Тиімділігі дәлелденген әдіс

307

0

Адам папиллома вирусы – дененің әртүрлі бөліктерінің тері мен шырышты қабатын зақымдайтын вирустар тобы. Вирус қауіпті, себебі ол тез таралып, жасушалардың қатерлі ісік дегенерациясының қоздырғышына айналады және соның салдарынан қатерлі ісіктің дамуы мүмкін. Мәліметтерге сүйенсек, елімізде жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі және жылына 600-ден астам әйел осы патологиядан қайтыс болады. Жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігінен  кейін екінші орында тұр.

Бүгінгі күні адам папиллома виру­сының алдын алудың жалғыз әдісі – вак­цинация. Вакцина  обырдан қорғайды және әйелдің бала туу қабілетіне әсер етпейді. Ол 15 жылдан астам қол­данылып келеді және әлемнің 135 елінде егіледі. Нақтырақ айтқанда, алғаш 2006 жылы пайда болып,  100 миллионнан астам адамға са­лынған. 2013-2014 жылдардан бері көрші мемлекеттер  Өзбекстанда, Қырғызстанда, Түрікменстанда, Ре­сейде жүргізілуде. Әлемдік деңгейде вакцина өзінің тиімділігін дәлелдеген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша АПВ екпесін 9-14 жас аралығындағы жас­өспірім қыздар арасында қолдану ба­рынша тиімді. Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы вакци­налау 11 жастағы қыздарға тегін меди­ци­налық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде Ұлттық егу күн­тізбесіне енгізіліп, өткен жылдың күзінен бастап жүргізілуде. Сондай-ақ, жоспарлы екпеге (11 жас) қосымша 12-13 жастағы қыздарға вакцина ілеспе егу ретінде салынуда.

Облыстық санитарлық-эпиде­мио­ло­гиялық бақылау департаментінің мәліме­тінше, бүгінде  облыс бойынша 7 241  жасөспірім қыз АПВ екпесін алған, оның ішінде 11 жастағы қыздар саны  – 3783, 12-13 жастағылар – 3458. Вакцинадан кейінгі қолайсыздықтар тіркелмеген, 6 айлық аралықпен екі рет егіледі.

–             Адам папиллома вирусының 200-ден астам түрі бар. Оның кем дегенде жоғары онкогенді 14 түрі жатыр мойны обырын және басқа да қатерлі ісіктерді тудыруы мүмкін. Алдын алудағы тиімді тәсіл вирусқа қарсы вакцина салдыру екені ғылыми дәлелденген. Жатыр мойны обыры – алдын алуға болатын жалғыз қатерлі ісік түрі. Қолданылатын вакцина – АҚШ-та жасалған «Гардасил» екпесі. Вакцина қауіпсіз және құрамында вирустың ДНҚ-сы жоқ. Аллергиялық реакциялардың ықтималдығы мини­малды. Жүргізілген зерттеулер бойын­ша вакцина 10 жылдың ішінде әсерін жоғалтпайды және жыл сайын егудің қажеті жоқ. Ата-аналарға қыздардың денсаулығы мен болашағы үшін оларға екпе салдыртуға кеңес береміз, – дейді облыстық СЭБД басшысының  орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, былтыр күз айынан бері аталған ауруға қарсы екпе егу жұмысы аудандар мен қала емханаларында үздіксіз жүргізілуде.

Мәселен, №3 қалалық емхана бойынша вакциналау қолға алынған уақыттан бас­тап жыл аяғына дейін  453 қыз бала екпе алған.  Ал биыл бірінші тоқсанда 150  қыз­ға екпе салынған. Сәуір айындағы көрсеткіш – 81.

–             Жатыр мойны обырының дамуы әйел­дің адам папиллома вирусын жұқ­тыруымен байланысты. Бұл ту­ралы көп­теген ғылыми дәлелдер бар. Папиллома вирусы адамнан адамға тұрмыстық байла­ныс және жыныстық қатынас арқылы берілуі мүмкін. Бү­гінде оның емі жоқ, алдын алудың жал­ғыз әдісі  – вакциналау, – дейді емха­наның  педиатр дәрігері Ұлпан Ибраева.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»