Бүгінге дейін облыста коронавирус инфекциясының 7392 жағдайы тіркелді. Басым көпшілігі ауру белгілерімен анықталды. Биылғы мамыр айында ауру көрсеткіші төмендегенімен, маусым айының 16-нан қайтадан арта бастады. Кейінгі апталардағы көрсеткіштерге сәйкес өңір бүгінгі күні «сары аймақта». Эпидахуалдың тұрақсыздығына, аурудың қайта өршуіне үнділік «Дельта» штамының әсері бар деп болжанады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова айтты.
– Бұған дейін вирустық инфекцияларды бақылау жөніндегі референс зертханасына облыстан 22 сынама жолданып, оның 13-нен ықтимал жағдай анықталғаны туралы айтқанбыз. Мутация және оның «Дельта» штамына жататындығын түпкілікті растау ДНҚ үлгілерін толық геномдық секвенирлеу аяқталғаннан кейін белгілі болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша «Дельта» штамы әлемнің 200-ге жуық елінде анықталды. Қазір әлемде коронавирус инфекциясы бойынша төртінші толқынның басталу қаупі тұр. «Дельта» штамының жұғу жылдамдығы алдыңғыларға қарағанда 60 процентке жоғары, 1 науқастан 5-6 адамға бірден таралады. Жүрек-қан тамырлары жүйесін зақымдайды, кереңдікке алып келеді. Балалар мен жүкті әйелдерде ауыр жағдайда өтеді. Коронавирустың алдыңғы түрлері балаларда симптомсыз өтетін болса, бұл штамм 14 жасқа дейінгі балаларда клиникалық белгілерімен тіркелуде. Cоңғы 6 күннің өзінде 10 баладан осы індет анықталды. Созылмалы дерті бар адамдарда ауру ауыр өтеді, – деді ол.
Соңғы зерттеулер көрсеткендей, коронавирустың үнді штамы ауруханаға жатқызу мен өлім-жітімнің жоғары ықтималдығымен байланысты. Инфекциядан қорғану мен ауруханаға жатудан аман қалудың бірден-бір жолы – вирусқа қарсы вакцинаның толық курсын алу.
Өңірде вакцина егу үшін 106 екпе кабинеті, оның ішінде аудандарда 91 кабинет бар. Облыс орталығында 3 егу пункті ірі сауда орталықтарында ұйымдастырылған. 7 мониторингтік топ емдеу мекемелерінде вакциналарды тасымалдауға, «мұздай тізбек» ережелерінің сақталуына, екпе жұмыстарын жүргізуде регламент және санитарлық-эпидемиологиялық талап пен ережелердің сақталуына, екпе алған тұрғындарға медициналық бақылау орнату, мәліметтердің «Вакцинация» модуліне енгізілуіне жүйелі түрде мониторингтік бақылау жүргізіп отыр. Орын алған кемшіліктер облыстық штабта қаралып, қорытындысымен тиісті лауазымды тұлғаларға хаттамалық тапсырмалар берілуде.
Медициналық ақпараттық жүйенің деректеріне қарағанда, егілгендер арасында иммундаудан кейінгі қолайсыздықтар тіркелмеген. Қала, аудандарда «Egov » порталы арқылы өтініш берушілердің саны да өсуде, осы уақытқа дейін тұрғындар тарапынан 11 300 өтініш түскен.
– Аурушаңдықтың өсуі карантин шараларын сақтамай, қауіпсіздік ережелерін елемеуден болып отыр. Тыйым салынғанына қарамастан, түрлі отбасылық шараларды, мерекелерді ұйымдастыру жалғасуда. 167 мониторингтік топ жыл басынан бері 10621 нысанға рейдтік тексеріс жасап, 343 карантин талаптарын бұзушылық анықталды. Нәтижесінде 30 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Эпидахуалды тұрақтандырып, пандемиядан шығудың тиімді жолы – жаппай екпе алу. Ғалымдардың зерттеуінше, вакцина алғаннан кейін пайда болған иммунитет ауырғаннан соң түзілген антиденелерге қарағанда инфекциядан 10 есе жақсы қорғайды. Әлемдегі, республикадағы аса күрделі эпидахуалды ескеріп, «Дельта» штамының бірнеше есе қауіптілігін қаперге алып, көпшілік жерлерге бармауға кеңес береміз, мерекелік іс-шараларды онлайн форматта өткізуді ұсынамыз. Сақтық шараларын орындау арқылы өзіңіздің, жақындарыңыздын денсаулығын қорғай аласыз, – дейді Динара Олжабайқызы.
Айнұр Батталова,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<