Елімізде коронавирус инфекциясын тіркеудің жаңа тәртібі маусым айынан бастап енгізілді. Жаңа тәртіпке сәйкес науқастардың жағдайы симптомды және симптомсыз деп тіркелуде.
Байқауымызша, көпшілік арасында осыны түсінбеушілік бар. Мамандардың айтуынша, симптомды және симптомсыз, яғни, ауру белгілері бар және клиникалық белгісі жоқ деп тіркеу халықаралық тәжірибеде, түрлі елдерде қолданылып келеді.
Ауру белгілері бар және клиникалық белгілері жоқ деп бөлу алдымен ауру белгілері бар науқастарға уақытты ұтымды пайдаланып, дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін жасалып отыр. Ал клиникалық белгілері жоқ адамдарды аумақтық емханалар үй карантиніндегі жағдайда қашықтан бақылайды. Бұл жөнінде еліміздің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағанбетова арнайы брифингте айтып өтті.
«Симптомсыз және симптомы бар науқастарға эпидемиологиялық тұрғыдан тактиканың өзгеруі клиникалық белгілері айқын адамдарға көп көңіл бөлу керектігін көрсетеді. Себебі, халықаралық және қазақстандық тәжірибе көрсеткендей, коронавирустың симптомдары айқын байқалатын науқастар айналасындағыларға аса қауіпті» – дейді бас санитарлық дәрігер.
Оның айтуынша, клиникалық белгілері бар науқас орташа есеппен 3 адамға ауру жұқтырады екен. Алайда, симптомсыз науқастардың да қараусыз қалмайтынын, дерек бойынша, үш симптомсыз науқастан тек бір адамға ғана індет жұғуы мүмкін екенін жеткізеді бас санитар.
Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 жөніндегі техникалық менеджері Мария Ван Керкхове коронавирустың клиникалық белгілері жоқ тасымалдаушылардан басқа адамға жұғуы өте сирек кездесетінін айтады.
«Біздің деректерімізге сүйенсек, ауру белгілері жоқ тасымалдаушының инфекцияны басқа біреуге жұқтыруы екіталай. Ондай жағдай өте сирек кездеседі» – дейді ол.
Сондай-ақ, індет белгілері жоқ тасымалдаушыларда аурудың барлық кезеңінде ешқандай симптомдар болмайтынын айтады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде тестілеу кезінде күн сайын анықталып жатқан деректердің 60 процентке жуығы инфекцияны симптомсыз тасымалдаушылар көрінеді.
А.СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<