Сыр өңірінде бір күнде 4 амбулатория ашылды

1407

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен аудандарда 4 дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсімі өтті. Түске дейін аймақ басшысы Шиелі ауданының Талаптан, Ақтоған ауылдық округтеріндегі жаңа нысандарды табыстау іс-шарасына қатысса, түстен кейін Қарғалы ауылдық округіне қарасты Бұланбай бауы елді мекеніндегі амбулатория пайдалануға берілді.

Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын Жаңа жыл мерекесімен және жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, медицина саласындағы атқарылған істер мен алдағы міндеттерге тоқталды.

Сыр өңірінде бір күнде 4 амбулатория ашылды

«Адамның басты байлығы – денсаулығы болғандықтан, елімізде, аймақта бұл саланың негізгі көрсеткіштерін, яғни, ұлт саулығын жақсартудың барлық мүмкіндігі қарастырылуда. Медицина мамандарының біліктілігін арттыру, ауруханаларды заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандыру назардан тыс қалмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғам тұрақты дамуы үшін азаматтардың денсаулығы мықты болуы керек екенін үнемі айтып келеді. Медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту үшін кешенді шаралар қабылдануда. Президент бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 нысан салынуда. Биыл 15 жаңа, заманауи дәрігерлік амбулатория қызметін бастайды. Олардың 3-еуін өткен аптада ашсақ, осы аптада 12-сін пайдалануға береміз. Ұлттық жоба аясында Шиеліде 8 дәрігерлік амбулатория салынады. Бүгін Талаптан, Ақтоған, Қарғалы ауылдарындағы жаңа нысандарды тапсырамыз. Бұл – бірлігі мығым елдігіміздің, еңбекпен еңсесін тіктеген азаматтардың арқасында біткен жұмыс», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Іс-шарада «Құрмет» орденінің иегері, меценат Сейітқали Алшынбаев жерлестерін құттықтап, ізгі тілек білдірді, еңбек ардагері Алпысбек Тәшімбет алғыс айтып, бата берді. Сондай-ақ, мердігер мекеме өкілдері мен ауыл азаматтары марапатқа ие болды.

Дәл осындай амбулатория Жаңақорған ауданының Қаратөбе ауылдық округінде де ашылды.

Биыл облыс бюджеті 57 пайызға өсіп, 609 млрд. теңгеге жетті. Қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталды. Оның ішінде медицина саласына 138 млрд. 600 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Қызылорда қаласында 36 млрд. 400 млн. теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2 млрд. 900 млн. теңгені құрайтын Қан орталығы жақын күндері пайдалануға беріледі. Оған қоса 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылуда.

Жыл соңына дейін көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік перинаталдық орталық, қалаға қарасты Досан елді мекенінде медициналық бекет, Жаңақорғандағы көпбейінді аудандық аурухана базасында балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<