Коронавирусқа қарсы вакциналау жұмыстарының басталғанына бір айға жуықтады. Індетті тоқтатудың бірден-бір жолы – вакцина. Десек те, вакцинаның емханаға жеткізілуі, сақталуы турасында тұрғындар арасында түрлі пікір бар. Сондықтан облыстық орталықтандырылған вакцина сақтау қоймасына арнайы бардық.
№6 қалалық емхананың аумағында орналасқан қоймада тек коронавирусқа қарсы ғана емес, басқа да вакциналар сақталады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов екпе егу барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бойынша жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Вакцина -20 градуста сақталатындығымен ерекшеленеді. Ал оны жеткізу жұмысын «СК-Фармация» жүзеге асырады. Алдымен әуе тасымалы арқылы Шымкент қаласындағы қоймаға жеткізіліп, арнайы авторефрижератормен Қызылорда қаласындағы облыстық орталықтандырылған қоймаға әкелінеді. Арнайы дайындалған 12 мұздатқыш бар. Олар – медицинада пайдалануға болатын, валидациядан өткен құрылғылар. Температуралық режим міндетті түрде бақыланып тұрады. Аймақ бойынша 14 вакциналау орталығын дайындап отырмыз. Оның үшеуі жұмысқа қосылған. Екінші кезеңнің вакцинасы 26 ақпанда жеткізіледі деп жоспарлануда. Межеленген уақытта келсе, 1 наурыздан бастап 14 егу бөлімі жұмысқа қосылады, – деді ол.
Вакцинаны қалалық емханаларға тасымалдау үшін арнайы термоконтейнерлер сатып алынған. Контейнерлер ішінде хладоэлемент деп аталатын, температураны -20 градуста ұстайтын құрғақ мұздар бар. Мұндағы термоконтейнерлер осы температураны 6-8 сағатқа дейін ұстап тұрады.
– Аудан орталықтарына вакцинаны температураны қадағалайтын құрылғылары бар авторефрижератормен жеткізуді көздеп отырмыз. Онда да мұздатқыштар бар. Оған қоса облыстық әкімдік резервінен 43 млн теңге ақша бөлініп, бүгінде 24 млн теңгеге қосымша 23 мұздатқыш, 46 термоконтейнер сатып алуды жоспарлап отырмыз. Конкурстық рәсімдер өткізілді. Құрылғылар 26 ақпанда жеткізіледі деп жоспарлануда, – деді басқарма басшысы.
Ал, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова облыстық орталықтандырылған вакцина қоймасында 3 тоңазытқыш камера барын атап өтті. Олардың өзінде температураны бақылайтын термометрлер бар. Жауапты маман заң талаптарына сәйкес екі мезгіл температураны бақылап отырады. Айта кету керек, тоңазытқыштардың барлығы автоматтандырылған түрде генераторға қосылған. Жарық сөніп қалған жағдайда да жұмысын жалғастыра береді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<