Сыр медицинасы: Заманауи келбет, сапалы қызмет

7

0

Мемлекеттің басты байлығы – адам десек, ұлттың саулығын жақсарту арқылы биік мақсатқа жету барша дамыған елдер ұстанған басты бағыт. Кейінгі жылдары Сыр еліндегі тың серпін, толымды табыстар туралы республика көлеміне аз айтылып жүрген жоқ. Расында қала келбетіне көрік қосатын зәулім де заманауи құрылыстар, әлеуметтік нысандар көңіл қуантады. Соның ішінде медициналық жаңа ғимараттардың бірінен соң бірі бой көтеріп, ел игілігіне берілуі – ғанибет.

Аптаның бейсенбі күні қызылор­далықтар үшін  үш бірдей денсаулық сақтау нысанының іргетасы қаланып, бір медициналық орталық  ашылған айтулы күн болды.   Бұл іс-шараларға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары арнайы қатысты.

Тұрғындар тілегі орындалған күн

Алдымен Қызылорда қаласының шет аймағы саналатын Титов қыс­тағында 400 орындық жаңа емхананың іргетасын қалау рәсімі өтті.                                                                                    

Аймақ басшысы жиналған жұрт­шылықты жаңа нысан құрылысының басталуымен құттықтап, денсаулық саласындағы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, адамдағы байлықтың негізгісі – денсаулық. Деннің саулығы – мем­ле­кеттің дамуы мен өркендеуінің арқауы.

Президентіміздің әлеуметтік саясат­тағы басым бағыттарының бірі де – халыққа қолжетімді әрі сапалы меди­циналық қызмет ұсыну. Бүгін біз Қызылорда қаласы үшін, соның ішінде Титов мөлтек ауданының 40 мыңнан астам тұрғыны үшін аса маңызды, тарихи сәттің басында тұрмыз.

Ауысымына 400 келушіге арналған №5 қалалық емхананың жаңа ғима­ра­тының іргетасын қалау рәсіміне куә болуға жиналдық. Жалпы 9 млрд 823 млн теңгеге са­лынатын жаңа ем­­хана ғима­ра­ты­ның аумағы 9 мың шаршы метр, заманауи та­­­­лап­тарға сай жо­ғары сапалы техно­ло­гия­лармен жаб­дық­­­талады.

Бұл – ана мен бала өмірін сақтауға, қазыналы қарттарымыздың ден­сау­лығын жақсартуға бағытталған мемлекет қолдауы. Алдағы уа­қытта да өңір халқының өмір сапасын арттыруға арналған кешенді жұмыстар жалғасады, – деді облыс әкімі.

Іс-шарада Ақмарал Шәріпбайқызы елде тұрғындардың саулығын сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыс­тарға тоқталып, қызылордалықтарды құттықтады.

– Құрметті жерлестер, бүгін бір­не­ше нысанның ігретасын қалаймыз. Бұл – ха­лыққа көрсетілетін медициналық қыз­меттің қолжетімділігін, сапасын арт­­тыруға арналған Мемлекет басшы­сының ең басты тапсырмасы. Кейінгі үш жылда республика көлемінде 800-ден аса жаңа ғимарат бой көтерді. Соның 655-і ауыл­дық жерлерде салын­ды. Бұл жұ­мыс­ты игеруде Қызылорда облысы алғаш­қы­лардың бірі болып нәтиже көрсетті.

Сонымен қатар былтыр респуб­ли­калық деңгейде үш ұлттық мекеме тап­сырылды. Оның біреуі – ұлттық онко­ло­гиялық протондық  орталық. Про­тондық орталық бойынша біз әлем­дегі 25 мем­лекеттің ішіне ендік. Себебі мұндай ор­талық ТМД елдерінің ішінде  екеу ғана, біз Ресейден кейін үшінші болып қо­сыл­дық. Ал Орта Азиядағы жалғыз елміз.

Сонымен қатар, шұғыл медициналық қызмет көрсететін орталық ашылды. Ал үшіншісі – республикалық  жұқпалы ауру­лар ауруханасы. Пандемиядан кейін бұл орталықтың маңызы зор.

Біздің еліміз жас мемлекет. Туу көр­сет­кіші маңызды. Сондықтан Прези­дент­тің тапсырмасы бойынша респуб­ли­када 8 перинаталдық орталық са­лы­­нуы тиіс. Соның бірі осы Қызылорда қала­сында қолға алынады. 10 облыстық ба­ла­лар ауруханасы салынады.

Денсаулық сақтау саласының ең басты көрсеткіші – тұрғындардың ор­таша өмір сүру  ұзақтығы. 2024 жылдың қорытындысында 75 жас 4 ай, былтыр  75 жас 8 айдан асты. Өлім көрсеткіші 2 пайызға, нәрестелер шетінеуі бір жылда 16 пайызға төмендеді. Осының барлығы – тұрғындардың денсаулығын жақсарту үшін, медициналық қызмет сапасын, қолжетімділігін  арттыру үшін жасалып жатқан жұмыстар. Бүгінде Сыр елінде барлық салада жаңғыру болып жатыр. Аймақтағы қарқынды даму, өсіп-өр­кен­деу басқа облыстарға үлгі ретінде көр­се­тілуде. Президентіміз жоғары ба­ға­сын берді. Мұның барлығы – облыс әкі­мі­нің  ерен еңбегінің жемісі, – деді министр.

Шарада сонымен қатар Мархабат Жайымбетұлы құттықтау сөз алып, Қызылорда облысының құрметті азама­ты Тұрғанбай Маханұлы бата берді.

Айта кетейік, 2022-2025 жылдары өңірде 26 млрд 400 млн теңгеге 40 меди­циналық нысан салынып, пайдалануға берілген. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен 10 млрд 700 млн теңгеге бой көтерген 28 нысан бүгінде халық игілігіне айналды. Со­нымен қатар, ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсету үшін 9 млрд 900 млн теңгеге 6 жоба іске асырылды.

Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандық көпбейінді ауруханалары жанынан қосымша құрылыстар, Шиелі мен Арал ауданындағы жұқпалы аурулар бөлімшелеріне арнап жаңа ғимараттар салынды.

Жергілікті бюджет есебінен Жаңа­қорған ауданындағы Төменарық ауы­лында 15 төсектік ауылдық аурухана мен амбулатория, Арал ауданының Сексеуіл кентінде 40 төсектік ауылдық аурухана, облыстық қан орталығы пайдалануға берілді.

Іргетасы қаланған емхана – Титов тұрғындарының көптен күткен қуа­нышы.  Мұндағы тұрғындар Гагарин қыс­­тағындағы ескі, типтік емес ғи­маратта орналасқан емханадан қыз­мет алып жүр. Құрылыс аяқталған соң жаңа, заманауи  нысан ел игілігіне берілетін болады.

– Титов қыстағының тұрғындары үшін бүгін қуанышты күн болып тұр. Шынында осы сәтті көптен күт­тік. Қазіргі емханамыз Гагарин қыстағында орналасқан. Ескі, тар. «Бізге жаңа емхана керек» деген тіле­гімізді айтып келдік. Осы ұсыныс-тілегімізді ескер­ген облыс әкіміне, ел ағаларына алғыс­тан басқа айтарымыз жоқ, – дейді қыстақ тұрғыны Сәуле Омарова.

ЖАҢА ШАҒЫН АУДАНҒА – ЖАҢА ЕМХАНА

Қызылорда қаласының сол жаға­лауы айрықша қарқынмен дамып келеді. Заманауи үлгідегі нысандар, спорт кешендері жаңа  ауданның ажа­рын айшықтауда. Сол күні мұнда  500 келушіге арналған емхананың іргетасы қаланды.

Аймақ басшысы сол жағалауға қоныс­танушылардың сұранысына сәйкес құрылысы басталған жаңа ны­сан тұрғындардың медициналық қыз­метке қолжетімділігін арттыратынын атап  өтті.

– Сыр өңірінде Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен, жер­лестеріміздің бекем бірлігінің арқа­сында байыпты бастамалар қолға алынып, ірі жобалар іске асырылуда. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру шаралары кешенді жүргізіліп келеді. 2022-2025 жылдары салаға 50 млрд 100 млн теңге қаржы бөлінді, 26 млрд 400 млн теңгеге 40 медицина нысаны салынып, пайда­лануға берілді.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы белгіленген жоспарға сәйкес толығымен орын­да­лып, 10 млрд 700 млн теңгеге салын­ған 28 нысан халық игілігіне қызмет етуде.

Жаңадан бой көтеретін емхана да шипа іздеген жандарға жылулық сый­лайтын орынға айналсын! Рамазан айы баршамызға құтты болсын! Ораза­ларыңыз қабыл болсын! – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Рәсімде Ақмарал Шәріпбайқызы, Мұрат Нәлқожаұлы құттықтау сөз сөй­леп, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрі­гері Асылбек Тоқмырзаұлы бата берді.

Айта кетейік, сол жағалауда бой көтеретін 500 орындық емхана  тұр­ғындарға амбулаториялық-емханалық, диагностикалық және күндізгі ста­ционарлық медициналық қызмет көр­се­тетін көпсалалы мекеме болады. Мұнда жалпы және акушерлік-гине­кологиялық тіркеу, педиатрия, маман­дандырылған және шұғыл меди­ци­налық көмек, профилактика және мектеп медицинасы бөлімдері қарас­тырылған. Сонымен қатар, нысан 50 төсектік күндізгі стационар, дәрілік қамтамасыз ету бөлімі, орталық стери­лизация, кір жуу орны, медициналық қалдықтарды сақтау, оқу кабинеттері, 50 орындық аудитория, 200 орындық конференц-зал және инженерлік-техникалық инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етіледі.

КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНА ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев бір ауысымда 100 келушіні қабылдайтын емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухананың (онкологиялық бөлім­ше­сімен) құрылыс алаңына барып, жұмыс барысымен танысты.

Облыс тұрғындары үшін аса маңыз­ды әлеуметтік нысан Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен салынуда. Аурухана құрылысы заманауи тех­никалық шешімдер ескеріліп жоба­ланған, ең озық технологиямен қамта­масыз етіледі.  Диагностика және ем­деу бойынша заманауи стандарт­тарға сай келетін жоғары техно­логиялық инновациялар енгізіледі, бұл медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырады. Осылайша Қызылордада шетелдік клиникалардан еш кем түспейтін заманауи меди­циналық кешен пайда болады.

«Мелиоратор» серіктестігі қолға алған жобаға 36 млрд 416 млн теңге қаржы қаралған. Бұл – аймақтағы халықаралық стандарттарға сай, ең ауқымды жобалардың бірі. Аумағы 57 мың шаршы метр, 7 гектар жерге орналасқан. Нысан 10 блоктан тұрады: емхана, пансионат, конференц-зал, асхана, физиотерапия, қабылдау бө­лімі, әкімшілік, реанимация, химио­терапия және радиотерапия, опера­циялық бөлім.

Құрылысы екі жыл бұрын бастал­ған ғимаратты салу барысында осы уақытқа дейін 21 млрд теңге қаражат игеріліп, жұмыстың 70 пайызы еңсерілді. Қалған 16 млрд теңге осы жылы республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген. Қазіргі таңда бетон жұмыстары толық біткен, ал кірпіш қалау аяқталып қалды.

Жақын арада құрылысшылар те­резесін салып, қасбетін әрлей бас­тайды. Сонымен қатар, жылу  құбыр­лары орнатылып, қажетті тораптарға қосылуда. Электр желісі тартылып, тарату нүктелері дайындалды. Құ­рылыс кестеге сәйкес жүргізілуде. Жоспар бойынша күшейтілген жұмыс режиміне көшіп, жыл соңына дейін құрал-жабдықтарын орнатып, пай­далануға береді.

Бүгінде құрылыс басында 200-ге жуық адам, 15 техника бар. Газоблог, инженерлік жүйелерге қажетті мате­риалдар жеткілікті. 

Айта кету керек, Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес 12 облыста заманауи перинаталдық орта­лық салу көзделген.

Бүгін Қызылорда қаласында халық­аралық тәжірибе мен озық меди­ци­налық технологиялар енгізілетін 200 төсектік перинаталдық орталықтың іргетасы қаланды. Нысанға 2,7 гектар жер телімі бөлініп, 48,8 млрд теңге қаражат қаралған.

 ORHUN MEDICAL – ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ

Сол күні қалада Orhun Medical меди­циналық орталығының ашылу рәсімі өтті.

– Orhun Medical медициналық орта­лығының қызметі – позитронды-эмиссиялық және компьютерлік томо­графияны біріктіретін жоғары техно­логиялық диагностика.

Құны 4 млрд теңге болатын бұл жоба онкологиялық ауруларды ерте анықтауға, дерттің таралу деңгейін ба­ғалауға, емдеу тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді. Тұрғындарымыз ен­дігіде Астана, Алматы қалаларына, шетелдерге бармай-ақ, сапалы меди­циналық қызметтерді жергілікті жерде алады.

Ел игілігіне табысталатын медици­налық орталық дәрігерлері келушілерге қызмет етіп, науқастың дертіне дауа, көңіліне серпін беріп, халықтың ықыласына бөленеді деп сенеміз. Жауапкершілігі жоғары салада уақытпен санаспай, күні-түні жасаған қызметтеріңіз табысты, мәртебелеріңіз биік болғай! – деді Нұрлыбек Машбекұлы рәсімде.

Салтанатты сәтте Ақмарал Әлна­зарова, Әлібек Қуантыров сөз сөйлеп, сала ардагері Абдулла Шүленбаев бата берді. Аймақтың денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, медициналық орта­лықтың жылдық жобалық қуаты ай­тарлықтай жоғары. Мұнда жылына 3500 позитронды-эмиссиялық және компьютерлік томография зерттеуі жүргізіледі. Сонымен қатар, 16000 магниттік-резонанстық томография, 20000 компьютерлік то­мография, 25000 рент­генологиялық зерттеу және 10 000 маммография жасауға мүмкіндік бар.

Қызылорда қаласындағы орталық – Orhun Medical компаниясының Қазақстан өңірлерінде жоғары тех­нологиялық онкологиялық көмекті дамытуға бағытталған жобасының екінші кезеңі. Ұлытау, Түркістан, Ақтөбе тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Бірінші кезеңде Ақтау қала­сында осындай орталық іске қосылған. Зерттеулер тегін медициналық кө­мектің кепілдендірілген көлемі аясында жүргізіледі.

Бұдан бөлек, медициналық орта­лықта МРТ, КТ, рентгенография, маммография, ультрадыбыстық диаг­ностика, бейінді мамандардың кеңес­тері, зертханалық зерттеулер және ем-шара бөлмелерінің қызметтері халық­қа қолжетімді болады.

ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

200 орындық  перинаталдық орта­лықтың іргетасын қалау рәсімі  сол күнгі шаралардың нүктесін қойды. Жаңа нысан Президент паркі аума­ғында орналасады.

Аймақ басшысы жиналған жұрт­шылықты жаңа  бастамамен құт­тықтады.

– Халқымызда «Денсаулық – басты байлық» деген терең мағыналы сөз бар. Расында кез келген мемлекеттің ең қымбат капиталы – адам өмірі мен денсаулығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ұлт саулығы жақсы болса, қоғам орнықты дамиды» деп, салаға айрықша көңіл бөліп келеді. Бесінші Ұлттық құрыл­тайда: «Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр» деп ерекше атап өтіп, Cыр өңірінде атқарылған жұмыс­тарға оң бағасын берді.

Тарихи миссиясы маңызды жиында Мемлекет басшысы Қызылорда қаласында 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталғанын, алдағы уақытта 500 орындық емхана мен 200 орындық перзентхана салы­на­тынын, жаңа драма театр мен заманауи Президенттік кітапхана құрылысы басталатынын жариялады.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық авто­дәлізінің «Қызыл­орда – Ақтөбе» бағытындағы жолын төрт жолақты етіп кеңейту жобасы, «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құ­ры­лысы басталатынын айтты. Бұл сер­пінді жобалар өңір эконо­микасына қуат бе­ріп, транзиттік әлеуе­тін кү­шейтеді. Хал­қымыздың әл-ау­қа­тын арт­тыруға мол мүмкіндік береді.

Құрылысына 48 млрд 500 млн теңге бөлінген 200 орындық жаңа пери­наталдық орталықтың аумағы 38 мың шаршы метр, заманауи талаптарға сай, жоғары сапалы технологиялармен жаб­дықталады. Бұл – ана мен бала өмірін сақтауға, ден­саулығын жақ­сартуға, демо­графиялық өсімді қам­тамасыз етуге бағытталған мемлекет қолдауы.

Жаңа орталық мейірім мен жылу­лықтың ордасына айналсын! Рамазан айы баршамызға құтты болсын! – деді облыс әкімі.

Рәсімде Ақмарал Әлназарова, Мұрат Әбенов сөз сөйлеп,  мемлекет және қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев бата берді.

Болашақ перинаталдық орталықта ана мен балаға мамандандырылған заманауи медициналық көмек көрсе­тіледі. Қабылдау-қарау, стационарлық, диагностикалық, операциялық, реани­мациялық және әкімшілік бөлімдер жоспарланған. Сонымен қатар, жерас­ты өткелі арқылы байланысқан жеке зерт­хана ғимараты мен ас блогы болады.

Медициналық мекеме жүкті әйел­дерге, босанушыларға және жаңа туған нәрестелерге арналған стацио­нарлық бөлімдер, операциялық блок, реа­нимация, зертханалар және ин­же­нерлік-қызметтік инфра­құрылым­мен қамтамасыз етіледі. Жобалық ше­шімдер санитарлық-эпидемиоло­гия­лық талаптарға және заманауи меди­циналық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

***

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бастаған ресми өкілдер  «Қамқорлық» ерте араласу орта­лығының және жұқпалы аурулар ауруханасының жұмысымен  де танысты.

Аймақта жыл сайын шамамен 20 мың нәресте дүниеге келеді, ал 18 жасқа дейінгі балалар саны 322 мыңға жетеді. Балаларды оңалту қызметінің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2022 жылы  «Қамқорлық» орталығы ашылған болатын. Оған жергілікті бюджеттен 205,6 млн теңге бөлінді, ал «Самұрық-Қазына» АҚ және «Қам­қорлық» қорынан қаралған 103,4 млн теңгеге құрал-жабдықтар алынып, мамандар біліктілігін арттырды.

Орталық ашылған төрт жыл ішінде 6 000-ға жуық бала оңалту қызметін алды.

Облыстық жұқпалы аурулар ауру­ханасы 2024 жылы кешенді күрделі жөндеуден өтті. Оған жергілікті бюд­жеттен 1,6 млрд теңге қаралды. Бүгінде жаңартылған бөлімшелер пациенттер мен медицина қызметкерлерінің жоғары бағасын алуда.

Айнұр БАТТАЛОВА.

«Сыр бойы»