Сыр медицинасы: Дамудың жаңа кезеңі

885

0

Дәрігер – парасатты мамандық иесі, адамгершілік пен ізгілік мұраттарын алға апарушы, адам жанының арашашысы. Жанына шипа, дертіне дауа іздегенді кәсіби біліктілігімен ғана емес, жылы сөзімен, сезімтал жүрегімен, аялы алақанымен сауықтырып жүрген абзал жандар.

Бүгінде облыстағы 150-ден астам медицина ұйымдарында 3000-ға жуық дәрігер, 11 мыңнан астам орта буынды маман қызмет етеді.

2018 жылдан бүгінгі күнге дейін сұранысқа ие мамандықтар бойынша 155 резидентке, 162 жалпытәжірибелік дәрігерді даярлауға облыс әкімінің арнайы гранты  бөлінiп, 2023 жылы 590 дәрігер, 738 орта буынды медицина қызметкері біліктіліктерін арттырды. 2024 жылы мамандардың біліктілігін еліміздің алдыңғы қатарлы медицина орталықтарымен қатар озық тәжірибелі шет елдерде арттыру көзделіп отыр. Осы жылдың сәуір айында 10 реаниматолог, 5 кардиолог маман Түркияның Стамбул қаласындағы «Мемориал» клиникасында білімдерін жетілдіріп қайтты.

Жыл көлемінде республиканың 9 штаттан тыс бас мамандарын шақырту арқылы конференция, хирургиялық сала бойынша 14 шеберлік сағаттары өткізіліп, 21 түрлі ота жаңадан енгізілдi. Аймағымыздағы тағы бiр сүйiншiлер жаңалық араға 9 жыл салып бүйрек трансплантациясы отасы жасалды. Екі шеберлік сағаттары шет ел мамандарын тартумен өткізілді.

Бүгінгі күнде Сыр медицинасында ауқымды және қарқынды жобалар жүзеге асырылуда.

2023 жылы жалпы құны 48,6 млрд теңгені құрайтын 21 денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жүргізілді. Оның ішінде жалпы құны 7,1 млрд теңгені құрайтын 17 нысанның құрылысы аяқталды.

Ал 2024 жылы 12,5 млрд теңге қаржы бөлініп, 17 денсаулық сақтау нысандарының құрылысы басталды.

Облыс орталығында 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүргiзiлуде.

Одан бөлек қан орталығының құрылысы ашылуға дайын. Оған республикалық бюджеттен 2 млрд 900 млн теңге бөлінді. Жылына 5000-нан 10000 адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар орталық соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірімізде жалпы құны 11 млрд теңгені құрайтын 27 нысан салу көзделген болатын.

Өткен жылы Ұлттық жоба аясында елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет пайдалануға берілді.

Қалған 11 нысан және Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған ауданаралық көпбейінді ауруханалары жанынан қосымша құрылыс салынып, халық игілігіне берілмек.

Жақын күндері Ұлттық жоба аясында 2 млрд 300 млн теңгеге Шиелі ауданында 30 төсектік инфекциялық бөлімше құрылысы басталады.

Одан бөлек жергілікті бюджет есебінен 922,0 млн теңгеге Жаңақорған ауданы, Төменарық дәрігерлік амбулаториясымен қоса, 15 төсекке арналған ауылдық аурухана құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Қызылорда қаласының Досан ауылында (140 млн тг) медициналық бекет, Баймұрат батыр ауылында (418,2 млн тг) дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.

Көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды.

Алдағы уақытта Жаңақорған ауданындағы көпбейінді аудандық орталық аурухана базасында балаларға арнап «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылатын болады.

Дәл осындай оңалту орталығы жыл соңында Арал ауданында беріледі.

Өткен жылы 3 млрд 800 млн теңге қаржыға 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылды.

Биыл 4 млрд теңге қаржыға 8 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылады.

2023 жылы денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 5,1 млрд теңге қаржы қаралды.

Оның ішінде 4,4 млрд теңгеге 560 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынып, медицина ұйымдарының жабдықталу деңгейі 84 пайыздан 87,10 пайызға дейін көтерілді (Республикалық көрсеткіш 85,6 пайызды құрайды).

Өткен жылы медицина ұйымдарына құны 512,5 млн теңгеге жаңа 25 санитарлық автокөлік табысталды.

Биыл өңірдегі барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына 200 санитарлық автокөліктер алынды.

Осылайша, биыл елді мекендердегі емдеу ұйымдарын санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі түбегейлі шешіледі.

Сыр медицинасын дамытуға бюджеттен тыс ресурстар да тартылуда.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен аймағымыз тұрақты әріптестік байланыс орнатқан. Қор кейінгі екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 2 млрд теңге қаржы бағыттады.

Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығы ашылып, денсаулық сақтау саласына қажетті аса қымбат дәрі-дәрмектер алынды.

Қор республика бойынша 3 ғана облыста бар, құны 1 млрд 100 млн теңге тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті. Саладағы әрбір жаңа бастама өңір халқының игілігі үшін жүзеге аса беретін болады.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылып жатқан іс-шаралар халықтың көз алдында. Соның ішінде адам денсаулығы үшін үлкен мүмкіндіктер қарастырылуда. 

Әрине, мемлекеттің басты байлығы – адам десек, оның денсаулығы әрдайым бірінші кезекке қойылған. Өйткені дені сау ұлттың мәртебесі биік, болашағы баянды. Міне, осы жолда күн-түн демей халыққа қызмет жасап жүрген медицина саласы қызметкерлерінің еңбегі ерен. Сонан да бүгінгідей кәсіби мерекенің маңызы зор.

Олжас ЫСҚАҚОВ,

облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<