Сыр медицинасындағы серпіліс кезеңі

1265

1

Егемен еліміздің тарихындағы тағы бір айтулы белеске –  Тәуелсіздіктің 30 жылдығына жеттік. Үш онжылдық үлкен істер мен байыпты бастамалар іске асқан, қай саланың болмасын әлемдік стандарттарына жету үшін қадам жасалған кезең болды. Төртінші онжылдықтың шақыруларына үн қосу үшін медицина саласы да небір сындарлы шақтарды бастан өткеріп, шыңдалып шықты.

Саланың ең айтулы жетістіктерінің өзін түгелдей санамалап шығу мүмкін емес. Ең алдымен Ата заңда айқындалған ең қымбат қазынамыз – адам мен оның денсаулығын нығайту арқылы күтілетін өмір сүру ұзақтығының орташа көрсеткіші 64,4 жастан  72,9  жасқа өскеніне, кардиохирургиялық орталық ашылып, өңірде бірінші рет жүрекке ашық ота жасала бастағанына екпін түсіріп айтқым келеді. 2000 жылдан бері қарай сараптасақ, жалпы туу көрсеткіші 6,7%-ке артты, ана өлімі көрсеткіші  42,4%-ке, сәби өлімі көрсеткіші  2,4 есеге  төмендеді.

Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамытуда  соңғы 30 жыл ішінде құны 50 млрд теңгені құрайтын 161 нысан іске қосылды. Атап айтқанда,  көпбейінді облыстық аурухана, Байқоңыр қаласындағы көпбейінді  аурухана, облыстық көпбейінді балалар аурханасы, облыстық перинаталдық орталық, Арал, Қазалы, Жаңақорған, Шиелі ауданаралық ауруханалары, Жалағаш аудандық аурухана, Арал, Қармақшы, Сырдария, Жалағаш,  Шиелі, Жаңақорған аудандық емханалары, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде Қызылорда қаласындағы №2 қалалық емхананың орнына 400 келушіге арналған емхана іске қосылды. Сонымен қатар, 2 ауылдық емхана, 55 дәрігерлік амбулатория, 15 фельдшерлік-акушерлік бекет, 57 медициналық бекет, тағы басқалар.

Облыстық медициналық орталық, қалалық аурухана, Қазалы теміржол ауруханасы  базаларында  3 инсульттік орталық ашылды. Облыс дәрігерлері еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып бүйрек ауыстыру отасын сәтті жасады. Балалар хирургиясы қарқынды дамып, көлемді оталар облыс деңгейінде жасала бастады, облыстық  балалар ауруханасында өңеш атрезиясымен туған нәрестеге жасалған ота сәтті шықты. Облыстық ана мен бала  орталығында кюбез трансформерде ота жасау әдісі енгізілді.

Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында өңір медицинасының ахуалын сараптасақ, аудандық, ауылдық емдеу ұйымдары, балалар және әйелдер емханалары қысқартуға ұшырады. Жалақысы төмен болған соң медицина қызметкерлері басқа салаларға ауысып кетіп жатты. 1992 жылы облыстық диагностикалық кеңес беру орталығының іске қосылуы мен Қазалы аудандық емханасының жаңа ғимаратқа көшірілуі Сыр медицинасын бір серпілтіп тастады. Бұл Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы жеңіс болды.

Сол жылдары салаға бөлінген қаржы  850  млн теңге болды. Елбасы Кеңес дәуірінде басталып, аяқсыз қалған 750 орындық облыстық медицина орталығының құрылысын аяқтауға тікелей тапсырма берді. Құрылысты жүргізіп жатқан Болгария Үкіметімен келісім жасалып, 1998 жылы ТМД елдерінде теңдесі жоқ орталық ашылды.  Ашылу салтанатына Елбасының өзі қатысты. Бұл орталық  Сыр медицинасының әрі қарай дамуына даңғыл жол ашты. Қазақстан мен Жапония Үкіметтерінің келісімі нәтижесінде, облыстық медицина орталығына 3 млн 800 мың доллардың медициналық құрал-жабдықтары  грант есебінен  алынды.

2000-2004 жылдары саланы жүйелі қаржыландырудың тиісті қадамдары жасала бастады. Облыстағы емдеу, алдын алу мекемелерінің функциялары айқындалып, дәрігерлердің білімін жетілдіру, айлық жалақыларының төлену тәртібі, медициналық құрал-жабдықтар бөлінісі, жаңадан салынатын құрылыстар  төңірегінде  жүйе орнады. Жаңадан қалалық туберкулезге қарсы күрес диспансері, облыстық балалар ауруханасы, қалалық әйелдер кеңес беру орталығы және қысқартуға кеткен аудандық денсаулық сақтау бөлімдері мен ауылдық ауруханалар ашылды. Медицина қызметкерлерінің біліктілігі мен білімін көтеруге, әсіресе дәрігерлерді жақын және алыс шет елдерде оқыту үрдіс алды. Науқастар жоғары мамандандырылған медициналық көмек алу үшін квота жүйесімен Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы клиникаларға жіберілді.

Саланың бюджеті 2 млрд теңгеге жетіп, 2005 жылы «Денсаулық сақтау саласын реформалау мен дамыту» жөніндегі бағдарлама бекітілді. Бағдарламада саланың материалдық-техникалық жабдықталуы, дәрігерлер білімін жетілдіру, сала менеджерлерін   даярлау көзделді.

 2005 жылы саланы  қаржыландыру 5 млрд теңге болса, 2010 жылы 13 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Осы жылдар аралығында Арал, Қармақшы, Сырдария, Қазалы  аудандық туберкулезге қарсы күрес диспансерлері, Жаңақорған аудандық ауруханасы, Арал аудандық емханасы және 56 ауылдық емдеу ұйымдары жаңа ғимараттарға көшірілді.  

Саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 4 миллиард теңгеге дейін қаржы бөлініп,  қымбат бағалы құрал-жабдықтар, магнитті резонанстық томограф (МРТ) пен компьютерлік томография (КТ) қолданысқа енгізілді. 2009 жылы біздің облыс республикада бірінші болып, өз қаржысымен шалғайдағы науқастарға шұғыл медициналық көмек көрсету үшін ұшақтармен  қамтылған  санитарлық  авиация  қызметін  пайдалана бастады. Кардиохирургиялық орталық ашылып, өңірімізде жүрекке ашық оталар жасала бастады.  

Бағдарлама аясында денсаулық сақтау саласындағы менеджмент, ресурстарды басқару және қаржыландыру, жалпы  тәжірибелік дәрігер сұрақтары бойынша  1000-ға  тарта маман қайта даярлаудан өтті. Саладағы тың идеялар 2011-2015 жылдар аралығында «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында көрініс тапты. Саланы қаржыландыру 14 млрд теңгеден  34 млрд  теңгеге  дейін  көтерілді.

Заманауи Ана мен бала орталығы, типтік жобадағы №3 қалалық емхана, Шиелі, Тереңөзек, Қармақшы, Жалағаш аудандық емханалары және ауылдарда 38 медициналық жаңа ғимараттар салынды. 5 жыл ішінде 375 мамандандырылған санитарлық автокөлік жаңадан алынды. Шалғай елді мекен тұрғындарының денсаулығын тексеру үшін жылжымалы медициналық кешеннің қызметі орасан болды.

2012 жылы облыстық медицина орталығы базасында  Нейроинсульттік   орталық ашылып, инсульт алған науқастарға ота жасау мен қалпына келтіру қолға алынды.  5 жыл ішінде 3529 науқасқа жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіліп, тұрғындар астананың, Алматының жоғарғы клиникаларына баруды  азайтты. 2014 жылы облыс дәрігерлері елімізде төртінші болып, бүйрек ауыстыру отасын жасады. Алыс-жақын 28 мемлекетпен қарым-қатынас орнатып, халықаралық бағдарламалар шеңберінде жұмыс орындарында оқыту жолға қойылды. 5 жыл ішінде 6000-ға тарта маман  қайта даярлаудан  өтті.           

2013 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен «2013-2014 жылдарға  арналған Жол картасы» қабылданып, оны іске асыру үшін  4,4 млрд теңге қарастырылды. «Жол картасы» аясында, ана мен бала денсаулығын нығайту мақсатында заманауи қондырғылар алынса, жедел жәрдем қызметі жетілдірілген автоматты жүйеге көшірілді. Облыстағы туберкулезге қарсы емдеу ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Жалпы тәжірибелік дәрігерлермен қамту жүзеге асырылды. Осы жылы өңірлер арасында денсаулық сақтау саласы бойынша 1 тұрғынға жұмсалатын шығын 53 105 теңгені құрап, облысымыз Нұр-Сұлтаннан кейінгі  екінші  орында  тұрды.

Тәуелсіздіктің 25-жылында, Елбасы 2016-2019 жылдарға «Денсаулық» бағдарламасын бекітті. Облыстың денсаулық сақтау саласында іргелі өзгерістердің ең бастысы – алғашқы медициналық көмек көрсету саласына басымдық беріліп, емханаларда мамандандырылған бөлімдер ашылды, бірнеше емдеу ұйымдары – Түгіскен дәрігерлік амбулаториясы, Жаңақорған аудандық емханасы,  облыстық балалар ауруханасы пайдалануға берілді.

   Республика көлемінде біздің облыс бірінші болып толығымен жалпытәжірибелік практикаға көшті. Медициналық көмектің сапасын  жақсарту мақсатында облыстағы денсаулық сақтау жүйесінің желісі нормативке сәйкестендірілді.  Соңғы 4 жылда 59 денсаулық сақтау нысаны салынып, олардың 91%-ін (55 нысан) БМСК ұйымдары құрады.

  Облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарын заманауи медициналық техникамен  жабдықтауға  2016-2019 жылдар аралығында 7 888,4 млн теңгеге медициналық құрал-жабдық сатып алынып,  нәтижесінде жарақтандыру көрсеткіші 63,7%-тен  (2016 ж.)  75,22 %-ке көтерілді (2019 жыл).

Халықтың денсаулығы мен жарқын болашағы үшін күресте медицина қызметкерлерінің жауапкершілігі орасан. Былтырдан бері бүкіл әлемді шарпыған пандемиямен күресте дәрігерлердің табандылығы, ерлікке пара-пар еңбегінің арқасында індеттің бетін қайтара алдық. Қаншама ай бойы үйлерінен жырақта, өз денсаулықтарын қатерге тігіп, қауіпті вируспен күресіп, алдыңғы шепте жүріп, адамзат баласына қалқан болды. Бүгінде өңірде індет жұқтырған 19370 адам тіркелсе, оның 97%-і жазылды. Пневмониямен ауырған 2680 науқастың 2484-і (92%) емделіп шықты (01.08.2020-12.12.2021 ж.).

Қазіргі таңда инфекциялық төсек-орын саны 295, оның ішінде реанимациялық төсек-орын саны 43, бүгінге жүктеме 28% құрап отыр. Резервтік төсек-орын санын қосқанда 3200 төсек-орын әзірленетін болады. Құрылысы 2020 жылы басталған модульдік стационар жұмысы іске қосылды. Режимді түрде 6 оттегі шығару станциясы (оның 2-і 2020 жылы көпбейінді облыстық және Қазалы ауданаралық ауруханаларында іске қосылды) жұмыс жасауда. Дәрі-дәрмек қоры қалыптасқан. Коронавирус инфекциясына қарсы күрес жұмыстарына қажетті медициналық кадрлар мен құрал-жабдықтар жеткілікті.

  (Анықтама ретінде: медициналық ұйымдар 686 оттегі концентратор (индикатор – 586 дана), 251 ӨЖЖ (индикатор – 251), 8 компьютерлік томограф (индикатор – 8), 66 рентген аппаратымен қамтылған (индикатор – 25). Облыс бойынша 121 дәрігерлік мобильдік топ үйден ем жасауда. Дәрілік заттардың тұрақтандыру қорына жергілікті бюджеттен 488 млн теңге қаржы бөлінді (10.12.2021 жылғы жағдай бойынша 17 фармацевтикалық ұйым 281,2 млн теңгесін пайдаланды).

Облыста ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында екпе алуға қабілетті (18 жастан жоғары) 452 мың (452 480 адам) тұрғынның I компонентпен 90,7%-і (410 543 адам), II компонентпен 80,3%-і (363 472 адам) вакциналанды.

Бұдан бөлек, Pfizer вакцинасының 23400 дозасы жеткізілді. Температуралық режимді сақтауға 4 тоңазытқыш орталық қоймаға Үкімет тарапынан алынды. Бүгінге Pfizer вакцинасының I компонентімен 10840 тұрғын вакциналанды (8510 – 12 жастан 18 жасқа дейінгі балаға ата-аналарының рұқсатымен, 1071 – жүкті және 1259 – босанған анаға екпе салынды), II компонентімен 718 тұрғын вакциналанды.

Сонымен қатар, 22 қарашадан ревакцинация жұмыстары басталып, қазірге 1281 тұрғын қайта екпе алды.

Облыс бойынша үй жағдайында дәрігерлік және динамикалық бақылауды қажет ететін науқастарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында мобильдік бригадалар ұйымдастырылды. Мобильдік бригадалар облыстағы бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарында ашылды. Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап барлығы 161 мобильдік бригада құрылды. Мобильдік бригадалардың 38-і қала деңгейінде болса, 28-і аудан орталықтарында және 95-і елді мекендерде ұйымдастырылды. Құрамы аймақтық дәрігер, аймақтық мейірбике және жүргізушіден жасақталды. Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған мобильдік бригадалар үй жағдайында созылмалы аурулары бар пациенттер мен егде жастағы адамдарға дәрігерлік және динамикалық бақылау жүргізуде, тәуекел топтағы адамдар ерекше бақылауда.

Медициналық көмекті уақытылы және сапалы көрсету көрсеткіштерінің бірі – ол жедел жәрдем қызметі. Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының санитарлық автокөліктерін жаңарту мақсатында Республикалық бюджеттен лизинг арқылы 40 санитарлық автокөлік қараша айының бірінші жартысында толықтай жеткізілді.

Коронавирус инфекциясына қарсы күресте мамандар тапшылығын жою мақсатында аймағымыз 99 жас маманмен толықты. Дәрігер жетіспеушілігін болдырмау мақсатында басқа профильдегі мамандарға арнайы семинар оқулар өткізілуде.

Коронавирус инфекциясына қарсы күресте кадр резервін қалыптастыру мақсатында 3500 медициналық кадр жасақталды. Эпидемия кезінде мамандықтарына қарамастан барлық мамандар жұмылдырылып, науқастарға медициналық қызмет көрсетті.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 4 сәуірдегі №ҚР ДСМ-28/2020 «СОVID-19 коронавирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау ұйымдарының жұмыскерлерін қаржылық қолдаудың кейбір мәселелері туралы» бұйрығының негізінде облыс әкімдігінің қаулысымен комиссия құрылды. Денсаулық сақтау ұйымдарын тәуекел топтары бөлінісінде медициналық қызметкерлерге (дәрігерлер, орта және кіші медициналық қызметкерлері) үстемеақы белгіленетін жұмыскерлер тізімін айқындау үшін жұмыстар жүргізілді. Эпидмаусым басталғалы іс-шараларға тартылған барлық 36 843 қызметкерге 6,8 млрд теңге төленді, оның ішінде ең көп қызметкерлер тартылған тамыз айында 3977 медициналық қызметкерге 629,8 млн теңге үстемақы төленді.

Коронавирус инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылып, коронавирус инфекциясын және вирусты пневмония жұқтырған 526 медицина қызметкерлерінің құжаттары «MapCOVID» ақпараттық жүйесіне енгізіліп, оның 526-сына төлем тағайындалды. Одан бөлек инфекциямен күресте қайтыс болған 12 медицина қызметкерлерінің туыстарына қаржысы аударылды.

Сыр өңірінің медицина саласы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мамандандырылған дәрігерлік көмекті дер кезінде көрсете алатын, адам өміріне жауапкершілікті сезіне білетін, аурудың алдын алу жүйесі қалыптасқан, заманауи емдеу әдіс-тәсілдерін меңгерген, материалдық-техникалық тұрғыда жабдықталған, кемелденген қалыпта қарсы алып отыр. Алда талай-талай белес бар, кейінгі жылдардағы сындарлы кезеңнің мойынымызға жүктеген ауыр міндеттерін орындау, өткеннің қателіктерінен сабақ ала отырып, келешекке ұмтылу керек. Осы жолда жұмылған жұдырықтай еңбек етуге, Тәуелсіздігіміздің мерейін асыра түсуге тиіспіз. Сол мақсатымызға жетейік!

Сабит Пазилов,

облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<