ТРАНСПЛАНТОЛОГИЯ – өмірді ұзартуға мүмкіндік

249

0

2012 жылы Қазақстанда бірінші рет созылмалы жүректің жетіспеушілігі диагнозы қойылған науқасқа донорлық жүрек трансплантациясын жасағаны белгілі.  Бұл отаны Чехияның кардиохирургі Жан Пирктің қатысуымен еліміздің жетекші кардиохирургі, медицина ғылымдарының докторы Юрий Пя жасады. Осылайша республикамыздың білікті хирургтері күрделі де қымбат оталарды өз елімізде жасауға болатынын дәлелдеді.  Сондай-ақ көпшілікке сенсация болған осы күрделі отадан кейін Қазақстан әлемдегі донорлық жүректі ауыстырып салатын 27 елдің қатарына қосылды, онымен қоймай, ағзасында мүше ауыстыруға байланысты ақауы бар адамдардың көңілдерінде үміт отын жақты.

Жалпы, трансплантология – ме­дицина саласының ең ірі жетістігі, ел дамуының басты көрсеткіші. Бү­гінде әлемнің алпауыт елдері мүше трансплантациясын жасаудың ең озық үлгілерін қолдануда. Бір адамның ағза мүшелері бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Мә­селен, жуырда павлодарлық қай­тыс бол­ғаннан кейін донор күту пара­ғын­дағы екі пациентке жаңа өмір сыйлады.

Нақтырақ айтсақ, Павлодар қала­сының №1 қалалық ауруханасында қайтыс болғаннан кейінгі донордан, яғни облыстың 44 жастағы тұрғы­ны­нан көп ағзалық ағза алу операциясы жүргізілді.

Ағзаларды транспланттау және екі пациенттің өмірін құтқару донор отбасының шешімі мен медициналық мамандардың үйлесімді жұмысының арқасында мүмкін болды. Ағзаларды алуға Ұлттық ғылыми онкология ор­талығы мен «UMC» корпоративтік қорының трансплантолог дәрігерлері қатысты. Нәтижесінде жүрек пен бүй­рек сәтті алынып, трансплантталды. Осылайша бұл жағдай елімізде қай­тыс болғаннан кейінгі донорлық жә­не трансплантология мәдениетін да­мы­тудың қаншалықты маңызды еке­нінің жарқын мысалы болды.

Трансплантация тарихы

Биыл 10 тамыздағы жағдай бойын­ша донорлар мен реципиенттердің бі­рыңғай республикалық тізілімінде 4384 науқас ағза ауыстыру кезегін күтуде. Оның ішінде 3890 ересек адам мен 90 бала бүйрек алмастыру үшін кезек күтсе, 201 адам және 21 бала бауыр алмастыруға мұқтаж екен, 25 ересек пен 2 бала өкпе трансплантациясын қажет етсе, жүрек ауыстыратын 143 ересек пен 6 бала бар және 4 ересек пен 2 балаға «жүрек-өкпе» кешенін транспланттау қажет. Ал біздің өңір­де облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының қаңтардағы мәліметі бо­йынша 764 адам бүйрек, 76 науқас ба­уыр ауыстыру кезегін күтіп тұр.

Бұл сандар біздің елімізде донорлық және ағзаларды транспланттау жүйесін дамытудың жоғары қажеттілігін айқын көрсетеді.

Жалпы, трансплантация латын ті­лінен аударғанда «ауыстырып салу» деген мағынаны береді. Медицинада адам мен жануарлар ағзалары мен ті­нін алмастырып салу ғылымын транс­плантология деп атайды.  Жарамсыз, дертті органдарды алмастыру – адам­заттың ертеден келе жатқан арманы, биік қиялы болатын. Тері қабатының орнын ауыстырып салу әрекеті алғаш рет біздің заманымыздан бұрын 1500 жылы жасалған. Клиникалық тә­жі­рибеде бұлшық етті, сіңірді, қан та­мырларын, жүйке талшықтары мен сүйек кемігін ауыстырып салу жиі қол­данылады. Ең жиі алмастырылатын мүше – бүйрек болып саналады екен.  Мәселен, 1902 жылы австриялық хи­рург Е.Ульманн алғаш рет бүйрекке трансплантациялау операциясын жа­саған. Әлем ғалымдарының ізденістері арқасында 1953 жылы Биллингэм, Брент және Медава «жасанды бүйрек» аппаратын ойлап шығарды. 1954 жылы Муррей бүйрек алмастыруды сәтті аяқтады. Бұрынғы кеңестік дәуірде мұн­дай отаны бірінші болып академик-хирург Борис Петровский 1965 жылы жасаған. Ол бүйректі шешесінен алып қызына салған еді. Бауырды алмас­тыру проблемалары бүйректен кейін қолға алынды. Ал 2011 жылдан бері қазақстандық оташылар Орта Азия мемлекеттері арасында алғаш рет ба­уыр, жүрек, сүйек кемігін алмастыру операцияларын ойдағыдай іске асыр­ды.  Бүйрек ауыстыру оталары елімізде А.Сызғанов атындағы хирургия ғы­лыми орталығында 1978 жылдан бас­тап жасалуда. Ал бүгінгі заманауи ме­­дицина бір мезгілде жүрек, өкпе, бауыр, сонымен бірге ұйқы безі сынды бірнеше ағза мүшелерін ауыстыруға мүмкіндік беріп отыр.

Аймақтағы ағза ауыстыру ахуалы

Астанада, Алматыда, Ақтөбе жә­не Шымкентте трансплантация орталық­тары бар.  Біздің өңірде мұндай күрделі ота облыстық көпбейінді ауруханада жасалып жүр. Мәселен, 2014 жылы Қызылордада жас жігітке өзінің туған қарындасы бір бүйрегін берді. Сол кезде Сызғанов атындағы институттан хирургтер арнайы келіп, ота жасады.

2023 жылы да облыстық көпбе­йін­ді ауруханада А.Сызғанов атын­дағы Ұлттық ғылыми хирургия орталы­ғы­ның басқарма төрағасы, медицина ғы­лымдарының докторы, профессор, жоғары санатты дәрігер Болатбек Бай­махановтың бүйрек жетіспеушілігі зардабын тартып жүрген 25 жастағы науқасқа жасаған отасы сәтті өтті. Нау­қасқа 36 жастағы туысқан ағасы донор болуға келісімін берген.

Ал биыл Сыр медицинасының та­рихында айтулы күн болды. Айма­ғымызда алғаш рет бауыр ауыстыру отасы жасалды. Көпбейінді облыстық ауруханада 40 жастағы еңбекке қабі­летті пациентке жасалған бауыр транс­­плантация отасы сәттi аяқталды. Донор – 1993 жылы дүниеге келген пациенттің туысы. Тоғыз жылдан бері бауыр циррозы дертіне шалдығып, емi нәтижесіз болған науқас үшін бұл көптен күткен қуаныш. Он сағатқа созылған ота сәтті өтті. Жалпы былтыр ауруханада бүйрекке 6 трансплантация жасалса, жоғарыда айтып өткеніміздей, биыл дәрігерлер бірінші рет бауыр ауыстырды.

Заманауи хирургияда донорлық ба­­уырды сәтті трансплантациялау – со­зылмалы, асқынған ауруы бар нау­қастарды қалпына келтіріп, олар­дың толықтай медициналық және әлеумет­тік оңалуын қамтамасыз етеді.

Мәйіттік донорды дамыту – өзекті мәселе

Былтыр елімізде 250 ағза мүшесі трансплантацияланған. Оның ішінде 227 ағза мүшесі тірі донорлардан, ал 23-і марқұмдардан алынған. Ден­сау­лық сақтау министрлігі ұсынған ақ­паратқа қарағанда, 2012 жылдан бері трансплантация бағдарламасы ая­сында Қазақстанда 2800 операция жүр­гізілген. Олардың ішінде 2353 операция (84%) – тірі донордан; 447 операция (16%) – қайтыс болғаннан кейінгі донордан.

Ағза мүшелерін трансплантациялау тек медициналық ем-шара ғана емес, бұл – науқас адамдар үшін жаңа өмірге мүмкіндік. Алайда бүгінде біздің елде оның ілгері басуына кері әсерін тигізіп отырған   мәселе бар.  Ол – мәйіттік донордың жолға қойылмауы.

Дүниежүзілік статистикаға сүйен­сек, мұндай отаның 80 пайызға жуы­ғы қайтыс болған азаматтардың до­нор­лығымен жасалады. Ал біздің елі­мізде басым бөлігінде науқастарға жа­қын туыстары донор болуымен ерек­шеленеді. Мәйіттен ағза алып салу жайы – бүгінде сала министрінен бастап мамандарын да алаңдатып отыр­ған өзекті мәселе.

– Қазіргі кезде әлем бойынша мә­йіттен ағза алып салу тәжірибесі жа­салған, яғни адамның ағзасындағы бүй­рек, жүрек, өкпе, ұйқы безі, бауыр жә­не көздің қасаң қабығын келесі адам­ға ауыстырып салуға болады. Мы­салы, жол-көлік апаты болды делік, ал науқас сол аурухана төсегінде жатып есін жимай кетті. Оған жасалған бар­лық ем көмектеспегеннен кейін мидың өлімі деген диагноз тіркеліп, оның өзге ағзалары арнайы аппараттың көмегі арқылы жұмыс жасайды. Мұнан соң арнайы мамандардан құралған ко­миссия мәйіттің ағзаларын алуға бай­ланысты шешім шығарады. Мұның барлығы да бізде заңда көрсетілгендей жасалады. Егер мәйіттің туыстары табылмай жатса не туысы жоқ болса, егер ми өлімі дерегі тіркелген адам тірі кезінде өзінің келісетін немесе ке­ліспейтіндігін білдірмеген болса, біз оның туыстарын тауып, келісімін алуға тырысамыз. Ал мемлекеттегі кез келген адам тірі кезінде egov арқылы келісетінін болмаса келіспейтінін біл­діру керек. Өзінің арызында дүние­ден өткеннен кейін ағзасын алуға ке­ліспейтіндігін білдіріп, арыз жазып қойған болса, заң бойынша біз оның ешбір ағзасын ала алмаймыз. Қан­дай жағдайда да біз туыстарының рұқ­сатымен ғана әрекет етеміз. Біздің Сыр өңірінде адамдардың 90 пайызы нау­қастардың жағдайына түсіністікпен қа­рағанымен, келісім бере қоймайды.

Негізі біздің ислам дінімізде ша­ри­ғатта, православие дінінде де ағ­заларды алуға рұқсат етілген, яғни бір науқасқа көмектесу арқылы сол адам сауапты іс жасайды. Бір адамның өмірін аман сақтап қалғаның бүкіл елге көмек бергеніңмен тең саналады екен. Мұндай жағдай кез келген адамның басына түсіп, оған донор қажет болуы мүмкін. Медицинаның бұл саласы кейінгі 3 жылдан бері Қазақстанда ен­ді ғана күшіне еніп, дамып келе жа­тыр. Бұл жағынан солтүстік өңірлер белсендірек, яғни мәйіттердің ағ­за­сын донорлыққа беруге оның жа­қын­дары, туыстары рұқсаттарын бере­ді. Ал оң­түстік аймақтарда, атап айтқанда, Қы­зылорда, Шымкент, Тараз өңір­ле­рінде трансплантация тура­сын­дағы на­сихат халықтың санасына толық сің­бей жатыр. Көпшілік «ағзасын бе­руге болмайды» деп ойлайды. Бірақ мен оны дұрыс емес деп есептеймін, – дейді облыс бойынша трансплант үйлестіруші, жоғары дәрежелі неф­ро­лог Лиза Нұрсұлтанова.

Шамамен осыдан екі-үш ай бұрын Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова біз көтеріп отырған та­қы­рыпқа байланысты әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.

Жазбасында ол: «Қазақстан мұ­сыл­мандары діни басқармасының бас­шысы, Бас мүфти Наурызбай қажы Та­ғанұлымен маңызды кездесу өткіз­дім. Біздің талқылауымыздың негіз­гі тақырыбы вакцинациялау және ағза донорлығы бойынша халықтың хабар­дарлығын арттыруға қатысты мәсе­лелер болды» дей келе министр кез­десудің мән-жайын баяндаған.

– …Кездесу барысында трансплант­тологияның маңызды тақырыбы да талқыланды. Соңғы 10 жылдың ішін­де Қазақстанда ағзаларды транс­план­таттау саласында елеулі прогреске қол жеткізілді және бүгін біз әлемдік стан­дарттарға сеніммен қараймыз…

Біз қайтыс болғаннан кейінгі до­норлық тақырыбына ерекше назар ау­дардық. Әлемде бұл мәселеде Испания – көшбасшы, онда 1 миллион адамға қайтыс болғаннан кейінгі донорлық көрсеткіш 49,38-ді құрайды. Өкінішке орай, Қазақстанда бұл көрсеткіш небәрі 0,36.

Біз халықтың хабардар болуын арт­тыру және діни көшбасшылар ар­қылы осы тақырыпты түсіндіру үшін белсенді жұмыс істеуіміз керек. Мүф­тиятпен диалогта біз проблемалар бойынша ортақ түсінік таптық және діни лидерлердің мешіттер мен қа­уым­дастықтарда қайтыс болғаннан ке­йінгі донорлық пен вакцинациялау мә­селелерін түсіндіруге қатысуы адам­дарға саналы және жауапты ше­шім қабылдауға көмектеседі деп үміт­тенеміз, – деді А.Әлназарова.

– Кейінгі 10-15 жылда ағза ал­мастыру елімізде жаңа бағытта дамып келеді. Оның ішінде Қызылорда об­лысы республикада бүйрек, бауыр транс­плантациясын жасайтын бесінші аймақ қатарына енді. Жыл басында туыстық бауыр трансплантациясы жа­салды.  2023 жылдың аяғынан бері бүй­рек ауыстыру отасы қарқынды қолға алынып, былтыр 6 трансплантация жа­салды. Дегенмен күту парағында ке­зекте тұрған науқастар әлі көп. Елімізде мәйіттік донордан жасалатын ота небәрі 10-15 пайызға жуығын ға­на құрайды, басым көбі туыстық до­нор. Бұл өте аз көрсеткіш. Ал күту па­ра­ғында кезекте тұрушылар саны күн­нен-күнге көбеюде. Олардың өмір сүру уақыты санаулы.

Мәйіттік ағзаны алып салуда дін ешқандай кедергі келтірмейді, яғ­ни ислам діні болсын, православ діні болсын «мәйіттік донордан транс­план­тация жасауға болмайды» деген сөз жоқ. Мысалы, Иран қазір транс­плантация бойынша әлемде он мемле­кеттің қатарына енді. Сауд Арабиясы, Түркия секілді исламдық мемлекеттер де мәйіттік ағзаны алмастырып салу бойынша  алдыңғы қатарларда тұр. Сон­дықтан дінмен байланыстыруға болмайды. Басына түспей бұл мәселені ешкім түсінбейді. Адам қайтыс болған соң біз туыстарынан рұқсат сұраймыз, бірақ қайғы үстіндегі жандар дұрыс түсінбей жатады. Сондықтан тірі ке­зінде әр адам шешім шығарып, келі­сімін беріп қойса жақсы болар еді. Ке­лісім беру-бермеу egov арқылы жүргізіледі, – дейді облыстық көпбе­йінді аурухана бас дәрігері Жасұлан Баймаханов.

Материалды дайындау барысында былтыр бүйрегін ауыстырған қала тұрғыны Мақпал Оралованың да пікірін білген едік. Күрделі отаны басынан өткерген ол мәйіттен алынатын ағза алмастыру мәселесіне мән беретін уақыттың жеткенін айтады.

– 2016 жылдан бері бүйрек жетіс­пеушілігімен есепте тұрамын. 2024 жылы трансплантация жасалды. Оған дейін Корея елінде Сеул қаласында ем алдым. Бірақ былтыр қатты ауы­рып, жағдайым нашарлап кетті, шұ­ғыл түрде трансплантация жасау ке­рек болды. Донорды жан-жақтан қа­растырдық. Өкініштісі біздің елде мә­йіттік донор дамымаған екен, кезекке тұрғанмен ұзақ күту керек болды. Тіпті он жылдап кезекте тұрғандар бар екен. Сондықтан туыстық донорға жү­гінуге тура келді. Өзімнің туған ағам бір бүйрегін берді. Күрделі ота облыстық көпбейінді ауруханада жа­салды. Отаның жергілікті ауру­ханада жасалғанына қуандым. Басқа қалаға барып, әуре болмадым. Мамандарға алғысым шексіз. Мені мазалайтын мәселе – елімізде мәйіттік донордың  дамымауы. Осы мәселеге барынша кө­ңіл бөлініп, жан-жақты зерттеліп, тұр­ғындарға насихатталып, жолға қойылса екен деймін. Себебі біз тірі, сау адамды бір ағзасын алу арқылы мүгедек етіп жатырмыз. Донор табылмаған соң амалсыздан жақынының өмірін құт­қару үшін мәжбүрлі түрде ағзасын бе­ріп, өзі де науқасқа айналып жатыр. Сон­дықтан мәйіттік донорды қолға алатын, жолға қоятын уақыт жетті деп ойлаймын, – дейді Мақпал Оралова. 

Мақпалдың ота жасатқанына ен­ді бір жыл болады. Қазір жағдайы жақ­сы. Бір жанның өмір сүруіне се­беп­ші болған, бір отбасының қуа­ныш­қа бөленуіне мүмкіндік берген маман­дардың кәсібилігіне, жан­ашыр­­лығына тәнті, ризашылығы шек­сіз.  Бүгінде бір бүйрегін берген аға­сы­ның да жағдайы жақсы. Екеуі де дәрі­герлер бақылауында. Әйтсе де ол гемо­диализге барып жүрген күндерін ойласа әлі күнге дейін қамығып қа­лады. Елімізде Мақпал секілді ауру азабын тартып жүргендер қаншама?! Тіпті олардың саны күн санап артуда.  Күту парағында кезекте тұрған сол жандардың «донор табылып қалар» деген әлсіз үміті өшпесе екен.  

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»