Вакцина оразаны бұзбайды – ҚМДБ

687

0

Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы вакцинаның оразаны бұзбайтынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Muftyat.kz ресурсының жазуынша, шариғат бойынша кез келген нәрсе табиғи жолдар (ауыз, мұрын, тік ішек) арқылы ішке кірсе, оразаны бұзады.

Ал дене арқылы кірсе, оразаны бұзбайды. Бұл туралы «Фәтауа Һиндия» кітабында «Терідегі ұсақ тесіктер арқылы май секілді заттың ішке кіруі оразаны бұзбайды» делінген (1 том, 266-бет).

Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед (Алла оларды рақым етсін) бұл жайында:

«Қарындағы және бастағы терең жараны емдеу оразаны бұзбайды. Өйткені (ораза бұзылу үшін оған қолданылатын) дәрі ішке негізгі (табиғи) жолдармен баруы шарт. Ал ішке баратын жолдың тығыздығынан және емделу барысында оның бітеліп қалуынан жара арқылы дәрінің ішке жетуі екіталай», – деп тұжырым жасайды («Әл-фиқһ әл-ханафи уә адилләтуһу», 1/392).

Имам Әбу Ханифа (Алла оны рақым етсін): «Қарындағы немесе бастағы терең жараны емдегенде дәрі ішке немесе бас миға жетеді және ол оразаны бұзады», – деп ескерткен («Әл-һидая шарху бидаят әл-мубтади», 1/557).

Қазіргі заман ғалымдары екпе арқылы салынатын дәрілерді ас-су сияқты денеге азық, қуат болатын және емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) етіп, екіге бөліп қарастырады.

Олар: «Тері астына және бұлшық етке емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) ине салса, ауыз ашылмайды», – деп айтады.

Бірақ көк тамырға екпе салу (қан құюдан басқа) мәселесінде ғалымдардың көзқарасы әртүрлі.

Ғалымдардың көбі «Тамырға салынатын ине денеге қуат, азық болмаса, ораза бұзылмайды» дейді («Әл-муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи», 276-бет).

Екпе (вакцина) – бактерия, вирус секілді микроорганизмдерден алынып, адам организміне жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препарат.

Ол қажетті азық немесе организмге қуат беретін дәрумен емес. Сондықтан адам денесіне (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) инемен екпе егу оразаны бұзбайды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<