Әлемді шарлаған коронавирусты еңсерудің жалғыз амалы – вакцина екені даусыз. Облыста індеттің алдын алу мақсатында ұжым болып екпе салдырғандар саны артып келеді.
Ішкі саясат басқармасының облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі қызметкерлерінің 90 проценті вакцина салдырды. Олар өзара таңдау жасап, бірі ресейлік «Спутник V» вакцинасын, бірқатары қытай технологиясы бойынша өндірілген араб елінің Hayat Vax вакцинасын, сонымен қатар қазақстандық өнім QazVac вакцинасын да қабылдады.
Бүгінде екпенің екі кезеңін де толықтай қабылдаған мамандар денсаулығында өзгеріс байқалмағанын, теріс әсері болмағанын, вакцинадан кейін өздерін жақсы сезінетіндіктерін айтты. Олардың пікірінше, жаппай вакциналау арқылы ұжымдық иммунитет қалыптасқанда ғана коронавирусты жеңуге болады.
Сонымен қатар, орталық ғимаратында 16 маусымнан бастап COVID-19-ға қарсы вакциналау пункті ашылды. Онда орталық қызметкерлерімен қатар, сол жағалау тұрғындары және сол маңдағы мекемелер – «Болашақ» университеті, «Рухани жаңғыру» орталығы, «Оrda school» мектебі, «Ханшайым-ана» балабақшасының қызметкерлері вакцина қабылдауда. Пункт ашылғаннан бері 80-ге жуық адам екпе ектірді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<