Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасында кешегі жағдай бойынша «қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан қаласы тұрса, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары «сары аймақта». Қалған өңірлер «жасылда».
Республика бойынша 2587884 адам вакцинаның І компонентін салдырса, ІІ компонентпен қамтылғандар саны 1480309 адамды құрады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Коронавирустың таралуына қарсы ведомствоаралық комиссия әлемдегі эпидемиологиялық ахуалға шолу жасады. Мәселен, 13 маусымда Колумбияда індет жұқтырғаны анықталған науқастар арасындағы өлім-жітімнің ең жоғары көрсеткіші тіркелген. Бір тәулік ішінде инфекцияның 28519 жағдайы анықталып, 586 адамның мерт болғаны расталды. Мемлекетте бүгінге дейін барлығы 3,7 млн адам коронавирусқа шалдықса, олардың 96 мыңға жуығы қайтыс болған.
Индонезияның Пеканбару қаласының билігі вакциналау қарқынын жеделдетті. Мұнда адамдарды арнайы жабдықталған автобустарда еге бастады. Ол көліктер коронавирусқа қарсы препараттың 12 мыңға жуық дозасын тасымалдайды. Бұл күн сайын мыңнан астам тұрғынға екпе салуға мүмкіндік береді. Бүгінде аталған елде вакцинаның екі компонентін 12 миллионға жуық адам салдырған. Келер жылы бұл көрсеткішті 80 миллионға арттыру көзделуде.
Ал Түркияға ресейлік «Спутник V» вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілді. Ел билігі ресейлік препараттың вакциналауды тездетуге ықпал ететінін атап өтті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы төрт күнде Түркияда 200 мың адам инфекция жұқтырды, жаңа ауырғандардың саны өсуде.
Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсон былтыр наурызда пандемияға байланысты енгізілген барлық шектеулерді жеңілдету шараларын бір айға шегерді. Барлық шектеулер 21 маусымда алынады деп жоспарланған болатын. Алайда үкімет Ұлыбританияда коронавирустың үнді штаммының таралуына байланысты «тағы біршама уақыт күткен дұрыс» деп санайды. Енді шектеулер 19 шілдеде жеңілдетіледі деп күтілуде. Премьер-министрдің мәлімдеуінше, оған дейін елдің барлық ересек тұрғындары вакцинаның алғашқы дозасын алады деп жоспарланған.
Филиппиндегі Манила медициналық жоғары оқу орындарының студенттері елдегі эпидахуалға қарамастан, күндізгі оқуға оралды. Оралмас бұрын студенттердің барлығы вакциналанған болатын. Алайда олар үшін аудиторияларда бетперде кию талабы алынған жоқ.
Ал еліміздің Денсаулық сақтау министрі А.Цой Ресейдегі COVID-19 бойынша қолайсыз жағдайды ескере отырып, вакциналау қарқынын арттыру шараларын қабылдауды сұрады.
Соңғы аптада ТМД елдерінде, оның ішінде Ресейде коронавирус инфекциясының өткен аптамен салыстырғанда 1,5 есеге өскені байқалды. Нәтижесінде қосымша шектеу шаралары енгізілді.
Еліміз 6 маусымнан бастап «жасыл аймақта» орналасқан. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл аймақта». Бұл ретте, алдыңғы аптамен салыстырғанда сырқаттанушылық 7 процентке, 1365-тен 1461 жағдайға дейін өскені байқалады. Жалпы соңғы аптада ауру жұқтырғандар саны 8,5 мыңнан 7 мыңға дейін немесе 16 процентке төмендеген.
Алайда министр елде вакинациялауды арттыру, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын күшейту керектігін айтты. Осы орайда елдің бас мемлекеттік саитарлық дәрігері Ерлан Қиясов қазақстандықтарға үндеу жасады.
«Жаһандағы коронавирус инфекциясына қатысты жағдайды болжау қиын болып барады. Қазір барлығы СOVID-19-дың үшінші толқыны туралы айта бастады. Вакциналау деңгейі төмен елдерде инфекция үрейлі қарқынмен өсуде. Бүгінгі күні әлемде 176 миллионнан астам оқиға және күн сайын 290 мыңнан астам жаңа фактілер тіркеледі. 3,8 миллионнан астам адам қайтыс болды. Өкініштісі, Қазақстанмен шекаралас елдерде қауіпті жағдай қалыптасуда. Ресейде, Қырғызстанда өткен жылмен салыстырғанда ауру санының рекордтық өсімі тіркелген» – деді ол.
Сондай-ақ, «маусымдық фактіні, демалуға деген ұмтылысты ескере отырып, мен азаматтарды өз өмірі мен жақындарыңыздың денсаулығын вирустан қорғауға шақырамын. Тек вакциналау ғана қорықпай, отбасыңызбен саяхаттауға, демалысты жоспарлауға мүмкіндік береді. Демалысты жоспарламас бұрын вакцина алыңыз, сонда жазғы саяхаттан бас тартпай, рахатқа бөлене аласыз. Вакцинация еш кедергісіз елге кері қайтуға, өзіңізді және жақындарыңызды қорғауға мүмкіндік береді» деді бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.
Ал біздің өңірде бүгінде 107344 тұрғын вакцина алды. Өткен тәуліктің өзінде аймақта 2386 адамға коронавирусқа қарсы екпе салынды. Қазіргі кезде вакцинаның І компонентін 107344 адам алса, ІІ компонентімен 54232 тұрғын қамтылды.
Айта кетейік, өткен аптада ауруға шалдыққан науқастар және олармен байланыста болған адамдар үшін оқшаулаудың міндетті режимін көздейтін санитариялық-эпидемиологиялық талаптар күшіне енген болатын. Белгіленген талаптарды орындамағаны үшін оқшаулау режимін бұзушыларға 30 АЕК немесе 87 510 теңге мөлшерінде айыппұл салынады (ҚР ӘҚБтК 452-бабы).
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәліметіне сүйенсек, елімізде Ashyq жүйесі бойынша анықталған «қызыл» мәртебесі бар 165 адам өзін-өзі оқшаулау режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Республикада карантиндік шектеулердің сақталуын бақылайтын мониторингтік топтардың жұмысы жалғасуда. Бүгінде Қазақстанның барлық өңірлерінде 1,8 мыңнан астам мониторингтік топ жұмыс істейді.
Жүргізілген жұмыс барысында мобильді топтар нысандарда карантиндік талаптарды бұзудың 17 043 оқиғасын анықтады. 13 маусымдағы жағдайға сәйкес шектеу шараларын, оның ішінде карантинді бұзғаны үшін 16 712 адам жауапкершілікке тартылды. Бұл ретте 9 670 кәсіпкерге қатысты жазалау шарасы қолданылды. Өндірілген айыппұлдың жалпы сомасы 1 352,2 млрд теңгеден асады. Сотқа 310 материал жіберілді.
«Мұнымен қоса, 10 маусымнан бастап Ashyq жобасына қатысатын нысандарда «қызыл» мәртебесі бар 165 және «сары» мәртебесі бар 168 адам тіркелген. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары оқшаулау режимін бұзушы «қызыл» мәртебесі бар азаматтарға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғау бойынша жұмысты бастады», – деді комитет мамандары.
Денсаулық сақтау министрлігі Ashyq жобасы теміржол вокзалдары мен әуежайларда да енгізілетінін айтқан болатын. Бүгінде ол бойынша жұмыстар қолға алынуда.
«Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» демекші, кеселмен күресудің, індетті жеңудің бірден-бір жолы – вакцина екенін бүгінде әлем болып мойындадық. Ендеше ел болып жұмылып, екпе алып, еңсе тіктеуден басқа жол жоқ.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<