Өтіп бара жатқан жылдағы коронавирус пандемиясы қалыпты өмір салтымызға елеулі өзгеріс әкелгені белгілі. Қоғамның қай саласы да қалыптасқан жағдайға бейімделуге мәжбүр болды. Әсіресе, медицина саласына оңай соққан жоқ. Мемлекеттің басты байлығы адам десек, адамның басты байлығы денсаулығы екені анық. Қауіпті індетпен күресте медицина мамандары әрбір тұрғынның саулығы, амандығы үшін аянбай еңбек етті.
Аталған кесел, әсіресе қарттар, жас балалар және жүкті әйелдер үшін аса қауіпті екені белгілі. Осы орайда тұрғындардың бұл санатын аурудан аман сақтау үшін бірқатар сақтық шаралары енгізілгені белгілі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Анар Шүкірованың айтуынша, биыл пандемияға байланысты жүкті әйелдерді қашықтан бақылау енгізілді. Оның үстіне 790 медицина қызметкерінің індет жұқтыруы да біршама қиындықтар туғызған. Алайда облыстың демографиялық дамуында бала туу көрсеткіші оң динамиканы құрады. Нақтырақ айтқанда, биыл 11 айда өңірде 19497 нәресте дүниеге келіп, былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда 2293-ке артқан (17204).
Ал індет таралғалы облыста 216 жүкті және босанған әйел ауруға шалдыққан. Оның 135-і облыстық және аудандық деңгейде асқынусыз босанған.
– Республикада алғашқы болып коронавирус инфекциясына шалдыққан жүкті әйел біздің облыста босанды. Барлық сақтық шаралары мерзімінде ұйымдастырылып, соның нәтижесінде ана мен баласы аман-есен үйіне шығарылды. Сонымен қатар босанған 135 әйелдің тек төртеуінің нәрестесінде ғана, яғни, 4 жаңа туған сәбиде коронавирус инфекциясы анықталып, симптомсыз ағымда өтті. Кейіннен аурудан айығып, үйлеріне шығарылды. Жалпы, жаңа туған нәрестелер арасында COVID-19 инфекциясынан өлім жағдайы тіркелген жоқ, – деді ол.
Анар Әлиқызы пандемия кезінде жағдай бақылауда болғанымен, жалпы алғанда биыл республика бойынша ана өлімі көрсеткішінің өскенін айтады.
– Биыл жалпы республика бойынша ана өлімінің көрсеткіші 100000 тірі туған сәбиге шаққанда 37,3-ті құрап, былтырғы көрсеткіштен 3 есе өсті. Өлім-жітімнің 66 проценті (98 жағдай) маусым-тамыз аралығында орын алған. Өңірде де көрсеткіш 60,8 болып, едәуір жоғарылады, – дейді ол.
Маманның мәлімдеуінше, облыстағы ана өлімінің себебін анықтағанда 83,3 проценті жүктілікке байланысты емес аурулардан болған. Олардың ішінде 58,3 проценті коронавирус инфекциясына шалдығып, асқынулардан қайтыс болған.
Бүгінде облыста ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер денсаулығының индексі республикалық көрсеткіштен 3 есе төмен болып, 11 процентті құрайды екен, ҚР деңгейінде – 30 %.
– Жалпы, аймақта ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер саны – 165694, бұл барлық әйелдердің 24 процентін құрайды. Ана мен бала денсаулығын жақсарту мақсатында қаншама жұмыстар атқарылып жатыр. Әсіресе, жүктілікке дайындық шараларына барынша көңіл бөліп келеміз. Соған қарамастан жүктілік кезінде созылмалы аурулары асқынатын әйелдердің үлесі жоғары болып қалуда. Мәселен, облыста ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер арасында жүктілікке қарсы көрсеткіші бар нәзік жандылар үлесі – 1,9 %. Ал Жалағаш ауданында бұл – 3,9, Аралда – 2,9, Қазалыда – 2,9, Сырдарияда – 2,2 процентті құрайды. Жүкті әйелдер арасындағы анемия көрсеткіші орташа республикалық көрсеткіштен 2 есе жоғары болып тұр. Соның салдарынан жүктіліктің, босанудың және босанғаннан кейінгі асқыну жыл сайын өсуде, – дейді Анар Әлиқызы.
Сондай-ақ, амбулаториялық деңгейдегі тексеру нәтижесінде әйелдердің 66,6 процентінде бүйрек аурулары мен анемия, экстрагениталдық патологиялар кездескен.
Ал биылғы 11 айда сәби өлім-жітімі 1000 тірі туған балаға шаққанда былтырғымен салыстырғанда 11,8 процентке жоғарылаған. Сәби өлімінің негізгі себебіне перинатальды кезеңде дамитын аурулар, яғни, туу барысында, туғаннан кейін орын алатын асқынулар мен туу кезіндегі аурушаңдық жатады. Туа біткен ауытқулар былтырмен салыстырғанда 7,6 процентке төмендеген.
– Өлім жағдайларының негізгі себептері жүктілік кезіндегі асқынулармен байланысты. Сонымен қатар, әйелдер денсаулық индексінің төмендігі де өз әсерін тигізуде. Әсіресе, құрсақішілік ұрықтың өлу себебі де осы. Биыл құрсақішілік ұрық өлімі былтырмен салыстырғанда 12,4 процентке өсіп отыр. Ал 5 жасқа дейінгі бала өлімінің көрсеткіші былтырғымен бір деңгейде, – дейді Анар Шүкірова.
Пандемия кезінде облыста 17 жасқа дейінгі 75 бала коронавирус инфекциясына шалдығып, оның 85 проценті орташа түрімен ауырған.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<