Үміт мекені немесе оңалту орталығының оңды істері

1187

0

Тағдырдың  адам баласына  тартар «сыйы» әртүрлі. Он екі мүшесінің сау болуын тілемейтін жан жоқ. Түрлі жағдайда денсаулығынан айырылып, мүгедектік қамытын кигендер үшін тіпті де қиын. Жарымжан жандар жағдайы мемлекет назарынан тыс қалған емес. Тағдыр тауқыметін тартқандар үшін көптеген бағдарлама қабылданып, жүйелі жұмыстар атқарылуда.   Ерекше жандар үшін оңалту орталықтарының маңызы зор. Біздің облысымызда да ондай орындар бар.

«Талсуат» елді мекенінде орналасқан облыстық мүгедектерге арналған оңалту орталығы –  өмірдің қиын жағдайына тап болған ерекше жандардың басын қосатын, оларды жаңа өмірге бейімдейтін, қалыпты өмір дағдыларына оралуына  ықпал ететін бірден-бір мекеме. Орталықтың негізгі міндеті – қызмет алушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, олардың даму деңгейін арттыру, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету.

Мекеме өз қызметін 2012 жылы бастады. Екі қабатты ғимарат 6 блокқа бөлінген. Оның төртеуі қызмет алушыларға арналып жабдықталған. 150 қызмет алушыға арналған мекеменің әр блогында тынығу орны, асхана, ем-шара қабылдау кабинеттері бар. Бір бөлмеге екі адамнан орналастырылған.

– Орталық қызмет алушыларға үйдегіге жетеғабыл қолайлы жағдай жасайды. Осы мақсатта 7 бағытта, атап айтқанда, әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, мәдени, экономикалық және әлеуметтік-құқықтық  арнаулы қызметтер көрсетеді. Бұл үшін ғимараттың әр бөлмесі қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Алты блоктың төртеуі қызмет алушыларға арналып жасақталса, қалған екі блокта дәрігерлердің  қабылдау бөлімі, әкімшілік бөлмелері, мәжіліс залы, кітапхана, емдеу, арнаулы оңалту шаралары көрсетілетін бөлмелер орналасқан, – дейді орталық директоры Манат Тілеуова.

Бірінші және екінші топтағы мүгедектерді, инсульт алғандарды оңалтуға арналған, жартылай стационарлық жағдайда арнаулы көмек көрсетілетіндіктен, мекеме заманауи медициналық, өндірістік құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қызмет алушылардың спортпен айналысуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Науқастардың бұлшық еттерін босаңсыту, жеңіл қимылдау рефлексін пайдаланып емдеу мақсатында бассейн жұмыс істейді. Сондай-ақ, оңалту іс-шараларын үздіксіз жүргізу мақсатында аудандардан келген  қызмет алушылардың қонуына жағдай жасалған.

Мұнда қызмет алушыларды ыждағаттылыққа, тазалыққа баулу, өз-өзіне қызмет көрсетуін жетілдіру, жаны жаралы жандардың өмір сүруге деген құлшынысын оятып, дүниетанымын кеңейту, әдемілікке тарту, еңбек ету қабілетін арттыруда  әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар, дәрігерлер, аяжандар, психолог, еңбек терапиясы нұсқаушылары секілді 172 қызметкер еңбек етеді. Олар келушілерге тек медициналық және оңалту шараларын жүргізумен шектелмейді. Онан бөлек, ғимарат ішін жарымжан жандарға отбасындағыдай жағдай қалыптастырып, жылылық, әдемілік, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтындай етіп безендірумен айналысады. Оған орталықпен танысу барысында көз жеткіздік.

– Бізге келетін адамдар – ерекше жағдайдағы жандар. Сондықтан мамандарымыз олардың әрқайсының ерекшеліктеріне сәйкес арнайы жоспар бекітіп, сол бойынша жеке-жеке жұмыс жасайды. Қызмет алушыларымыздың әр сағаты, әр сәті жоспарлаулы. Таңертең арнайы жаттығулар жасаумен басталатын әр күн түрлі ем-шараларға толы. Олардың қимыл-қозғалысын дамыту мақсатында мамандарымыз уақытпен санаспай жұмыс істейді. Әсіресе, еңбек терапиясының маңызы зор. Бұл мақсатта сурет салып, қолөнермен айналысудың пайдасы мол, – дейді директор.

Расында ғимарат іші қол еңбегіне толы. Қабырғаларда ілулі тұрған түрлі картиналар, ою-өрнектер, ағаштан жасалған сан алуан мүсіндер адамды еріксіз қаратады. Осындай керемет дүниелердің қызмет алушылардың қолынан шыққанын естігенде тіпті таңғаласың. Өйткені, бәрі сондай шынайы, әдемі.

Еңбек терапиясы бағытында мұнда тігін және ағаш шеберханасы жұмыс істейді. Әйелдер жағы құрақ құрап, кесте тігіп, тоқыма тоқыса, ерлер ағаштан түрлі бұйымдар, мүсіндер жасайды. Арнайы асхана да бар. Онда әйелдер жағы түрлі тәттілер пісіріп, ас дайындайды. Әрине бұл тірліктің барлығы қызметкерлердің көмегімен жасалады.

– Тігін, ағаш шеберханалары қимыл-қозғалысы бұзылған кісілердің қалпына келтіруге көмектеседі. Асханада да әйелдер ас үй шаруасын есіне түсіріп, өз-өздеріне қызмет етуге бейімделеді. Инсульт алған кісілер күнделікті өмірлік дағдыларды ұмытып қалады. Тіпті өз есімін естеріне түсіре алмайды, яғни, жадынан айырылады. Сонымен бірге аяқ-қолдары тартылып, қимылсыз қалады. Еңбек терапиясы осыларды қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, күнделікті үй тұрмысындағы еңбектің өзі – дамудың көзі, – дейді Манат Бектемірқызы.

Әлеуметтік-медициналық, психологиялық қызметтер дәрігердің нұсқаулығымен әр адамның жағдайына қарай жүргізіледі. Қимыл-қозғалысынан айырылған адамдар үшін массаж, басқа да қалпына келтіретін ем-шаралар тағайындалады. Бұл мақсатта механотерапия, локаматтерапия секілді бірқатар ем түрлері кеңінен қолданылады. Мәселен, механотерапия қимыл-тірек қозғалысы бұзылған кісілерге жүруді үйретеді. Арнайы құрылғы арқылы арбаға отырған кісіні алдымен тұруға машықтандырады. Біршама уақыттан кейін ғана аяқты қозғалысқа келтіреді. Бұл жерде үш аппарат бар. Соның бірі – БОС (биологиялық кері байланыс) аппараты. Ем ойын түрінде жүргізіледі. Ол түрлі ойындар арқылы мидағы сигналдардың динамикасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, лохамат аппараты бар. Бұл аппарат республика көлемінде төрт ғана қалада, яғни,  Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және бізде осы орталықта. Құрылғы тірек-қимыл қозғалысты жақсартуға арналған. Адамның физиологиялық жүрісін, ұмытып қалғанын қайта қалпына келтіру аппараты.

Айта берсек, орталықта мұндай заманауи аппараттар баршылық. Сонымен қатар физиотерапия бөлімінде сумен, тоқпен, жылумен емдеу де жолға қойылған.

Орталықтың өз жылыжайы бар. Қызмет алушылардың бос уақытын тиімді пайдалану, еңбекке деген құлшынысын ояту мақсатында ашылған жылыжайда қияр, қызанақ, аскөк, қызылша, қырыққабат егіледі.

–    Жылыжайда негізінен өз қызметкерлеріміз бен қызмет алушыларымыз еңбек етеді. Өз қолымен еккен өнімдерін өздері пайдаланады. Бұл да қызмет алушылардың қимыл-қозғалысының жақсаруына септігін тигізетіні сөзсіз. Сонымен қатар мекеме ауласына қауын, қарбыз, асқабақ егеміз. Жеміс ағаштары мен түрлі саялы ағаштар да, гүлдер де егілді, – дейді директор.

Ауласынан бастап ғимарат ішіне енгенде жанға жайлы жылылықты сезесің. Тап-таза, неше түрлі гүлдермен көмкерілген, қазақы үй тігілген алаң этно-табиғат бұрышы деп аталады екен. Мұнда қызмет алушылар отырып, демала алады. Бұл алаң демеушілердің көмегімен жасалған екен.

Айта кету керек, орталық бірқатар үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста. Қажет кезінде көмек қолын созатын демеушілері де бар. Мәселен, мекеме ауласына «Абзал и К» компаниясы демеушілік жасап, спорттық алаң орнатып берген.

Қазіргі кезде орталық базасында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен БҰҰ Даму бағдарламасының бірлескен жобасы шеңберінде мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді «Модельдік пәтер» құру пилоттық жобасы іске асырылып, алдағы уақытта ашу жоспарлануда.

Орталық жұмысына қызмет алушылар дән риза. Мұны олармен әңгімелесу барысында байқадық. Қала тұрғыны Бауыржан Тұмырзаев І топтағы мүгедек. 2013 жылдан бері осы орталықтан қызмет алуда.

– Мұнда жағдайымыз жақсы. Ем-шараларымызды уақытылы аламыз. Қызметкерлері де кішіпейіл, қарапайым жандар. Көңілімізді бағып, бәйек болып жатады. Біз секілді ерекше жандарға барлық жағдай жасалған, – дейді ол.

Қалалық Айнұр Жәлиева да орталық қызметіне көңілі толатынын жеткізді.

– Мен 2014 жылдан бері осы мекеменің тұрақты келушісімін. ІІ топ мүгедегімін. Бұл жердің ем-домы ұнайды. Барлық жағдай жасалған. Мамандары да білікті, өз ісіне адал жандар.  Басында екі балдақпен келгенмін. Қазір таяқпен жүретін болдым. Орталықта біз тек медициналық көмек алумен шектелмейміз, сонымен бірге мәдени шаралар да көптеп өткізіледі. Менің хоббиім – қолөнермен айналысу. Бұл жерде шектеу жоқ, қалағанымша айналыса аламын. Қайта дамытуға мүмкіндік мол. Орталық қызметкерлеріне алғысым шексіз, – дейді ол ағынан жарылып.

Кейіпкеріміз айтқандай, бұл жерде мәдени қызмет те жақсы жолға қойылған. Біз сөйлескен Бауыржан да орталықта өтетін түрлі мәдени іс-шараларға белсене қатысады. Ол – орталықта өткен шахмат жарысының жеңімпазы.

Мұнда қызмет ететін әр маманның жауапкершілік жүгі ауыр. Өйткені, жарымжан жандардың бабын табу, көңілінен шығу, өмір сүруге деген құлшынысын арттыру оңай емес. Бұл жерде тек өз кәсібін сүйетін, сабырлы, жүрегі мейірімге толы жандар еңбек етері сөзсіз. Мәселен, Ғалия Маханбетова 2014 жылдан бері осы орталықта әлеуметтік маман болып жұмыс істейді. Қарамағында 25 қызмет алушы бар. Солардың ем алып, оңалту шарасынан өтуіне жауапты. Әр қызмет алушыға жеке жоспар жасап, оның орындалуына жұмыс істейді.

–    Әлеуметтік саланың қызығы да, шыжығы да көп. Әрқайсымен тіл табыса келе туыс сияқты болып кетеміз. Қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Өмірден  түңіліп, «Неге мен? Осындай күйге түсетіндей не жаздым?» деп баз кешіп келетіндер көп. Сондай жандарды жылы сөзбен жұбатып, көмек қолымызды созамыз. Ақыл-кеңесімізді айтып отырамыз. Осылайша бір-бірімізге жақын жанға айналамыз. Кейде тіпті отбасы іздемейтін кісілер де болады. Оларға телефон арқылы шығып, кездесу ұйымдастырамыз. Бұл жерді үміт ұясы, үміт мекені» деп атайтындар да бар. Осындай қиындықтарға қарамастан өз мамандығымды жақсы көремін, – дейді Ғалия.

Орталықта уақыт талабына сай фото-видео студиясы ашылған. Онда қызмет алушыларға электронды қызмет түрлері көрсетіледі. Атап айтқанда, электронды цифрлы қолтаңба алуға,  басқа да құжаттарды рәсімдеуге болады. Сондай-ақ, қазір карантин талабына сәйкес қызмет алушыларға сырттағы адаммен кездесуге болмайды. Осы орайда олар студияда отырып,  ZOOM платформасы арқылы туған-туыстарымен, отбасыларымен байланыса алады.

Орталық қызметкерлері мен қызмет алушыларының тынымсыз еңбегі өз кезегінде жемісін беріп те жүр.

– Біздің басты жетістігіміз, жұмысымыздың негізгі көрсеткіші мұндағы қызмет алушылардың қимыл-қозғалысымен  тікелей байланысты. Мысалы, өз-өзіне қызмет көрсетуі жақсарғандар, қосалқы тірек аппараттарын тастағандар, мүгедектігі топтан топқа жақсарғандар деген секілді көрсеткіштермен өлшенеді. Оған көпшілік мәдени-спорттық шараларда алған жетістіктерімізді қосыңыз, – дейді орталық директоры.

Шынында орталық мәліметіне қарап отырып, қол жеткізген жетістіктердің де жеткілікті екенін байқадық. Мәселен, 2012-2021 жылдың 9 ай аралығында 63 адам кресло-қораптарынан аяққа тұруға мүмкіндік алса, 165 қызмет алушы балдақ, ходунок, қосалқы таяқтарын тастаған. 309-ның психоэмоционалдық жағдайы жақсарып, 106 келушінің сөйлеу мәнері дұрысталған. Ал 270 адам тұрмыстық дағдыларға бейімделсе, 128 мүгедек І топтан ІІ топқа, ІІ топтан ІІІ топқа жақсарды. 105 адам түрлі кәсіп ашып, тұрақты жұмысқа тұрған. Қорыта айтқанда, 908 қызмет алушы оң нәтиже берген.

Осындай тынымсыз еңбек арқасында орталық талай марапаттарға да ие болды. Атап айтқанда, ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталса, Ұлттық бизнес-рейтингтер одағы атынан екі рет «Сала көшбасшысы» номинациясын иеленді. Облыс әкімінің «Құрмет грамотасы» мен басқарма берген Алғыс хаттар қаншама?! Ал 2017-2018 жылдары екі жыл қатарынан ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ұйымдастыруымен өткен республикалық «Үздік әлеуметтік мекеме» конкурсында екінші орынды иемденді.

Берекелі істің басында білікті басшы тұратыны белгілі. Бұл орайда мүгедектерді оңалту орталығының басшысы Манат Тілеуованы өз ісінің шебері, ұтқыр ойлы басшы деуге негіз бар. Манат Бектемірқызы – 1996 жылдан бастап әлеуметтік салада еңбек етіп келе жатқан маман. Сондықтан саланың қыр-сырына қанық екені сөзсіз. Оның бойындағы ұйымдастырушылық, еңбексүйгіштік, көпшілдік қасиет ұжымды ұйыстырып, берекелі тірлік тінін тарқатуға септігін тигізуде. Мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндік жасап, олардың оңалуына үлес қосып отырған орталықтың алға қойған мақсаты да айқын.

Бұл жерде еңбек ететін жандар жалпы әлеуметтік қызметкер деп аталады. Қазан айының соңғы жексенбісі елімізде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі деп аталып келеді. Бұл құрылымның қызметі қашан да сұранысқа ие. Өйткені ол – мемлекет қамқорлығын қажет ететін зейнеткерлер мен әлеуеті төмен, ерекше жандарға көмек көрсететін, жауапкершілік жүгі ауыр, кәсіби біліктілікпен қатар адами жақсы қасиеттерді талап ететін үлкен сала. Әлеуметтік қызметкерлердің арқасында тіршілік тынысы тарылып, өмірлік қиын жағдайға душар болған қамкөңіл жандар өмірге бейімделіп, еңсе тіктейді. Өмірге өкпелі, айналасынан жәрдем күтетін азаматтардың қайғысы мен қиындығын солармен бірдей бөлісіп, еңсеруге бірге атсалысатын сала қызметкерлері қандай құрметке де лайық!

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<