Адамзаттың коронавирус инфекциясы туралы естіп, онымен күрескеніне бір жыл толды. Бүгінде әлемде COVID-ке шалдыққандар саны 84 миллионнан асты, 1,8 млн-нан астам адам қайтыс болды. 47 миллионы аурудан айығып шықты.
Былтыр желтоқсан айының ортасында орталық Қытайда орналасқан Хубэй провинциясына қарасты Ухань қаласында тұрғындардың түсініксіз пневмонияға шалдыққаны анықталған. Індеттің басталуы жайлы алғашқы мәлімет 31 желтоқсанда жарияланды. Уханьдағы базар жабылып, клиникалық белгілері бар науқастар оқшауланды. 22 қаңтардан бастап Ухань қаласында карантин жарияланып, қоғамдық көліктер тоқтатылып, қалаға кіріп-шығуға тыйым салынды. Дәл сондай карантин Уханьға шекаралас Хуанган, Эчжоу, Чиби және Чжицзян қалаларында жарияланды. Ал 27 қаңтарда Қытайдың ресми мәліметі бойынша 2809 адамның вирус жұқтырғаны тіркелді. Ауру тез тарап, жылдам көбейе бастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты «пандемия» деп жариялады.
Қытайдан тыс алғашқы жағдай 13 қаңтарда белгілі болды. Ол 8 қаңтар күні Уханьнан Бонгкокқа (Тайланд) ұшып келген 61 жасар әйелден анықталды. 18 қаңтарда Тайландта екі, Жапонияда бір жағдай тіркелді. Науқастарды қараған дәрігерлер де ауруға шалдығып жатты. Осыдан барып мамандар вирустың адамнан адамға берілетінін дәлелдеді.
20 қаңтарда Қытай билігі коронавирус жұқтырғандар санының 140-қа артқанын мәлімдеді. Осылайша олар вирустың адамнан адамға берілетінін ресми түрде растады. Ал 21 қаңтарда Уханьнан АҚШ-қа 15 қаңтарда ұшып келген америкалық азаматқа COVID-19 диагнозы қойылды. Бұл Азиядан тыс орын алған алғашқы жағдай болды. Осыдан кейін дүниежүзілік дүрбелең басталды. Азиядан тараған індет шартарапты шарпып, Еуропа елдерін де жайлады.
26 қаңтарда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа коронавирустың Қазақстан аумағына таралуына жол бермеу жөнінде нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Біздің елімізде алғашқы болып індет жұқтырғандар 13 наурызда Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында анықталды. Алдымен Германиядан ұшып келген қазақстандық екі азаматтан табылды. Олардың біреуі елге 10 наурызда, екіншісі 12 наурызда келгені белгілі болды. Сол күні тағы да бір жағдай расталды. Ол – Мәскеу арқылы Миланнан Нұр-Сұлтан қаласына келген әйел кісі еді. 3 сәуірге дейін COVID-19 барлық аймаққа тарап үлгерді.
15 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Төтенше жағдай бір айға созылады деп шешілді. 19 наурызда Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин енгізіліп, кіріп-шығу шектелді. Үлкен сауда орындары жабылып, тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар жұмыс істеді. 22 наурыздан бастап аталған қалалардан шығатын жолдар толығымен жабылды, әуе және теміржол қозғалысы тоқтатылды. 26 наурызда осы қос қалада екі науқастың індеттен айыққаны белгілі болды. Сол күні елордада 64 жастағы тұрғын коронавирустан ажал құшты. Бұл – Қазақстанда індеттен көз жұмған алғашқы науқас еді. 10 сәуірде төтенше жағдай жөніндегі комиссия отырысы өтіп, онда төтенше жағдай режимін сәуір айының аяғына дейін созу туралы шешім қабылданды. 13 сәуірде елімізде індет жұқтырғандар саны 1 мыңнан асса, 22 сәуірде 2 мыңға, 28 сәуірде 3 мыңға, 4 мамырда 4 мыңға, 10 мамырда 5 мыңға жетті. Эпидахуалдың күрделенуіне байланысты елде төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзартылды.
Ал, коронавирус инфекциясы облысымызда ең алғаш 2020 жылдың 28 наурызында тіркелгені белгілі. Содан бері наурыз айында 18 жағдай, сәуірде 183, мамырда 211, маусымда 800, шілдеде 1775 жағдай тіркелсе, тамыздың 10 күнінде 159 науқас анықталды. COVID-19 індеті облысқа қарасты барлық ауданда тіркелді. Соның ішінде басым көпшілігі Қызылорда қаласының үлесінде болды.
Республика көлемінде наурыз айының 16-сы мен мамыр айының 11-і аралығында төтенше жағдай жарияланғанда небәрі 229 жағдай тіркелсе, төтенше жағдай алынғаннан кейін, яғни, 12 мамыр-5 шілде аралығында облыста ауруға шалдыққандар саны 1179-ға жетті. Аймақта эпидемиологиялық ахуал өршіп, «қызыл аймаққа» енді. Инфекция жұқтырудың топтасқан жағдайлары орын алды. Тіпті Шиелі ауданына қарасты Қодаманов ауылының тұтастай карантинге жабылғаны әлі есімізде. 10 тамызда өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған 3186 адамның 2335-і емделіп шықты.
Мамандар тамыздың ортасы мен қарашаға дейінгі аралықта эпидахуалдың біршама тұрақталғанын айтты. Ауа райының суытып, жедел респираторлы-вирусты инфекция мен тұмау ауруларының өршитін тұсында коронавирус індетінің қайта бас көтеретіні жайлы айтылды. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы өкілдері індеттің екінші толқыны болатыны туралы болжады. Мамандар болжамы дөп келді ме, жоқ па, белгісіз, бірақ, әлем мемлекеттері қайта қарбаласқа түсті. Біздің елімізде де бірқатар өңірлерде жағдай күрделеніп, ауруға шалдыққандар саны артты. 28 желтоқсандағы мәлімет бойынша елде коронавирус расталған науқастар мен пневмонияға шалдыққандар 198659-ға жетті, 2760-ы қайтыс болды. Ал облыста барлық тіркелген науқастар саны 3378-ді құраса, 3314-і емделіп шықты.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<