«Жыланды жеті кессең, кесірткедей әлі қалады» деген, дүниені дүрліктірген «covid» деген аждаһа басын қайта көтеріп жатыр. Бұл жайсыз сөз барша жұртшылықты тағы да алаңдатты.
Еліміздің өткеннен сабақ алып, бүгінде бұл дерттің кең таралмауына бірізді жұмыстар жүргізіп отырғанынан хабардармыз. Әйтсе де ауруды таратпау әркімнің жеке әрекетіне де тәуелді екенін көріп-білдік. Кеш түсе сезімге серілігін серік етіп көше кезіп жүретін жастарды да кездестірдік. Сол жастардың тілеуін тілеп үйінде отырған ата-анасына ауру алып бармасына кім кепіл? Қазақта «тек жүрсең, тоқ жүресің» деген бар. Елдің амандығын ойласақ, ұзын арқау, кең тұсау болмай, заңды талапқа құлақ асуымыз керек. Тойдың тойлануы, қазаның аза тұтылуы – ағайынға ортақ іс. Оны жоққа шығаратын ешкім жоқ. Алайда, мұндай рәсімдерде кісі санын шектеп, барынша жинақы жүруге тиіспіз.
«Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» дейтін есті сөз дәл бүгінгі күннің тақырыбы болып тұр. Бір-бірімізге көмектесуіміз керек.
Мына бір тұмау тектес ауыр кеселдің адамнан адамға берілетіні белгілі. Осындай сәтте өзгенің де сақтықты сақтап жүруіне үлес қосу өте маңызды болып тұр.
Індеттің бірінші толқыны кеше ғана өтті. Сол кезде халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қаншама еріктілер көмек көрсетті. Бұл біздің халқымыздың қанында бар қайырымдылық қасиетімізді паш етті. Сондықтан жұқпалы індеттің екінші толқыны бола қалған жағдайда сондай қайырымды жерлестеріміздің саны арта түседі деп білемін. Алайда, біз үшін ымыраға келіп, індеттің өршіп кетпеуіне бір кісідей жауапты болған абзал. Оны кешегі толқында көрдік.
Сондықтан бірлігіміз жоғалмасын, тірлігіміз алға баса берсін, ағайын.
Шәкизада ӘБДІКӘРІМОВ,
Қызылорда қаласының құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<