіпейіл. Үнемі жымиып қарап,  әрдайым қасыңнан табылады.  Тағы бір артықшылығы, физкабинеттерінде түрлі аппараттар бар, солардың бәріне белгілі бір уақытпен өздері апарып, процедураларды қабылдатады. Әр науқасқа қандай ем тағайындайды соны рет-ретімен өздері істеп жатады. Бізде облыстық ауруханадан бастап, «Талсуаттағы» оңалту орталығына дейін барып, ем алып шықтық. Бізде мұндай жағдай жоқ. Құрал-жабдықтар болғанымен, медициналық қызметкерлер тарапынан науқасқа деген кішіпейілдік, жанашуды байқамадық. Емнің өзін өзіміз айтып жүріп аламыз. Біздегі оңалту орталықтарында қызмет істейтіндер әйел кісілер, жас қыздар. Сондықтан біздің ауруханаларға да ер кісілерді көбірек жұмысқа алу керек деп ойлаймын. Түркиядағы клиникада Локомат деген аппарат бар. Науқасты құрсаулап, тұрғызып, жаттығу жасатады, яғни тірек-қимыл аппараты. Соған күн сайын апарып, ем жасады. Ол құрылғы біздің оңалту орталығында да бар, бірақ күйеуімді оған бірде-бір рет отырғызған емес. Біздікілер оған тек инсульттан кейін өздері жүре алатын науқастарды жібереді. Өйткені оларға артық жұмыс қажет емес. Қысқасы, біздегі оңалту қызметі мен шетелдегі оңалтудың арасы жер мен көктей екеніне көзім жетті. Одан бөлек, медицина қызметкерлерінің адаммен қарым-қатынасы, сөйлесу мәдениеті, науқасқа деген жанашырлығы тіпті керемет. Біздің сала мамандарына осы жетіспейді деп ойлаймын. Әйтпесе шетел  клиникаларындағы құрал-жабдықтар бізде де бар екен, – дейді Лаура.

Жазғы еңбек демалысында әріптесіміз Өзбекстанға барып, тісін емдетті. Жұмысқа келгесін бәріміз ортаға алып, жай-жапсарын сұрадық. Айтпақшы, бір танысымыз осында бес жүз мыңға жуық ақшаға тісін емдетіп, керамикадан  салдырған. Сөйтсе тістері қисық салынып, күткен үміт ақталмады. Бірнеше ай дауласып жүріп, жарты ақшасын әзер алған еді. Осыны естігесін ғой, әріптесіміздің өзбек еліне барғаны. Содан оншақты тісті емдетуі бар, ағартуы бар, керамикадан салдырғаны бар 250 мың теңге жұмсапты. Мұны естіген біразымыздың сол жаққа аңсарымыз ауғаны рас. Бірақ екі аптадан аса емделгенде жатып-тұратын қонақ үйіне күніне 17 мың теңгеден төлегенін естігенде көңіліміз су сепкендей басылды. 

Таяқтың екі ұшы бары секілді әр нәрсенің де екі жағы бар. Бір анығы – шетел асу арқылы халқымыз  өзге мемлекеттің қазынасын толтыруға үлес қосып жатқаны.  Елде медициналық туризмді дамыту мәселесінің көтерілгені қашан.  Бірақ әзірге нәтижесін көріп отырғанымыз жоқ. Керісінше, азаматтарымыз шекара асып, ем іздеп жүр.  Кінә кімде, кінәрат неде?

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<